Ақтоғайдың тау-тасында ойнап өскен бала Дәулеттің арманы Ақсораңдай асқақ еді. Бала кезінен спортпен шұғылданған жігіт қатарластарына қамқор бола білді. Елге жәрдем бергенді жаны сүйетін. Үлкендерден бата алғанды ең үлкен бақыт санайтын. Осылай өскен перзент әуелде өрт сөндіруші боламын деп ойламаған.
Мектебін тәмамдап, ауылынан қанат қаққан жас Дәулет Қарағандыдағы педагогикалық институтқа, денешынықтыру мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны ойдағыдай бітіріп, Балқаштағы №7 мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады.
Тоқсаныншы жылдар. Жұрт жаппай базарға шыққан уақыт. Қаржы тапшылығы Дәулетке де сезіле бастаған. Осы кезде мардымсыз жалақы мамандығын ауыстыртады.
«Ол кезде жарнаманы газеттен, аялдамадан көруші едік. Сондай қаптаған қағаз ілінген тақтаның ішінен «Құтқарушы қабылдаймыз» дегенді тауып алдым. Неге екенін білмеймін, көңіліме қатты жақты. Сол шақта Жезқазған облысына қарайтын едік. Медкомиссиядан сол жақтан өткенмін», деп еске алады құтқарушы қатарына қабылданған шағын.
Сөйтіп, 1993 жылы Балқаштағы өрт сөндіру бөлімшесінің біріне жұмысқа да қабылданады. Жары Клара Кенежановамен бірге шаңырағын да көтереді. Ең алғаш жұмысқа қабылданғандағы мына бір оқиғасын да есіне алып, әңгімелеп берді.
«Таңғы төртте Шашубай шағын ауданынан дабыл қағылды. Жедел жетіп бардық. Бірінші қабаттағы пәтерді от шарпыған екен. Ол кезде қазіргідей үлкен оттегі аппаратымыз жоқ. Әйтеуір, түтіннен қорғанатынымыз бар. Үйдің ішіндегі ерлі-зайыптыны шығарып алдық. Түпкір бөлмеде екі бала қалыпты. Өрттің беті қатты. Қанша жерден құтқарушымыз десек те, үлкен тәуекелді қажет етеді. Сол сәтте ой үстіндегі мені алапат күш үйге алып кірді. Қып-қызыл оттың ішінен көзіңізді ашып жүру деген тіпті мүмкін емес. Әйтеуір, үйдің ішін ойша жобалап, әлгі бөлменің есігін теуіп кіріп, екі баланы алып шыққаным есімде қалыпты», дейді ол.
Осы бір құтқару жұмысынан кейін, мына бір ойды серт етіп алыпты: «Өрт сөндіру мамандығы ойланып тұруды қажет етпейді. Өртті өшіруден бұрын басты миссия – адам өміріне араша түсу. Өйткені тап сол тұста адам жаны – бізге аманат».
Міне, содан бері мінсіз қызмет етіп келе жатқан Дәулет Мұқатайұлы өрт сөндіру саласының түрлі қызмет сатысынан өтеді. 2010 жылы №5 өрт сөндіру бөлімшесінің қарауыл бастығы болып зейнетке шығады. Мықты маман, жедел құтқару жұмысын ұтқыр ұйымдастыра білген Дәулет Мұқатайұлын кім жібере салсын? Балқаштағы зауыттың «Серіктестік» атты өрт сөндіру бөлімшесінде №3 қарауыл бастығы ретінде қызметін әрі қарай жалғайды. Әлі де – осы қызметте.
«Біздің Дәулет Мұқатайұлының әуелі адами қасиеті жоғары екенін атап өтуіміз керек. Ұжымда үлкен беделі бар ағамыз үнемі кейінгі жастарға жол көрсетіп жүр. Таңдаған кәсібін ерекше ілтипатпен, адал да мінсіз атқарады», дейді әріптестері.
Қысқасы, Дәулет Мұқатайұлы тілсіз жаудың «тілін» ұғып, жалынды жедел құрықтаудың жолын ұйымдастыра алатын тәжірибелі маман, қадірлі құтқарушы. Отыз жылғы орасан еңбегі ескеріліп, омырауына «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалін таққан.
Қарағанды облысы,
Балқаш қаласы