Жауға қарсы қазақтардың басын қосып, бірігіп соғысу мақсатында 1726 жылы Ордабасыда үш жүздің басын қосқан үлкен кеңес шақырылады, бас қолбасшы болып Әбілқайыр хан сайланады. Ұрыс туын Бөгенбай батыр көтеретін болды. Ұлы жүз қолына Жолбарыс хан басшылық етті, оның әскерінде 17 мың адам болды. Дулаттан – 8 мың адам, қарақалпақтан – 2 мың адам, Жетісу қазақтарынан – 7 мың адам. Әбілқайыр басқарып келген Кіші жүз қолында 7 мың адам болған. Орта жүзден 20 000 адам қатысты. Сол 1726 жылы Сарысу бойында Айран төгілген деген жерде болған соғысқа қазақтардан 44 мың адам қатысқан екен.
1748 жылдан бастап Абылай ханның қорғаушысы әрі биі болған Жауғаш жас та болса қалмақтарға қарсы шешуші ұрыстардың бәріне дерлік қатысып отырған. Жауғаш батыр 1748 жылдан 1758 жылға дейінгі аралықтағы қазақ-қалмақ арасындағы барлық ұрыста шайқасып, ерлігімен танылды. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай, Шанышқылы Бердіқожа, Тарақты Байғозы батырлар Жауғаш батырдың майдандағы ерлік қимылдарына талай куә болды. Батыр Жауғаштың тарихи қызметі қытай деректерінде де сақталған, ол – Қазақ хандығын дипломатиялық қызметімен де нығайтуға күш салған қайраткер. Шын мәнінде Жауғаш әрі батыр, әрі би, әрі елші, әрі қайраткер тұлғалардың бірегейі ретінде танылды.
Абылай хан қалмақтардың шабуылын күтіп отырмай, жау ішіне тыңшы жіберіп, мәлімет алып отыруға, дұшпанның мақсатын барлау жасап біліп, анықтауға, үнемі сақтық шараларын ескеріп отыруға аса маңыз берген. Соғыс барысында ұрыс жағдайына қарай Абылай хан міндеттерін ең сенімді, атқара алады деген адамға артатын. Қиянға салса да, төске салса да өз міндетін сенімді түрде атқара білген батырлардың бірі Жауғаш болды.
Бұлантыдағы 1726 жылғы соғыс, 1729 жылғы Далатаудағы ұлы майдан қазақ әскері жоңғарларды ойсырата жеңген ірі жеңістер еді.
1745 жылы қыркүйекте Қалдан Серен қайтыс болғаннан кейін, орнына қоңтайшы болып ұлы Сеуен Доржы сайланады. Таққа талас басталып, оны ағасы Лама Доржы 1750 жылы өлтіреді. Сөйтіп, ол билікке келеді. Ол Қалдан Сереннің күңнен туған баласы еді, заңды мұрагер бола алмайтын. Таққа құқысы бар Дабашы мен Әмірсана еді. Жоңғар хандығында тақ үшін күрес басталады, 1751 жылы Дабашы мен Әмірсана жеңіліп, Абылайға қашып келеді. Мұны біліп отырған қалмақ қоңтайшысы Абылайға елші жіберіп, өзіне қауіп төндіріп тұрған Дабашы мен Әмірсананы қалайда қайтаруды талап етеді. Үш жүздің билері мен батырлары бас қосқан кеңесте: Дабашы мен Әмірсана қайтарылмасын деген шешім жасалады. Осы кеңеске Жауғаш батыр да қатысады. Қазақ пен қалмақ арасындағы жағдай содан шиеленісе түседі, мұның аяғы соғысқа алып келетіні айдан анық болатын. Абылай қалыптасқан жағдайды қазақтар жағына оңтайлы шешу жолында тамаша стратегиялық жоспарын іске асырады. Уақыт Жоңғар хандығындағы саяси жағдайды өз мүддесіне шебер пайдалану болатын. Бұл жағдайды Лама-Доржы да пайдаланып қалуға ұмтылып, 1752 жылы қыркүйек айында жиырма мың әскерін сайлап аттандырады. Міне, осындай жоңғар қалмақтарының ауыр қолына қарсы шайқаста Жауғаш батыр да Абылайдың жанындағы сарбаздармен бірге ұрыс қимылдарына басшылық жасайды.
1752 жылы қазан айында Абылай жоңғар қалмақтарының әскеріне есеңгірете соққы беріп, тас-талқан етіп, жаудың бетін қайырып, тықсырып тастайды. Сөйтіп, келісім жасау үшін елші жібереді. Елшілер ішінде жаудың ішкі жағдайын барлап, оның қарулы әлеуетін анықтау үшін қалмақ тілін жақсы білетін, шешен тілді, алғыр ойлы, қырағы көзді, көздегенін алып та, шалып та түсетін еңсегей бойлы Ер Жауғаш та бар еді. Елші жіберудің астарында Абылайдың ішкі есебі, болашақ жоспары бар болатын.
