Сұхбат • 18 Қазан, 2023

Күләш ШӘМШИДИНОВА: Академиялық еркіндік алдымен мұғалімге қажет

3433 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Әрбір мемлекет дамуды, өркендеуді, экономикалық тұрғыда ғана емес, рухани жағынан баюды, кемелденуді көздейді. Сол бағытта барлық ресурсты пайдаланады. Бұл – дамушы елге де, дамыған мемлекетке де тән құбылыс. Көзделген мақсатқа әрқайсысы әртүрлі жолмен жетеді. Соның ішінде бәріміз байқағанымыздай жаңа технологияға, өндіріске, ғылымға айрықша көңіл бөлген елдер дамудың төте жолын тапқандай. Ғылым мен технологияның, жалпы, бар саланың бастауында білім жүйесі тұр. Ал біздегі білім жүйесі қай бағытта бет алып барады? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын білу үшін отандық орта білім жүйесіндегі реформаторлардың бірі, танымал білім қайраткері Күләш Шәмшидиновамен әңгімелескен едік.

Күләш ШӘМШИДИНОВА: Академиялық еркіндік алдымен мұғалімге қажет

– Күләш Ноғатайқызы, әлі де жауапты қызметтесіз. Өмірдің өңі өз­герсе де, заманның талабы түрленсе де, сұраныстағы маман болудың сы­ры неде?

– Ең алдымен, құлағың әрдайым түрік жүруі керек. Заманның өзгерістеріне қарай икемделуге, өзгеруге дайын болу қа­жет. Кез келген нәрсені қатып қалған дүние ретінде қабылдай алмайсың. Қазіргі заман сипатының ең бір тұрақты дүниесі – күнде болып жатқан өзгеріс. Бұрыннан келе жатқан жақсы дәстүрді сақтай отырып, жаңа дүниелерді игеру маңызды. Екіншіден, үйренуге әрқашан әзір жүрген жөн. Дәріс оқитын аудиториялар, оқу орындары ғана емес, айнала ортаң да үйренетін, оқи­тын жер. Үлкен адамдардан өмірде жиған тәжірибесін алуға, ал жастардан жаңашылдықты үйренуге тырысасың. Үшіншіден, ортаңды үнемі жаңартып отыру керек. Ортаң кеңейсе, ой-өрісің, көкжиегің кеңейеді, білімің жаңарады, тәжірибең артады, басқаша көзқарас қалыптасады. Төртіншіден, мінезіңді, бойдағы қабілеттеріңді басқара білген абзал. Орынсыз сөйлесең, әрекет етсең, мінезім бар екен деп жөнсіз айғайлай берсең, көбі сенен алыстай береді, маңызды қызметке ұсынып, сенім арта алмайды. Бесіншіден, адамда өз­гер­меуге тиіс дүниелер де бар. Бұл – жұмысқа жауапкершілік, адамдармен қарым-қатынастағы тұрақтылық, тәртіп, кісілік пен кішілік. Жинақтай айтқанда, өткеніңе өкінбейтіндей өмір сүру қажет, келешекте бүгін айтқан сөзіңнен, жасаған ісіңнен ұялмайтындай болуың керек.

– Мұғалім мамандығы адамға та­би­ғатынан беріледі деп жатады. То­қы­рау жылдары ала дорба асынып, мұғалімдікті саудагерлікке алмас­тырған әріптестеріңіз көп болды. Бір­ақ сіз сонау 80-жылдардан бері осы бір мамандыққа адал болдыңыз. Бұл мұғалім мамандығының сізге табиғаттан берілгенін білдіре ме?

