Мұнайлы қаланың күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі – тұрғын үй қорының апаттық жағдайы мен тозығы жетуі. Тұрғын үй қорын жаңарту халықтың өмір сүру деңгейін жақсартудың маңызды міндеттерінің бірі десек, ескі үйлердің мәселе болып күн тәртібіне ілінуі дұрыс.
Қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында 262 көпқабатты үй бар, оның 232-сі 1960-1980 жылдар аралығында салынған. Ағымдағы жөндеу жұмыстары аясында олардың екеуі апатты деп жарияланып, 200-ден аса тұрғыны басқа үйлерге көшірілді. Сондай-ақ қалада күрделі жөндеуді қажет ететін 52 тұрғын үй бар. Қазіргі уақытта оның 15-і «Нұрлы жер» бағдарламасы есебінен жөнделген, қалған 37 ғимарат үшін кезең-кезеңімен қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр.
Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақовтың айтуынша, бұл шаралар қала тұрғындары үшін тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған және Жаңаөзендегі 40 ескі үйдің ағымдағы жағдайын анықтау үшін сараптамалық бағалау жүргізуге жіберілген. Талдау нәтижесі белгілі болған соң, апаттық деп танылған ғимараттар бұзылып, қалғандары күрделі жөндеуден өткізіледі.
Тұрғын үйге қатысты бұл жұмыстар Жаңаөзенде 2022 жылдан бастап қолға алынған 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй-коммуналдық даму бағдарламасына сәйкес тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы аясында жүргізіледі. Осы мақсатта бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінген.
Аймақ басшысымен кездесуде айтылған, Жаңаөзен тұрғындарын толғандыратын тағы бір мәселе – су тапшылығы. Қалада жаз айларында орташа есеппен тәулігіне 42 мың текше метр, ал қыста тәулігіне 30 мың текше метрге дейін су беріледі. Бұл мәселені шешу үшін 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшыту зауытын іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар қалада 2023 жылдың соңына дейін сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін қайта құру, кеңейту жоспарланып жатыр. ТҮКШ инженерлік жүйелерін жаңарту сумен жабдықтау сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Халықпен алты сағаттық кездесуде тұрғындар жұмыспен қамту, медициналық қызметтердің сапасы, бизнесті дамыту, ескі көппәтерлі үйлерге күрделі жөндеу жүргізу сияқты түрлі сұрақтар қойды, кейбірі үй алуға жәрдемдесу, сондай-ақ мұнай-газ саласына жұмысқа орналастыру туралы өтініш жасады.
Н.Ноғаев барлық мәселені қолданыстағы заңнама шеңберінде шешу қажет екенін атап өтті.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында мемлекеттік органдар жұмысында әділдік пен ашықтық қағидаттарын басшылыққа алуының ажырамас маңызын айтты. Ол халықта туындайтын барлық мәселе, соның ішінде жұмысқа орналасуға және ауыз суға қол жеткізуді қамтамасыз етуге байланысты мәселелер қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң шешілуге тиіс екеніне ерекше назар аударды. Мұнай-газ саласына жұмысқа орналасуға келетін болсақ, келісілген алгоритмнің талаптарын сақтамай, барлығын, тіпті кезексіз ұйымдастырудың мүмкін еместігі туралы бірнеше рет айттым. Біз әрқашан ашық диалог құруға дайынбыз. Алайда осы тұста менің атап өткім келетін мәселе – мұнай өнеркәсібінде ғана емес, басқа салаларда да қызмет атқару мүмкіндіктерін қарау керек. Мәселен, көптеген тұрғын дәрігерлердің тапшылығы туралы айтады. Осы мәселені шешу үшін мемлекет гранттар бөліп, тегін білім беруде. Сондай-ақ бизнеспен айналысамын дейтін жандарға біз мемлекеттік қолдау шараларына кепілдік береміз. Сонымен қатар болашақта жасыл энергетика, ауыл шаруашылығын дамыту және басқа да көптеген жаңа салада мүмкіндіктер өте көп», деді облыс әкімі.
Есепті кездесу аяқталған соң Н.Ноғаев Жаңаөзеннің 88 тұрғынын жеке қабылдады. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жалпы Жаңаөзен қаласына үш күндік іссапар барысында аймақ басшысы 145 тұрғынмен жеке кездесіп, мәселелерін тыңдаған.
Жаңаөзенде бәрі жақсы дей алмаймыз, еліміздің басқа қалаларындағыдай өзіндік мәселелері бар, тұрғындар оларды аймақ басшысына айтып, назарына ұсынды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ескі үйлер, су тапшылығы мәселелерін шешу жұмыстары қолға алынған, бұл мақсатты жұмыстар толық еңсерілген кезде қаланың ахуалы жақсара түседі деп сенеміз.
Маңғыстау облысы