Қазақ арасына пана іздеп келген Дабашы мен Әмірсананың жүз елу нөкері бар еді. Жазушы-тарихшы М.Мағауин: «Абылай бұларға бес жүз аламанын қосып береді. Дабашы мен Әмірсана шұғыл аттанып, өздеріне таныс қиғаш жолдармен Жоңғарға өтеді де, бар әскері майданға кеткен, қорғаусыз қалған хан ордасын шабады. Жасауылдарын түгел жайпап, Лама-Доржының өзін тұтқынға алып, қолма-қол басын шабады. Бұл – 1753 жыл, қаңтардың 12-ші жаңасында болған оқиға» («Қазақ тарихының әліппесі», 114-б.), дейді. «Сөйтіп, Дабашы қоңтайшы хан тағын иемденді. Осы уақиғалардың бел ортасында Абылайдың сенімді тапсырмаларын мүлтіксіз орындаған Жауғаш та болып, қайрат танытты. Ол Абылай қосқан бес жүз аламанды басқарып барған. Дабашының таққа отыруына қолдау жасады. Бұған қарсы болған Лама Доржының нояндары бас көтеріп, Дабашы жеңіліп, Абылайдан қайта көмек сұрайды. Абылайға да керегі осы болатын. Дабашы мен Әмірсана Абылайдың көмекке жіберген қолының көмегімен қарсыластарын аямай қырады. Дабашы Әмірсананың, Орта жүз билерінің қолдауымен 1753 жылдың соңы мен 1754 жылдың басында хан болады», деп жазады тарихшы И.Златкин. Ұзамай-ақ одақтаса қимылдаған Дабашы мен Әмірсананың арасында тақ үшін ымырасыз айқас басталды. Бұл тұста Абылай саясатын саяси жағдайға қарай өзгертеді, енді ол билікке күрескен Әмірсананы қолдайды.
М.Мағауин: «1753-1754 жылдарда Жанатай, Қабанбай, Бөгенбай, Керей Жәнібек, Мүйізді Өтеген батырлар бастаған қазақ қосындары қысы-жазы демей әлденеше рет Жоңғарды шауып қайтады», деп көрсетеді. Осы батырлардың ішінде Арқаға 15 жасында кетіп, Абылайдың жанында жүріп көзге түскен Жауғаш батыр да болған.
Әмірсана Дабашыдан жеңіліп қалады да, Телецк көлі, Кобдо, Уланка арқылы Халқаға барып табан тірейді. Сол жерде Цин өкіметіне тілегін жеткізіп, қызметін көрсетуге дайын екенін білдіреді. Император Хун Ли Әмірсананы жақсы қабылдап, бірінші дәрежелі князь (Цинван) атағын береді, мақсаты Жоңғар хандығын жою үшін Әмірсананы қолайлы қару етіп пайдалану болатын. Қытай 200 000 әскерін Халқа-Жоңғар шекарасына аттандырады. Жаны қысылған Дабашы император Хун Лиге өзінің қарауына көшетіндігін мәлімдеп, баласын және алты кісіні өзінің шынайылығына көз жеткізу үшін қызыл туын қоса жібереді. 1755 жылы 14 мамырда Әмірсана бастаған Цин армиясы Текес өзені алқабына шығады. 8 шілдеде Дабашы қолға түседі, Пекинге жіберіледі. Сөйтіп, Жоңғар хандығы жойылып, төрт князьдікке: Хоиот, Дербет, Хошауыт, Шорас князьдігіне (ұлысына) бөлінді. 1755 жылы жаздың соңында Жоңғариядағы соғыс тоқтайды. Басқыншыларға қарсы ұлт-азаттық көтерілісі басталып, енді бұл көтеріліске Әмірсана басшылық етеді. Дабашыны құлатқан Әмірсана өз жоспарын іске асыру жолына көшеді. 1755 жылы қыркүйекте Әмірсана 500 әскерімен Жоңғарияда Цин армиясына қарсы соғыс ашады. Біраз жеңіске қол жеткізеді, сол жылдың соңында хан сайланады. Әмірсана қайтадан Абылайдан көмек сұрайды. Абылай он мың әскермен көмекке барады. Император Хун Ли бұйрық беріп, Жоңғарияға, Әмірсанаға қарсы армия жасақтайды. Бұл өте ауыр қол болатын. 1756 жылы ерте көктемде Әмірсана қашып, Абылай сұлтанға келеді.
