Шымкент • 17 Қазан, 2023

Билік пен бизнес диалогі

194 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жаңадан тағайындалған Шым­кент қаласының әкімі Ғабит Сыз­дықбеков басшылықтың тіз­гі­нін қолға алғалы әртүрлі сала өкіл­дерімен мәселе талқылау үшін бірнеше мәрте кездесу өткізді. Алдымен ардагерлермен, сосын журналист, блогерлермен, кейін мәдениет саласының майталмандарымен жүздесті. Жуырда өткен тағы бір жиында кәсіпкерлермен кездесті.

Билік пен бизнес диалогі

Бұл жиынға іскер азаматтармен бірге прокуратура, салалық басқар­масының, кәсіпкерлер палатасының басшыла­ры шақырылды. Ұзын-ырғасы басқосу­ға 150-ге жуық адам қатысты. Кездесу гал­с­тук­­сіз еркін жағдайда өткен соң биз­­нес­мендер көкейде жүр­ген көптеген проблемасын өңір басшысына ірікпей жеткізді.

Алдымен сөз алған шаһар басшы­сы былай деп айтты. «Кәсіпкерлікті алға жылжыту – нарықтық экономиканы күшейтудің кепілі. Осыны ұстанған мемлекетіміз бүгінде шағын және орта бизнестің дамуына барлық жағдай жасап отыр. Біз, жергілікті атқарушы билік тарапынан қала экономикасын жақсар­ту үшін маңызды, бәсекеге қабілетті жобаларды қолдауға барынша ықпал жасаймыз. Ал кәсіпкерлер бизнестің әлеуметтік жауапкершілі­гін сезіне отырып, бұл бағытта жемісті еңбек етулері қажет», деді ол.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова ұйымның жұмысы, бизнес саласы туралы біраз жайттан хабардар етті. Айталық, мегаполисте шағын және орта кәсіпкерлік субъектісінің саны 130 мыңнан асады. ШОБ-та жұмыспен қамтылған тұрғындар саны 214 мың адамды құрайды. ШОБ өндірген өнім көлемі 517,8 млрд теңгеге жетті. Ол қаланың жалпы өңірлік өнім үлесінің 50 па­йыздан астамына тең. Кәсіпкерлер мүддесін қорғау бойынша ұйым биыл нәтижелі жұмыстар атқар­ды. Палата жанынан ашылған 7 салалық кеңес бар. Ол экономиканың басты бағытта­рын қамтиды. Кеңесті құрудағы мақсат – бизнестегі негізгі проблемаларды анықтап, сарапшылармен талқы­лап, шешу жолдарын қарастыру. Кеңеске шаһардағы табысты кәсіпорын басшылары мен белсенді кәсіпкерлер мүше. Олардың жалпы саны – 250 адам. Жыл басынан бері салалық кеңес­тер 50 отырыс өткізген, 70 мәселе қараған. Рес­публикалық деңгейде – 16, жергілікті бо­йынша 13 проблема талқылады. 26 мәселе шешімін тапса, қалғаны әлі қа­ралып жатыр.

Палатаның кәсіпкерлер құқығын қорғауға прокуратура көмегін көрсе­теді. Прокуратура басқармасы бас­ты­ғының орынбасары Айдархан Дома­товтың мәлімдеуінше, құзырлы орган салық мекемесінің 3 027 бұйрығының күшін жойған, 119 кәсіпкердің 200 миллион теңгеден аса материал­дық құқығы қорғалды. 6 сала басшысы әкім­шілік жауапкершілікке тартылды.

Ал кәсіпкерлік және индустрия­лық-инновациялық даму басқармасы­ның басшысы Біржан Әзімбердиев 2023 жыл­ға кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржы 19 миллиард теңгеден асқанын айтты. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлт­тық жоба аясында – 18,4 миллиард теңге, «Іскер қала» бағдарламасы бойынша 1,3 миллиард теңге қаралған.