– Жауапкершілік дегенді жиі айтамын, жауапкершіліктен қашпауға тырысамын. Бұл – үлкен мәселе. Иә, дұрыс айтасыз, тоқырау жылдары біраз мұғалім білім саласынан кетті. Бірақ нағыз мұғалімдер қалды. Сол уақытта мектеп директоры болдым, сенсеңіз, біз айлап жалақы алмайтынбыз. Биылғы еңбек демалысына шыққан ақшамызды келесі жылы алған, соның салдарынан тамақты, тіпті нанды қарызға жаздырып алған кезіміз болды. Бірақ бірде-бір күн мектепті тастап, сабақ бермей, оқушыларды мұғалімсіз қалдырып кеткен жоқпыз. Соның бәрінде бізді осы жауапкершілік ұстап тұрды. Бұл – балаларға, мамандығыңа, ата-анаға, мемлекетке деген жауапкершілік. Тағы бір маңызды дүние – сенім. Біз сол уақытта енді ғана тәуелсіздік алдық, әлі-ақ аяққа нық тұратынымызға сен­дік. Шынайы егемендікке жетудің жеңіл болмайтынын жанымызбен се­зіндік, оған жету үшін талай тер төгіп, біраз нәрсені құрбан ету керегін түсіндік. Соған еңбегімізді, қоғамға қызметімізді, жастығымызды бердік.

– Зият­керлік мектептер отандық білім жү­йесіндегі сәтті реформаның бірі екені рас. Әрі білім сапасы да­мы­ған елдердегідей жоғары болу үшін салаға қомақты қаржы құюдың қажет екенін де осы жоба дәлелдеп берді. Еліміздің әрбір оқу ошағы зияткерлік мектептердей болуы үшін шынымен де көп қаржы керек пе?

– Жалпы, білім жүйесі қомақты қаржыны талап етеді. Мұны мойындау керек. Кез келген оқу бағдарламасын орындау үшін соған жеткілікті қаржы құюымыз қажет. Ал зияткерлік мектептерге келсек, бұл бір ғана адамның еңбегі немесе жетістігі емес. Мұндай бедел қалыптастыруда мемлекеттік қолдаудың, үлкен педагогикалық ұжым­ның, ата-аналардың, оқу­шы­лардың еңбегі бар. Қомақты қаржының нәтижесінде ғана осылай болғанын әркім айтады. Бірақ бізге осындай мектеп керек еді. Жаңа технологияны игеру үшін технарларға, техниканың тілін түсінетін мамандарға, сондай мамандарды даярлайтын жаңа оқу бағдарламаларына қажеттілік туды. Қазір зияткерлік мектептер әзірлеген бағдарламаны әлемдегі 700-ден аса университет мойындаған. Бұл мектепке бөлінген қаржы түп негізінде сол бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсалды. Оның нәтижесін, жемісін көріп отырмыз. Одан кейін дарынды балаларды даярлау үшін дарынды ұстаз керек. Елімізде негізінен педагогтер балаға білім береді. Ал бізге баланы дамытатын, анализ жасауға, ойлана білуге үйрететін педагог керек болды. Біраз қаражат мұғалімдерді даярлауға кетті. «Барлық мықты мұғалімді зияткерлік мектептер алып кетті» дейтін сөзді жиі естимін. Шын мәнінде, зияткерлік мектептерде бар-жоғы 3 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді, олар еліміздегі 300 мың мұғалімнің небәрі 1 пайызын құрайды. Бірақ осы бір аз ғана үлес басқа қарапайым мектептерді өзгертуге, дамытуға атсалысып келеді. Қай жерде қандай жақсы мектеп ашылса, соның басшылығына бізден шыққан мамандар барады. Қазір зияткерлік мектептердегі педагогтердің біліктілігін арттыру орталығы отандық ұстаздармен қатар Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Өз­бекстан, Әзербайжанның педагог­терін оқытып жатыр. Білімді мүмкіндігімізше экспортқа шығарып отырмыз. Осы ор­талықтың 10 бағдарламасы халық­аралық аккредитациядан өткен. Ал биыл орталықтың өзі халықаралық аккредитациядан өткізілмек. Елімізде халықаралық аккредитациядан өткен педагогтердің біліктілігін арттыруға арналған бірде-бір ұйым жоқ. Қорыта келгенде білімге құйылатын қаржы бірден қайтпайды, бірақ түбінде еселеп қайтады, оның пайдасы, берері есепсіз. Мәселе қаражаттың мақ­сатты жұмсалғанында және берген нәтижесінде.

– Назарбаев зияткерлік мектептері құрылғаннан бастап эксперимент жасалатын үлкен алаңға айналды. Оқу ордасындағы білім беру жүйесін дамытуға қатысты сіз жүргізген ең сәт­ті әрі ең сәтсіз экперимент туралы ай­­тып беріңізші.