Қытайдың Чианлұң жылнамасында 1756 жылғы 22 мамырда «Қазақтың Орта жүзінің ханы Абылайға былай деп хабарлаңдар: Қарақшы Әмірсана қайрат көрсетуге қауқары қалмай, қазақ жеріне тығылған еді... Егер сіздер Әмірсананың қулығына әлі де сеніп, ойларыңыздан қайтпасаңыздар... сіздерді де тып-типыл етіп жоятын боламыз. Үлкен өкінішке қалмай, пайда мен зиянды мұқият салмақтағандарыңыз жөн болар» («100 құжат», А., 1988, 20-21 б.б.). Қытай Әмірсананың ізінен қалмай іздестіріп, тауып жазаға тарту үшін қосындарын жұмылдырып, Абылай сұлтанға тіпті сес көрсеткен хабарын да жіберген. 1756 жылғы 3 қазанда Әмірсананы тұтқындау үшін жорыққа шыққан генерал Дардана былай деп мәлімдейді: «Қазақтардан бізге тұтқын болған Шүрек және Аралбай деген адамдар арқылы Абылайға Әмірсананы тұтқындау туралы хабар айттық. Одан кейін Хадаха да Хангелді, Жауғаш – екі адамды ұстап, олардан Әмірсананы тұтқындау туралы Абылайға барып ұқтыруды өтінді. Содан Хангелдіні тұтқындай тұрып, Жауғашты босатты. Тамыздың 22-сі күні қосқа қайта оралған ол [Жауғаш]: «Мен әмірлеріңіз бойынша Абылайға барып айтқан едім. Абылай болса: «Біз ұлы Ежен ханмен егесуге емес, Әмірсананың ізін кесуге шыққан едік, жолай ұлы қосыннан (Чин қосыны) бетіміз қайтты. Әмірсананы тұтқындау онша қиын емес. Ежен ханнан рақым өтініп, бір жолға оның жанын қиса екен деп тілеймін деді» деген сөздер айтты. Біз бұларға: «Ежен ханның жарлығы бойынша Әмірсананы тұтқындау үшін екі бағыт қосынды бастап келіп отырмыз. Әмірсананы тұтқындау былай тұрсын, сендер керісінше сан-саққа жүгіртіп отырсыңдар. Бұл сендердің уақыт өткізу тәсілдерің екені анық. Ал бұның түбінде қазақ тайпаларына әкелер апатын аңғарған жоқсыңдар дедік. Біз тағы да олардың: «Біздің Абылайдың Әмірсана үшін нұсқау сұрауы – болмашы үміт қана. Егер сөзсіз тұтқындау туралы жарлық түскен болса, оған қиғаштық жасай алармыз ба? Енді 15 күн берсеңіздер елге суыт қайтып, Әмірсананы дереу ұстап тапсырар едік. Әсте жалған сөйлемейміз» деген сөздеріне қарап, оларға мынаны жарияладық: «Сендер созсаңдар да, созбасаңдар да біз бәрібір ұлы патшамыздың жарлығы бойынша үдере тартып, бүлікшіні сөзсіз ұстаймыз. Қолдары алдымыздан тосқауылдаса, түгін қалдырмай жайпап өтеміз. Бұның пайда-зиянын сендер Абылаймен бірге ойласыңдар» деп сол күні оларды қайтардық».
Жауғаш батыр мен Хангелді Әмірсананың соңынан қуғыншы болып түскен қосынның бірін басқарған Хадаханың қолына түсіп қалады. Қытай жылнамасында айтылып отырған жағдай осы тұтқынның ішінен Жауғашты босатып, Ежен ханның Әмірсананы ұстап беру жөніндегі жарлығын Абылайға жеткізіп, ұқтыру болатын. Абылайға келіп мән-жайды айтады, оның Ежен ханнан Әмірсанаға рақым етіп, жанын қиюын тілейтінін жеткізеді. 15 күн берсеңіздер, елге келіп, Әмірсананы тез арада ұстап беретінін айтады («100 құжат», А., 1998, 23-24 б.б.).
Қазақтардың 1756-1757 жылдардағы қытаймен соғысы жазушы-тарихшы М.Мағауин жазғандай әлі зерттеліп жазыла қойған жоқ. Бұл соғыстар Абылай ханның тікелей бас қолбасшылық етуімен жүргізілді, шайқасқа Жауғаш батыр да қатысқан. Абылайдың екпінді әскері Аягөз бойында Қытай әскеріне қарсы тегеуірінді шабуыл жасап, Цин әскеріне ойсырата соққы береді. 1757 жылы Цин империясы қазақтарға қарсы жаңа жорыққа әскерін көтереді, бұл күші, әскері көп, қару-жарағы мықты қолмен шайқасу оңай болмайтыны белгілі еді.
