Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Облыс әкімі дереу залда отырған Кішкенекөл ауылының әкімін орнынан тұрғызып: «Ауылыңызда қазір қанша адам жұмыссыз жүр?», деп сұрады. Ол: «200 адам жұмыссыз ретінде тіркелген», деп жауап берді. «Осыншама бос жүрген адамның ішінен бір бақташы таба алмасаңыздар, онда сіздер малдарыңызды қорада бағыңыздар. Қорада семіртілген малдың еті «мрамор» – бір қабаты май, бір қабаты қара ет болады», деп әзілдеді өңір басшысы. Бірақ іле қабағы түйіліп кетті. Арада бір апта өтер-өтпесте Уәлиханов ауданының әкімін қызметінен босатты. Ал оның орнына тағайындалған шенеунік өз жұмысын кішкенекөлдіктерге бақташы іздеуден бастапты.
Шынтуайтында, ғасырлар бойы ата кәсібіміз болған малшылықтың бүгінде беделі түсіп кеткені жасырын емес. Мұның бір себебі – тың игеру кезінен бастап ауылдық елді мекендердің маңындағы жердің көбі егін өсіру үшін жыртылып, жайылым көлемі тарылғандығында. Соның салдарынан малшылар бағымындағы төрт түлікті егіндікке түсіріп алмау үшін күні бойы ат үстінен түспей, айнала шапқылап, шаршап-шалдығып жүреді. Әсіресе қысы-жазы азығын даладан табатын Қамбар ата түлігін бағатын жылқышылардың жұмысы қиын. Өйткені оларға қарауындағы жылқыны жаюға қоса, түз тағысы мен ұры-қарыдан аман сақтау міндеті де жүктелген.
Малшы кәсібінің тартымсыз болып тұрғандығының тағы бір себебі – жалақысының аздығы. Бұған «Еңбек» электрондық еңбек биржасына жұмыс берушілер биылғы қазан айында орналастырған мал шаруашылығы жұмыскерлерінің бос орындарына қарап-ақ көз жеткізуге болады. Мысалы, Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «S-Agro-Borovskoe» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС), Жетісу облысының Ақсу ауданындағы «Олжас» шаруа қожалығы (ШҚ) өздері жұмысқа шақырған бақташыға 70 мың теңгеден басталатын жалақы ұсыныпты. Бақташыларға салыстырмалы түрде жоғары жалақы ұсынғандар – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы «Құрмет» (85-150 мың теңге аралығында) және «Сағынтай» шаруа қожалықтары (180 мың теңгеден бастап).
Шопандардың жалақысы да бақташылардікімен шамалас. Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданындағы «Серікбол» ШҚ, Шымкент қаласындағы «Қартабаев Талғар Асанбекұлы» дара кәсіпкері өздері іздеп отырған шопанға 70 мың теңгеден басталатын жалақы тағайындамақшы екен. Абай облысы Абай ауданындағы «Қасқабұлақ» ЖШС шопан болуға шақырған адамға айына 70-80 мың теңге төлемекші. Ал салыстырмалы түрдегі ең жоғары жалақыны (150-190 мың теңге аралығында) Жетісу облысының Панфилов ауданындағы «Сұлтанбаев Ердәулет Тоқтарұлы» ШҚ ұсыныпты.
Жылқышыларға ұсынылған жалақы мөлшері де әртүрлі. Осы кәсіп иелеріне «Qyzmet.kz» сайтында Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы «S-Agro-Borovskoe» ЖШС 70 мың теңге, аталған өңірдің Амангелді ауданындағы «Әділжан» ШҚ 70-100 мың теңге аралығында жалақы белгілепті. Ал Алматы облысының Талғар ауданындағы жылқы зауыты 200-230 мың теңге төлемекші.