– Шынын айтқанда, барлығы да сәтті болды. Әлі де іске асырылмаған тың идея­лар бар. Сәтті жұмыстардың ішін­дегісі – оқу бағдарламасы және бағалау жүйесі, кәсіптік бағдар беретін пән, оқушыларды қабылдау конкурсы. Ерекше тоқталатын бір жоба – «Ауыл мектебі». «Aitas» холдингі зият­керлік мектептермен бірге қолға алған «Ауыл мектебі» жобасының негізінде 5 мектепті қалпына келтірдік. Кабинеттерін жаңартып, мұғалімдерін оқыттық. «Қазақстан халқына» қоры осы жобамызды көріп, былтыр 17, биыл 63 мектепке қаржы берді. Ауыл мектептеріне не жетіспейді? Біріншіден, ақпараттың жетімсіздігі, екіншіден, педагогикалық орта. Осыған орай біз бірнеше шағын жинақты мектепті біріктіретін тірек мектептерін құрдық. Мысалы, Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектеп 12 тірек мектебінің жанына топтастырылды. Тірек мектептері арқылы ауылдардағы бірнеше шағын жинақты мектептің басын қосып, цифрлық технологияларды кеңінен пайдалана отырып, педагогикалық орта қалыптастыруды көздедік. Мұның маңызы неде? Шағын жинақты мектепте әрі кетсе 20-30 мұғалім бар. Ал бірнеше мектепті қосқанда 100-ден аса педагог болады. Олар бір-бірімен тәжірибе, идея ғана алмаспайды, керек кезде бір-бірінің орнын басып, сабақ та бере алады. Бір мектептегі химия пәнінің мұғалімі ауы­рып қалса, екінші мектептің мұғалімі онлайн сабақ бере береді.

Зияткерлік мектептер екі жылдан бері Финляндияның үлкен бір ұйы­мымен бірлесіп, буллинг мәселесін зерттеп жатыр. Бұл – біз үшін жаңа тақырып. Кейде мұғалімдер, ата-аналар ненің буллинг, ненің қойылуға тиіс талап екенін ажырата алмай қа­лады. Ең ақыры мұғалімнің балаға қарата «Бүгінгі сабақты дұрыс оқымай келдің» дегенінің өзі буллинг болып кетті. Сол себепті педагогке, ата-анаға буллингтің шекарасы қайсы, соны зерттеу арқылы көрсетіп беру міндеті алға шықты. Әрине, біз әлемдік жағдайдан шет қала алмаймыз және халықаралық стандарттарға сай білім беруді көз­дей­міз. Бұл үшін әлбетте әлемдік тә­жірибені зерттейміз, соған сүйенеміз. Десек те осы уақытқа дейінгі өзгерістің, эсперименттің, жалпы реформаның бәрі алғашқы шетелдік нұсқасында енгізіле салған жоқ. Әрбірі зерттелді, біздің жағдайымызға, менталитетімізге, тіліміз, дініміз, діліміз, мәдениетімізге икемделіп барып енгізілді.

– Зияткерлік мектептерде білім сапасының ерекше қарқынмен ар­туы­на бірден бір себеп – ұйымға беріл­ген дербестік. Ондағы реформаларға тіпті салалық министрліктің өзі ара­ласа алмайды. Еліміздегі мектепт­ер­дің дамуына академиялық еркіндік пен қаржылық дербестіктің болмауы кедергі келтіріп тұрған жоқ па?

– Өзекті мәселені орынды байқа­ғансыз. Өйткені елімізде өте күрделі әрі көпбаспалдақты бақылау-басқару жүйесі жұмыс істейді. Егер зияткерлік мектептер осындай жүйемен жұмыс істесе, қазіргідей нәтиже болмас еді. Осыны түсінгендіктен біз әуел бас­та дербестік мәселесін шешіп ал­дық. Оны заңды түрде іске асыру жа­ғын көп зерттедік. Сөйтіп, Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйеніп, автономия құрдық. Дербестік беру туралы модельді заң қабылданды. Осы бір шағын заңның нәтижесінде үлкен өзгерістер жасауға мүмкіндік алдық. Еліміздегі барлық оқу ошағы Зияткерлік мектептердей болуы үшін академиялық еркіндік пен дербестік аясын кеңейту керек. Академиялық еркіндік алдымен мұғалімге берілуі қажет. Дербестік пен еркіндік заңға өзгеріс енгізу арқылы ғана келеді.