Абылай әскери жағдайды байыптап, Қытай қолбасшысы Фу Дэге Әбілпейіз сұлтанды, қасына қалмақ тілін жақсы білетін Жауғаш батырды және бірнеше кісілерді қосып, келісім жасауға жібереді. Цин әскеріне де Абылайдың әскерімен соғысу тиімсіз еді. Әбілпейіз сұлтан бастаған елшіліктің мәмілегерлік келісім жасауға бағытталған күш-жігерінің нәтижесінде күші әлденеше есе басым қолбасшы Фу Дэмен ұрысты тоқтату туралы келісім жасалады. Осы келісімді жасауға Жауғаш та қажыр-қайрат, батылдық, саяси тапқырлық көрсете білді. Бұл қазақ елі үшін ең бір тиімді келісім болды, сөйтіп еліміздің шығыс тарабындағы жағдай, шекара, шеп орнына келді. Еліміздің шығыс шекарасында тыныштық орнады.
Жоңғарларды жойған соң қазақ жерін түбегейлі қайтарып алу жолындағы арпалыс, күрес басталды. Іленің сол жағалауынан, сонау Шымкент, Созаққа дейінгі ата қонысын қырғыздар иеленіп алса, оңтүстігіндегі кенттерді, аймақты Қоқан хандығы жайлауға көшкен. Бұл күресте қазақтың ұлы сардарларымен бірге Жауғаш батыр да айрықша үлес қосты. Абылай оңтүстік шекара-шебімізді қалпына келтіріп, жерлерімізді қайтарып алды. Бұл теңдесі жоқ ерлік ұлтына, еліне қызмет етудің үлгісі болатын.
Жауғаш батыр ұзақ жылдар бойы Абылай ханның ту ұстаушысы, қолбасшысы, Жоңғар мен Қытай аралығында келіссөздер жүргізуші елшісі міндетін абыройлы орындаған әрі шешен, әрі батыр, әрі таптырмас мәмілегер болды. Жоңғар қалмақтарынан қазақ жерін толық әрі түпкілікті түрде азат ету шайқастарында ерен ерлігімен, аса ділмар шешендігімен, жүрек жұтқан қаһармандығымен қазақ хандығының іргесін мықтап нығайтуға тікелей атсалысып, сол жолда аянбай күрескен, өз өмірін құрбан етуге әзір тұрған тұлға еді. Жауғаш – қазақ жерінің аумағы мен тұтастығын сақтау жолында Абылай хан бастаған қазақ сардарлары, батыр-бағландары қатарында ауызға алынып, еңбегі лайықты түрде бағалануға тиіс баһадүр. Ол – еліміздің оңтүстік шекарасын қалпына келтіру жолында күрескен қазақ халқының даңқты ұлдарының қатарында есімі әспеттелетін нағыз ер.
Жауғаш батырдың ең ірі миссияларының бірі – басқыншылардан босатылған ата-бабаларының қоныстарына ел-жұртын қайта көшіріп әкеліп орналастыруы. Жер дауы, жесір дауы, мал дауы бітпейтін қазақтарды бейбіт, баянды тіршілік арнасына салады. Шетке ығысып қалған қазақтар ата қонысына, жайлауына, өрістеріне қайта иелік етеді. Мал-жандарының көбеюіне, ел-жұртының егін егіп, кәсіпшілікпен айналысуына ықпал етіп, ұйытқы болады. Ағайын арасындағы ынтымақтың, бәтуәлі тіршіліктің баяндылығын, бейбіт өмірді мұрат тұтқан Жауғаш батыр өнегесі уақыттың өзіндей өміршең еді.
Жауғаш батыр қалмақтармен қақтығыс, қанды қырғын шайқастар мен ауыр ұрыстарда жаудың найзасынан, атқан оғынан талай рет ауыр жарақат алған. Денесін оқ тиіп қотырланып жазылған қара дақтар, жау қылышы мен найзасынан тыртықтанып біткен жарақат іздері де айқыш-ұйқыш болып торлап кеткен екен. Қалмақтар найзасының ұшын кура деген уға суарады екен, улы найза ұшы тиген жер емделіп жазылғанымен, талаурап өмір бойы қайта қоздап, өршіп, жазылмай ақыры мерт қылады. Жаудың сондай улы найзасының ұшы Жауғаш батырға да тиген сияқты. Себебі алған ауыр жарақаттардың зардабының күшейіп, асқынып кетуінен Ер Жауғаш қайраты мен күш-қуаты, ақыл-парасаты кемелденген шағында, небәрі 49-ақ жасында жалған дүниеден озады. Ер Жауғаштың тарихи орны мен еңбегі һәм ерлігі, оның азаттық жолындағы өмір бойғы күресі Отанын, елін, халқын, жерін шексіз сүйіп ардақтаудың нағыз шынайы үлгісі болып қала бермек.
Мұхтар Қазыбек,
жазушы