Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Қазақтың маңдайалды композиторы Нұрғиса Тілендиев пен қазақтың айтулы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылық тандемінен туған «Құстар әні» туралы ой толғамаған, қалам тербемеген кісі кем-ау... Ескірмейтін есті әнді тыңдаған сайын тұңғиық ойдың түбіне түсіп кеткендей бір ғаламат күйді бастан кешетінің анық. Көңілің көк пен жердің ортасында тұрғандай болады.
Әйгілі шығарма хақында ой өрбіткенде Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің жазбасы жиі еске түседі де, көңілдегі ой төркіні жаңа бір арнаға бұрылып кетеді. Шедевр шығарманың әлдебір силлабикалық күшпен жазылмағанын түсінесің. Өйткені мұнда адам өмірінің түпкі мәні тұр. Ән мәтініндегі философия сонысымен құнды.
«Панфилов паркін кесіп өтпек болып, қалалық музейдің биік мұнарлы үйіне тақап келе бергенде... композитор көзі тырнаға түседі: үйірінен адасып қалған жалғыз тырна. Байғұс әлде ауру, әлде жаралы. Ар жағынан қанатын сөлекет қағып, қатты жел астында бойын билей алмай қалбалақтап ұшып кеп, музей үйінің мұнарасына шаншылған ұзын сырықтың ұшар биігіне қона кетеді. Сол-сол-ақ екен, әлдеқайдан бір қарға шыға келеді. Оның барқылдаған байбаламын есіте салысымен тез құлақтанған төңіректегі қара қарғалар жан-жақтан далпылдап келе бастады. Басында біреу болса, енді қара пәлелердің қарамы көбейіп, әне... екеуі, үшеу, төртеу... он, жиырма, отыз. «Көп қорқытады, терең батырады». Көп қарға үйірінен адасқан тырнаға жабылып, қайта-қайта шүйлігіп төніп кеп, қанатымен қағады. Төсімен соғады. Ал жалғыз тырна көтеріліп ұшып кетуге әл-дәрмені жоқ па, әйтеуір қанаты салбырап, сырық ағашты аяғымен қысып, жанталасып жабыса түседі».
Композитор осы көріністен кейін «Құстар әнін» жазды. Бұл – кісі жанын бір жанып өте шығатын әншейін өткінші соқпа сезім емес. Мұнда адам баласының тірлігінде кездесетін терең тербеніс, толғаныс түйінделіп, тыңдаушысын ойға, санаға қарай жетелейді», депті Әбдіжәміл Нұрпейісов әннің шығу тарихы туралы толғанып.
«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.
Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал адамдар күліп бастап өмірді,
Кетерінде жылай да алмай қалады.
Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктем де.
Өскен жерін қимай кетіп барады,
Өскен жерге сыймай кетіп барады»,
деген шумақтар, расында да, өміршең екеніне ешкімнің таласы жоқ.
Әуелде Қазақстанның халық әртісі Роза Жаманованың даусымен тыңдарман жүрегіне жеткен шығарма Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Майгүл Қазтұрғанованың шырқауында да өнерсүйер қауымды түбі жоқ терең ойдың жетегіне тарта түсті.
Көп анықтың ішіндегі бір анығы сол, шын өнер ешқашан өлмейді. Қазақ даласының әр қиырында талай марғасқалардың сан түрлі даусымен шырқалған «Құстар әнін» қазіргі таңда жұрт zet ұрпақ атап кеткен жаңа буынның стилдік өзгерістерге салып шырқағанын да көріп жүрміз. Баз бір шығармалар темпі өзгерсе де, өзгермесе де солғын күйінде қала береді ғой. Тек өзгерген ырғақ қана адам санасына жеңіл-желпі әсер етіп жатады...
«Құстар әні» жас орындаушылардың жаңа мәнерінде орындалса да, әннің әуеніндегі құдіретімен, мәтіндегі қуатымен адам жанының қалтарыс-бұлтарысындағы сезім пернелерін бастапқы қалыпта оята түседі.
Расында да, «Құстар әні» айналаға енжар, самарқау қарайтын адамның жүрегін де жұлқып жіберетін күшке ие. Әннің ішкі қуаты кез келген кісінің бойындағы өліп кеткен жасушаларды оятып, оның ойын талғамның жаңа бір биігіне, танымын жаңа бір кеңістікке жетелей түсетіні даусыз.
Ірілер алыстаған сайын биіктей беретіні ақиқат. Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиев сөз бен саздың мәңгілік сардары болып қала беретініне ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі құламайды, қазақ өнерінің Эвересін ешкім алмастыра алмайды. Бұл енді дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома секілді.
Уақытында әйгілі композитор фәниден бақиға көшерінде өзін дәл осы әнмен шығарып салуды аманаттаған екен. Соған қарағанда қазағының көңілінен көшпейтін, жүрегінен өшпейтін шығармасының құдіретін өзі де сезген-ау...