Шопандар мен жылқышыларға қарағанда сауыншылардың айлығы сәл артығырақ болып шықты. Түркістан облысының Қазығұрт ауданындағы «Айсұлтан» дара кәсіпкері сауыншыға айына 150 мың теңге жалақы ұсынған. Ал Ақтөбе облысының Мәртөк ауданындағы «Айс» ЖШС өзі іздеп отырған сауыншыға ай сайын 240-260 мың теңге төлемекші.
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, осы жылдың бірінші жартысында еліміздегі орташа жалақы мөлшері 365,5 мың теңгеге жеткендігін ескерсек, малшылар қауымының табысы мәз еместігі анық. Сондықтан да мал шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өткізіп жүрген алқалы жиындарда мінбеге шығып: «Қазіргі жастар ауылда қалып, мал баққылары келмей, қалаға кетіп жатыр. Қартайған малшыларды кіммен алмастырамыз?», деп байбалам сала бергенше, мал мен оның өнімдерін сатудан түскен табысты әділ бөліп, малшыларға атқарып жүрген еңбегіне сай жалақы төлеу мәселесін қарастырғаны жөн деп білеміз. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданындағы «Ақселеу» ЖШС және Тайынша ауданындағы «Астық STEM» ЖШС сияқты алдыңғы қатарлы шаруашылықтар өз жұмыскерлеріне көптен бері лайықты жалақы төлеп келе жатқандықтан, малшы тапшылығын сезініп отырған жоқ.
Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың Түркістанда болған екінші отырысында: «Біз ел болып қарапайым еңбек адамын қадірлей білуіміз қажет. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болады. Ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болады.
Біз еңбек адамының мәртебесін көтеруге баса мән береміз. Елімізде түрлі саланың кәсіби мерекесі бар. Көбінесе мұндай мейрамдар назардан тыс қалып жатады. Менің ойымша, «Еңбек күніне» орай ең үздік мамандарды мемлекеттік деңгейде ұлықтаған жөн. Бұл қадам қоғамда еңбек культін орнықтыруға жол ашады», деген сөзі ойға оралады.
Расында да, қарапайым еңбек адамын қадірлейтін, оның мәртебесін көтеретін кез жеткені даусыз. Бұл ретте, әсіресе елімізде мал өнімдерінің молшылығын қамтамасыз етуге қысы-жазы маңдай тер төге атсалысып жүрген малшылар еңбегі әділ бағаланса, құба-құп.
Мемлекет басшысының сөзіне үн қосқан Парламент Мәжілісінің депутаты Ардақ Назаров Үкіметке биылғы 21 маусымда депутаттық сауал жолдап: «Жыл сайын әр өңірдегі білікті әрі озат малшыларды анықтап, оларға Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Біз бала кезімізде 100 қойдан 176 қозы алған Социалистік Еңбек Ерлері Жолсейіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз заманында ол кісілердің қолын алып, жүздесудің өзі мәртебе болатын», деді. Оған Үкімет берген ресми жауапта: «Үкімет «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулықты, Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары құжаттарының үлгілерін және Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары белгілерінің сипаттамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы №90 Өкіміне сәйкес көтермелеу шараларын жүзеге асырады. Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орайластырылған ауыл шаруашылығы қызметкерлерін дәстүрлі марапаттау тұрақты негізде жүргізіледі», делінген екен. Халық қалаулысының нақты ұсынысына нақты жауап берілмей, «Мен не деймін, домбырам не дейді?»-нің кері болып тұр.
Ардақ Назаров айтса-айтқандай, еліміздің тәуелсіздігі жылдарында белгілі мемлекет пен мәдениет қайраткерлеріне, жазушылар мен ақындарға, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларына, үздік дәрігерлер мен мұғалімдерге және тау-кен компанияларының бірнеше майталман жұмысшысына «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілгенімен, мұндай жоғары құрмет ата кәсібімізді жалғастырып, абыройға бөленіп жүрген қарапайым малшылардың ешқайсысына көрсетілмеген екен. Ойланарлық мәселе.