– Ағарту ісінде кезек күттірмей тұр­ған өзекті мәселе ретінде нені айтар едіңіз? Әрі оны шешудің қандай тиімді жолын ұсынасыз?

– Министрлік білім жүйесін ұйым­дастыру ісін де, оны бақылауды да «қолында ұстап» отыр. Екеуі бөлінуі керек. Сырттай бағалау болуға тиіс қой. Мектепке, білім бөлімдері мен басқармаларға, тіпті министрліктің өзіне сырттан бағалау қажет. Біздегі жүйе бойынша олар өздерін өздері бақылап, бағалап отыр (Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті тікелей Оқу-ағарту министрлігіне қа­райды – ред.). Мысалы, зияткерлік мектептерде мұғалім БЖБ (бөлім бо­йын­ша жиынтық бағалау) мен ТЖБ (тоқсандық жиынтық бағалау) алады. Содан соң біз мониторингпен кі­реміз, яғни оқушылардың білімін сырт­тай бағалаймыз. Сол себепті біз­дің мұғалімдер бағаны жоғарылата да, төмендете де алмайды. Сырттай ба­ғалау оқушының даму траектория­сын анықтауға, қай бағытта жұмыс істеу керегін айқындауға көмектеседі. Сол сияқты тәуелсіз сырттай бағалау білім жүйесіндегі кемшіліктер мен кедергілерді дәл анықтап, жұмыс ба­ғытын белгілеуге септеседі.

Білім жүйесі бір жағынан тұрақ­тылықты талап етеді, бір жағынан жа­ңашылдықты әрдайым назарда ұстап, уақытында енгізіп отыруды да қажет етеді. Тұрақтылықты талап ететін се­бебі бұл жүйе қатты шайқалуды кө­термейді. Өйткені осы жүйемен жүріп өтпейтін адам жоқ. Ал жаңалыққа ашық болмаса, артта қалады. Сол үшін жаңа әдістерді енгізуге мамандар дайы­н болғаны жөн. Мысалы, 1-сыныпқа қабылданған бала мектепті бітіргенде қандай мамандық сұраныста болатынын білмейміз. Осындай белгісіздік өзгеріске дайын адам қалыптастыру керегін көрсетеді, соған сай жас ұр­пақты бір бағытта емес, кең ауқымда дамытуымыз қажет дегенді білдіреді. Тұрақтылықтың маңызын айтайын, мені көп ойландыратыны – базалық білім мен дағдыны қалыптастыру жағынан ақсап жатқанымыз. Мәселен, «Өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керек?», «Жаныңдағы адам суға кетсе, не істейсің?», «Дастарқан басын­да біреу қақалып қалса, ауруханаға жетіп үлгермейсің, қайтпексің?» деген сұрақ­тардың жауабын да бала мектептен біліп шығуға тиіс. Бұл да білім. Айталық, Нидерландта суда жүзуге, суға батқанды құтаруға үйретеді. Ал Африканың балаларын су іздеуге баулиды. Кейбір мемлекеттерде улы нәрсе шаққанда аман қалудың жолдарын көрсетеді. Білімнің де түр-түрі бар. Біз пәндік, пәнаралық, кәсіби білімге ғана емес, өмірмен байланыстырылған білімге де мән беруіміз қажет.

Ағарту ісіндегі кезек күттірмей тұрған тағы бір мәселе – балаларға ал­ған білімін өмірде қолдануға үйрету. Қазіргі заманда білімді адам дегеніміз – көп оқыған, көп білетін кісі емес, білгенін, оқығанын өмірде пайдасына, қажетіне қарай қолдана алатын жан.

– Министрлік деп қалдыңыз ғой, өзіңіз де осы саланы бас­қар­дыңыз. Үш айдан аса уақыт әлденені өзгертуге немесе нақты нәтиже шы­ғаруға аздық етеді, әрине. Десе де осы уақыт ара­лы­ғында не іс­теп үл­гер­­діңіз және қол­ға алған қан­дай істі аяғына дейін жеткізе ал­мадыңыз?

