Аймақтар • 17 Қазан, 2023

Қасымның жырын жалғаған

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағандыда дауылпаз ақын Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық дәстүрлі мүшәйра өтті. Мүшәйра шарты бойынша өлеңдер 20-35 жас аралығындағы ақындар арасынан іріктеліпті.

Қасымның жырын жалғаған

Әр автор Қасымға арнау және еркін тақырыпта жазылған екі өлең, барлығы үш туындыдан ұсынған. Қазылар алқасы өлең­нің идеялық мазмұнына, көркем­дік сапасына, авторлардың сөз саптау мәнері мен стильдік ерек­шелігіне назар аударды.

Дәстүрлі мүшәйраның бас жүлде­сі Баянауылдан қатысқан жас ақын Жоламан Әйткенге бұйырды.

– Студенттік шағым Қара­ған­дыда өтті. Е.Бөкетов атын­да­ғы Қарағанды университеті­нің түлегімін. Мұнда көп­теген әдебиетші ғалымдардың тәлім-тәрбиесін алдық. Қарағанды­ның әдеби ортасы да көп дүние үйретті. Жалпы, Қасым жырларынан алар тағылым көп, – дейді Жоламан Әйткен.

Өлең додасында қарағанды­­лық ша­йыр Ерік Нарын I орынға ие бол­са, ІІ орын аста­налық Айдын Байыс пен Сәтбаев қаласынан қатысқан Мақ­пал Сабырға бұйырды.

Ал үздік үштікке қостанай­лық Ба­қыт­­­жан Әлкебаев пен Балғын Апбас­хан ілікті. Ынта­ландыру сыйлығын Шет ауданы, Ақой ауылынан келген Абай Кәлім, қарағандылық Кәмшат Ха­сен және сәтбаевтық Мәди Олжабай иеленді.

Жүлдегер ақындар ортаға шығып, өлеңдерін оқыды. Жас ақындардың жалынды жырлары көрерменге рух сыйлады.

 

Қарағанды облысы