Тарих • 18 Қазан, 2023

Декларация сабақтары

332 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тарихи құжат қабылданған уақыттан бері декларация туралы ондаған монография, жүздеген ғылыми мақала жазылып, арнайы диссертациялар қорғалса да, оның мәні мен мағынасы туралы пікірлер әлі толастаған жоқ.

Декларация сабақтары

Жоғарғы Кеңестегі декларацияны талқылау сәті. Мінбеде – академик С.Зиманов

Бір қызығы, 1920 жылы «Қазақ автономиялық кеңестік республикасы еңбекшілері құқығының декларациясы» да осы қазан айында, дәлірек айтқанда – 6 қазанда қабылданыпты.

Декларация деген не және оның ұлттық заңнамадағы орны мен рөлі қандай деген сұрақтар төңірегінде ой өрбітіп көрейік.

Декларация – заң емес, бірақ ол – ұлттық заңнамаға берік іргетас бол­ған тарихи құжат. Бұл туралы оның қабылдануына зор еңбек сіңірген қай­рат­кер тұлға Е.Асанбаевтың: «Дек­ларация стала первым в истории Казах­стана документом, который целостно, в комплексе решил все вопросы статуса республики как самостоятельного государства и закрепил его в строгой правовой форме», деген пікірімен келіспеу қиын.

Декларация қабылданған күні түнде академик С.Зиманов оның мән-мағынасы жөнінде тақырыбының өзі көп жайдан хабар беріп тұрған «Документ исключительной важности» деген мақала жазып, республикалық баспасөз бетінде жариялады. Кейінірек тақырып аясын кеңейтіп, «Декларация о государственном суверенитете Казахской ССР была историческом актом Конституционного значения» деген толымды еңбек жазып, ол көптомдық шығармалар жинағында жарық көрді.

Декларацияның ерекше маңызды­лығына аса көрнекті заңгер ғалымдар – академиктер М.Баймаханов, С.Сартаев, Ғ.Сапарғалиев, С.Сәбікенов т.б. қалам тартып, ғылыми еңбектер арнады. Дек­ла­рация ұғымының пәнаралық клас­си­фикациясы мен теориялық тұжы­рымдарының аражігін ашуға саясат, экономика және әлеуметтану ғылым өкілдері де атсалысты.

Мемлекеттің егемендігі – өте кең ұғым. Оны нормативті теориялар ауқы­мымен шектеуге болмайды. Сон­дықтан кейбір ғалымдардың деклара­цияның ұлттық заңнама құрамына кіретін нор­мативтік-құқықтық актілердің ресми тізбесінен тыс қалуынан кінәрат іздеуінің қисыны жоқ. Өйткені заң мәртебесі болмаса да, декларацияда бұдан бір жыл кейін қабылданған Мемлекеттік тәуелсіздік туралы конституциялық заң мен 1993 жылғы Конституцияның негізгі қағидаттары мен құқықтық нормасы заңнамалық тұрғыдан айқын қалыптасты.

Қазақстан егемендігін жариялаған тұста кеңес одағының тағдыры қыл үстінде еді. Оның күні бітуге тақау екендігін декларацияның негізгі жобасын жасаған Салық Зиманов бастаған депутаттар жақсы білсе де, республика халқы мен депутаттық корпустың ұлттық құрамы және олардың саяси ұстанымдарын ескере отырып, кейбір баптарда республиканың егемендік құзыреттері Одақтық шарт арқылы реттелетінін көрсетуге мәжбүр болды.

Заң ғылымының конститутивті теориясы бойынша мемлекеттің пра­восубъектілігін тану үшін оны өзге мемлекеттер дипломатиялық тұрғыдан мойындауы қажет. Егемендігін жа­рия­лағаннан кейін Қазақстанды құттық­таушылар болғанымен, оны өзге елдер «тәуелсіз мемлекет» ретінде бірден тани қойған жоқ.

Құқықтануда мемлекеттіліктің дена­тивті теориясы бойынша мемлекеттің правосубъектілігін тану үшін оның нақтыланған шекарасы мен тұрақты халқы, егемендік қағидатына негізделген мемлекеттік басқару жүйесін және өзге мемлекеттермен халықаралық қатынасқа түсуге мүмкіндігі болса жеткілікті. Халықаралық құқықта жиі пайдаланатын 1933 жылы Монтевидеода қабылдаған «Мемлекеттердің құқығы мен міндеттері туралы» конвенцияда айқындалған осы 4 критерийдің төртеуі де мемлекеттік егемендігін жариялаған Қазақстанда толықтай болды. Бірақ әлі одақтас республика саналатын Қазақстанның жоғары жағында күші қайта бастаса да, әлі жарты әлемге билік жүргізіп тұрған кеңес одағы атты алып империя тұрды. Сол себепті Қазақстанның толық мәндегі тәуелсіздігін жариялау өзінің тарихи сәтін күтіп тұрды.