– Иә, аз уақыт болса да біз екі үл­кен аналитикалық материал дайын­дап үлгердік. Оның бірі – кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдары туралы. Онда колледждер қалай, қай бағытта дамуы жөнінде зерттеу­лер қам­тылды. Екіншісі – Фатима Надыр­қызы дайындаған ғылым туралы ана­литикалық материал. Министр болған уақытта әліппені қайтару мәселесін көтердім. Оны кейінгі министр іске асырды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңды бастан-аяқ әзірлеуге Ерлан Сағадиевтің басқарған командасы елеулі үлес қосты. Аталған заң менің тұсымда мұқият зерделеніп, мемлекеттік органдармен келісуге жолданған болатын. Негізі мүғалімнің мәртебесін заңды тұрғыда реттеу идея­сын алғаш айтқан министр Шәмша Беркімбаева еді.

– Әлгінде өзіңіз есімін атаған за­мандасыңыз Шәмша Көпбайқызы бір естелігінде турашылдығыңыз туралы ерекше толғаныспен айтыпты. Осы қасиетіңізден таяқ жеген кезіңіз болды ма?

– Турашылдықтан көп таяқ жедім. Сонда да турашылдықтан таймадым, таймаймын. Ар-намысыңның алдында жауап беруің керек. Біреуге жағамын деп басқаның құқығын бұзуға болмайды. Қызметтегі көп адам өтініш айтып хабарласады, орындамаймын. Өйткені оның өтінішін орындасам, басқаның құқы бұзылады. Менің құқығым сіздің құқығыңыз басталған жерден бітеді. Өз құқығымды қорғауға хақым бар, бірақ сіздің құқығыңызды бұзу арқылы құқығымды сақтауға хақым жоқ. Мә­селе осында.

– Білім саласын жемқорлықтың батпағынан қалай шығарамыз?

– Білім саласының жақсы-жаман болуы қоғамға байланысты. Өйткені бұл сала қоғамнан тыс өмір сүріп жат­қан жоқ. Сол үшін әуелі қоғам дұрыс болуы керек. Үйіндегі әке-шешесі жем­қорлықпен ақша тауып отырса, ол баладан жемқор шықпағанда кім шығады. Мұғалімдерге ылғи да «Қоғамға қызмет етпеген педагог қоғамға қызмет ете алатын адамды тәрбиелей алмайды» деймін.

– Сіздің ұғы­­мыңыздағы ұстаз қан­дай адам?

– Нағыз ұстаз, ең алдымен, жақсы адам болуы керек. Жамандық жасамайтын жан болуы қажет. Өкінішке қарай, бізде мұғалімнің қызметін зерттейтін зерттеулер жоқ. Жас маман білім беруге келгенде нені, қалай, неден бас­тайды? Зерттеу жоқ. Біз әлемдік сарапшыларды көп оқимыз. Олар «Ұстаз көшбасшы болуы керек», дейді. Ұстаз тез арада шешім қабылдауға қабілетті болуы қажет. Өйткені мектепте күн сайын қаншама нәрсе болады. Содан соң менің ұғымымдағы ұстаз – алдына міндет қоя білетін, сол міндетін орындай алатын, қоғамға қызмет етуге даяр, ұжымда жұмыс істеуге қабілетті жан. Негізі мұғалім дегеніңіз тыйымы көп мамандық қой. Соған қарамастан қоғамға ең көп қызмет ететін мамандық. Оларға қоғамға қызметін міндетсінуге болмайды. Көрдіңіз бе, тыйымнан да тыйым туып жатыр.

– «Ұстаздан шәкірт озар» деген. Сіз­ден озған, өзіңіз мойындаған шә­кірттеріңіз бар ма?

– Зияткерлік мектептерге қаншама жас кадрларды қабылдадым. Солардың көбі білім саласындағы мықты маман­дарға айналды. Зияткерлік мектептерді бітірген түлектеріміздің әрбірі – менің шәкіртім. Олар мектепте жүріп-ақ өз­дерінің халықаралық жарыстардағы жеңістерімен көк байрағымызды жел­біретіп жүр. Қазір олар әлі жас. Есейе келе еліміздің дамуына өз үле­сін қоса­тынына сенемін. Мен шәкірт­теріміздің бізден озатынына да сенемін. Біз сол үшін еңбек етіп жүрміз ғой.

– Сеніміңіз ақталсын. Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»