Жиында талқыға түскен мәселеге келсек, палатаның білім саласы кеңе­сінің төрағасы, «The English School» ЖШС құрылтайшысы Мақсат Абду­ка­римов жеке мектептерде оқитын ба­ла­ларға материалдық көмек көрсету жа­йын сөз қылды. «Жыл сайын білім беру ұйымдарында оқушылардың тама­ғына бюджеттен ақша бөлінеді, ал жекемен­шік мектептерде оқитын бала­ларға қар­жы қарастырылмаған. Бү­гінгі таңда ша­һарда 120-дан аса жеке­меншік мектеп бар, онда жан ба­сы­на қаржыланды­ру бағ­дарламасы­мен 40 мыңнан аса бала оқи­ды. Осы мәселеге орай жеке мектеп­тер аты­­нан Үкі­метке, Оқу-ағарту ми­нис­трлігі­не қаулыға өзгеріс енгізу туралы өті­ніш хат жібердік», деді.

«LSM kz» ЖШС құрылтайшы­сы Ноян Төлегенов те жарыссөзге шық­­ты. Ол соңғы екі жыл бизнес үшін қиын болғанын, шағын және ор­та кәсіпкерлік өкілдерінің біразы шы­­ғынға ұшырағанын айтып берді. Осы­ған байланысты бөлшек салық мөл­шерлемесін төмендету ШОБ дамуына серпін беретінін мәлімдеді. Сон­дықтан қалалық мәслихат бөлшек са­лық мөлшерлемесін 4%-тен 2%-ға тө­мендету мәселесін қарауды сұра­ды. Кәсіп­керлер палатасы өңірлік кеңе­­сінің мүшесі, денсаулық сақтау са­ласы кеңесінің төрағасы Бекайдар Нұр­машевтың айтуынша, қалада ха­лық саны өсіп келеді. Сол себепті меди­циналық ұйымдардың төсектік орын­дар санын 6 мыңға жеткізу қажет. Шымкент еншісін алып кеткенімен, Түркістан облыстық медициналық мекемелері мегаполис­тен әлі көшпеді. Бұл да төсектік орын жетіс­пеушілігіне кері әсерін тигізіп жатыр. Өйткені нау­қасты қарауда, стационарға жат­қызуда басымдық бірінші кезекте облыс тұр­ғындарына беріледі.

Басқосуда «Қазтермопласт» ЖШС басшысы Қанат Досымов та сөз алып, «Жұлдыз» индустриялық ай­ма­­­ғын­дағы электр жарығының же­тіс­пеу­ші­лігіне тоқталды. Ол ин­дустриял­ды аймақта жалпы құны 160 млрд теңге­нің үстіндегі 50-ге жуық жо­ба­ның іске асырылып жатқанын баянда­ды. Әл­бетте зауыт-фабрикаларды уақтылы іске қосу үшін қуатты электр энергия­сы қажет. Ал ол, өкінішке қарай, ин­дустриялды аймақта болмай тұр. Со­ны­мен бірге «Байтерек агро» АӨК төр­­ағасы Тахирбек Нишанбаев сүтті бағыттағы фермалардың несие ала алмай жатқанын баяндады. Себебі «Агро несие корпорациясының» талабына сай шаруа қожалығының меншігінде өзінің немесе жалға алған жайылым жері болу керек екен. Бір қызығы, Жер кодексінде республикалық маңызы бар қалалар­да­ғы жайылым жер деген санат мүлдем жоқ. Осы ретте шаруа Еуропа елдерінен әкелінген асыл тұқымды ірі қара малға жайылым жердің қажет емес екенін айта­ды. Сондай-ақ жиында «Retail Stores Kazakhstan» ЖШС бас директоры Наргиза Керимбаева Шымкенттегі интернет мәселесін көтерді. Қала аумағы ұл­ғайып, кәсіпкерлік нысан көбейген, деген­мен соған сай интернет және ұялы бай­ланыс сапасы көңіл көншітпей отыр, дейді.

Жиналыста салалық басқарма бас­шылары кәсіпкерлер аузынан шық­қан барлық проблеманы қойын дәп­тер­лері­не жазып алды. Шаһар бас­шысы көтеріл­ген мәселелерді ше­шуге күш салатынын жеткізді. Со­сын бизнес өкілдерін қала экономика­сын жандандыруға, им­порттық тәуел­діліктен арылуға, отан­дық өн­дірісті дамытуға, халықтың тұр­мысын, әл-ауқатын арттыруға, тұрақты жұмыс орын­дарын ашуға, басқа да әлеу­меттік қиын­­дықтарды бірлесіп еңсеруге ша­қырды.

Билік пен бизнес арасындағы еркін диа­­­лог дәстүрлі үрдіске айналатын болды.

 

ШЫМКЕНТ