Қазақстан декларациясының соңғы 17-бабында: «Декларация Одақтық шарт жасау, Қазақ ССР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретінде Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзір­леу үшін негіз болып табылады», деп мей­лінше анық, айқын көрсетілді. Ол өзіне жүктелген осы тарихи миссияны түгелдей орындап шықты.

Егемендік декларациясы, ең алдымен, 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республи­касының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңына құқықтық негіз болып қаланды. Декларацияның бірінші бабында мемлекеттің егемендігі туралы нормалар конституциялық заңның алғашқы үш бабында қайталанып, өзінің заңды жалғасын тапты.

Мұның себебін Декларация қабыл­данған кезде заңнамалық актілерді даярлау, рәсімдеу техникасы әлі жетілмеген және оның құрылымын жіктеу талаптары мен қағидаттары әлі толық қалыптанбағанымен түсіндіруге болады. Сол себепті декларация баптары бүгінгі нормативтік-құқықтық актілер сияқты тармақ пен тармақшаларға бөлін­бей, бірінен соң бірі кезектесе беріл­ген абзацтарға ғана жіктелді. Нәтиже­сінде, талқылау барысында кейбір депу­таттардың толықтыруларымен жекелеген баптар 4-5 абзацқа дейін ұлғайып кетті.

Декларацияның 2-бабындағы «Қазақ халқының және Қазақстанда тұратын басқа да ұлттардың төл мәдениетін, дәс­түрін, тілін қайта түлету мен дамыту» туралы құқықтық нормалар, Конституциялық заңның 6-бабында барынша терең ашыла түсті.

Декларацияның 3-бабындағы: «Қазіргі шекарасындағы Қазақ ССР-інің территориясы бөлінбейді және оған қол сұғылмайды, оның келісімінсіз пайдалануға болмайды», деген тезис заңның 6-бабында аздаған өзгерістермен: «Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекарасында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады», деген нұсқада көрініс тапты.

Төртінші баптағы Қазақстан хал­қының «егемендіктің бірден-бір иесі» екендігі және «мемлекеттік өкімет билігінің негізі» екендігі заңның 6-бабында тура осы мағынада қайта­ланды.

Бесінші баптағы Қазақ КСР-інің өз азаматтығы туралы норма тек республика атауының «Қазақстан» деп өзгеруімен ғана 7-баптың алғашқы сөйлемінен толықтай көрініс тапты.

Декларацияның 12-бабындағы Қазақ­стан «республикадан тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тіл жөніндегі қажетін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды», деген тұжырым конституциялық заңның 7-бабында одан әрі тереңдетіліп, қандастарға азаматтық алуға құқық берілетіндігі жөніндегі жаңа тезиспен толықты.

Қазақстандағы мемлекеттік билік туралы 6-7 баптағы негізгі қағидаттар конституциялық заңның 9-10 баптарында толықтырылған, ықшамдалған редакциямен жалғасын тапты.

Конституция мен заңның үстемдігі туралы 8-баптағы норма заңның 4-бабында тура осындай тұжырыммен берілді.

Тоғызыншы баптағы «Жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар» Қазақстанның ерекше меншігі болатындығы туралы қағидат сол күйінде тәуелсіздік туралы заңның 11-бабының алғашқы абзацынан орын алды. Меншік формаларының алуан түрлі әрі тең болатындығы жөніндегі норма да осы баптың екінші абзацына орын тепті.

Ал 10-баптағы Мемлекеттік ұлттық банк құру мәселесі, Қазақстан «өзі­нің алтын қорын, алмас және валюта қорларын» қалыптастыратыны жөнін­дегі құқылық нормалары 12-баптан көрініс тапты.

Декларацияны талқылау барысында көп пікірталас тудырып, дау-дамайды өршіткен ядролық қаруды сынау, жаппай қырып-жоятын қарудың (химиялық, бактериологиялық, биоло­гия­лық, т.б.) түрлеріне арналған полигон­дар жұмысына тыйым салу мен олар­дың жұмыс істеуін тоқтату, жалпы эко­ло­гиялық қауіпсіздікке арналған рес­пуб­ликаның ұлттық, мемлекеттік қауіп­сіздігіне тікелей қатысы бар 11-бап Конституциялық заңда мүлде қам­тылмады. Мұны тәуелсіздігін жариялап тұрған Қазақстанның аумағында сансыз көп сынақ алаңдары мен әске­ри полигондардың жұмыс істеп тұ­руы­мен және ондағы өлім себетін ядро­лық оқтұмсықтарды біртіндеп жою мәселесінің нақты жоспары әлі болмағандығымен түсіндіруге болады. Оның есесіне заңның 13-бабына декларацияда жоқ «ұжымдық қауіпсіздік жүйесі» туралы жаңа ұғым қосылып, оның қызметіне Қазақстанның қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Декларацияның 14-бабындағы Қазақ­стан­ның: «халықаралық қатынастардың дербес субъектілігі болуға», «диплома­тиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға» құқы­ғы туралы нормалар заңның 13-бабында тұтас­тай, ешбір өзгеріссіз қайталанды. Дәл осы 14-бап­тағы «шет мемлекеттер мен эконо­микалық және сауда байланыстарын» орнату мәселесі заңның тура сондай 14-бабында: «сыртқы экономикалық қызмет байланыстарын дербес шешеді», деген нақты тұжырыммен берілді.

Республиканың егемендік құқығын қорғау­ға арналған декларацияның 15-бабы заң­ның тура осындай 15-бабын­дағы «тәуелсіздігін қорғау және ұлт­тың мемлекеттілігін нығайту» туралы нормалармен жалғасын тапты. Конституциялық заңның 16-бабындағы қарулы күштер құру мен әскери қызмет атқарудың тәртібі де декларацияның 13-бабының екінші абзацындағы осы мазмұндас нормаларымен сәйкестене түсті.

Мемлекет тәуелсіздігін жариялаған заңның «Қорытынды ережелер» бөлі­міндегі елтаңба, ту, әнұрандарға қатысты 17-бап та декларацияның 16-бабындағы тура осындай ережемен үйлесім тапты.

Декларацияның соңғы 17-бабындағы: «Декларация... Қазақ КСР-інің жаңа Конституциясын, егеменді мемлекет ретіндегі Республиканың статусын жүзеге асыратын заң актілерін әзірлеу үшін негіз болып табылады», деген түйінді тұжырым мемлекет тәуелсіздігі туралы Конституциялық заңның соңғы 18-бабындағы «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады», деген бұлжымас ережеге ұласты.

Тыңғылықты дайындықпен әзір­лен­ген декларация мемлекеттік тәуел­сіздік туралы Конституциялық заң мен 1993 жылы қабылданған жаңа Консти­туциямен инкорпорацияланып, оған заңнамалық негіз де, берік іргетас та болып, тұңғыш рет заңнамалық нормалармен шегендеді. Онда ел тарихында тұңғыш рет мемлекет шекарасы бөлінбейтіні әрі қол сұғылмайтыны бекітілді.

Декларацияда егемендіктің бірден-бір иесі халық екендігі және республиканың барша байлығы егемендіктің негізін құрайтын халыққа тиесілі екендігі жария етілді (1995 жылы қабылданған қолданыстағы Конституцияда «жер және оның қойнауы... мемлекет меншігінде болады», делінген).

Декларация тұңғыш рет Қазақстан Республикасы Конституциясы мен заңдарының үстемдігін орнықтырды. Полигон мен ядролық сынақтардан қисапсыз мол зардап шеккен Қазақстан­ның экологиялық қауіпсіздігін қамта­масыз етіп, сынақ атаулыға тыйым салды. Қазақстанды халықаралық қаты­настардың дербес субъектісі ретінде айқындап, сыртқы саясатын республика мүддесіне сай жүргізетінін мағлұмдады.

Заңғар Зиманов бастаған ұлт зиялы­ларының зияткерлік күш-қайратымен қабылданған декларация тарихи құжат ретінде сол биігінде әлі күнге дейін мызғымай тұр.

Осындайда ойыңа қазақтың ке­мең­гер жазушысы, өзі де академик С.Зима­нов­пен қатар Егемендік декла­ра­циясы­ның қабылдануына зор үлес қосқан қайрат­кер тұлға Әбіш Кекілбаевтың: «Қазақ арасында адамзат қауымының бар­лық заңдылығын ұшалап сөгіп, мүше­леп бөліп, жіліктеп білетін әйгілі ғұлама өмір сүрді. Оның мұндай тұңғиық терең білігі бір басының сипатын асырып қана қоймай, күндердің күнінде туған халқы­ның ең асыл қажетіне жарады. 300 жыл отаршылдық езгіде болып жер бетінен жойылып кеткелі тұрған халқымыз аман-есен теңдік алып, тәуелсіздік тұғырына көтерілді. Осынау ұлы рухани ерлікті сомдаған санаулы сәтте ерекше қайрат көрсеткен академик Салық Зиманұлы еді», деген сөздері оралады.

XX ғасыр соңында өз тізгінін өз қолына алып, қазақтың ежелгі мемле­кеттілігін қайта түлеткен Қазақстан Республикасы деген қасиетті Отанымыз­дың орда бұзған отыз жылдан астам уақыт ішіндегі бар жетістігінің қайнар бастауында тұрған «Декларация» атты киелі құжаттың бізге үйретер сабақтары, көрсетер тағылымы әлі зор. Бүгінгі азат ұрпақ осыны әрдайым есінде сақтауы керек.

 

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,

заң ғылымдарының докторы,

профессор, академик