Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
1990 жылғы 25 қазан мен 1991 жылғы 16 желтоқсан аралығында «Қазақ КСР-індегі мемлекеттік билік пен басқаруды жетілдіру туралы», «Қазақ КСР мемлекеттік мекемелері мен Конституциясын жетілдіру туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақ КСР Заңдары қабылданды. «Қазақ КСР Қауіпсіздік кеңесін құру туралы» Қазақ КСР Президентінің Жарлығы шықты, КОКП қызметі уақытша тоқтатылды, «Ағымдағы мезгілді бағалау және Республика егемендігін күшейту шаралары туралы» Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Қаулысы жарық көрді. «Мемлекеттік кәсіпорындар мен одаққа бағынышты ұйымдардың Қазақ КСР Үкіметі қарамағына өту туралы», «Қазақ КСР сыртқы экономикалық қарым-қатынастарының еріктілігін қамтамасыз ету туралы» Жарлықтары шықты. Қазақ КСР Коммунистік партиясы ОК таратылды.
Көріп отырғанымыздай, Қазақ елінің егемендігін орнықтыру бағытында нақты шаралар іске асырыла бастады. Мәселен, декларация халқымыздың қасіретіне айналған Семей ядролық сынақ алаңын жабуға да өз септігін тигізді.
Сол кезде әлі де болса өз қаһарындағы одаққа қарап келген кәсіпорындар мен мекемелерді, соның ішінде әскери-өнеркәсіптік кешені де бар, Қазақстанға бағындыруға жағдай жасалды. Егемендік декларациясы сол кезде қалыптасқан кер заманда қоғамды сабаға түсірген пәрменді құқықтық тетікке айналды. Сөйтіп, мемлекеттік егемендік туралы Мәлімдеме тарих алдындағы өз рөлін орындап, қазақ халқына кезінде айырылып қалған мемлекеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік беретін шешімге айналды.
Бұл іс оңайға түспеді, ол бізге текетірес пен қантөгіс күрес арқылы келді. Осы үдеріске қолбайлау болған кедергілер де аз болмады. Оларды еңсерудегі және ел ішіндегі КСРО-ны сақтап қалғысы келгендердің әрекеттеріне қарсы тұрудағы «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның» алатын орны бөлек. Ол – еліміз Конституциясының негізіне айналған республиканың тұңғыш заң актісі еді. Декларация алғаш рет табиғи ресурстардың, экономикалық және ғылыми-техникалық әлеуетінің Қазақстан меншігіне қайтарылуының құқықтық тетіктерін баянды етті. Демек, ол Қазақстанның тәуелсіздікке батыл қадамдар жасауына деген сенімділігін нығайтты. Яғни қазақ халқы егемендікті тәуелсіздікке дейін алды. Демек, 25 қазандағы Республика күнінің егемендік ұғымының символдық мән-мағынасы ретіндегі маңызы зор болғандығы осыдан. Сондықтан да ол тәуелсіздіктің алғашқы қадамы болып саналады.
Сондықтан 2009 жылдан кейін мерекелік күндер қатарынан түсіп қалған Республика күнін еліміздің ұлттық мейрамдар тізбесіне қайтадан енгізу туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың шешімі халықтың көңілінен шыққаны ақиқат. Сонымен бірге Президент Тәуелсіздік күні өзінің бастапқы мәнін сақтай отырып, ол тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілетіндігіне назар аударды. Бұл – өте орынды пайым. Себебі халқымыздың санасындағы тәуелсіздік пен желтоқсан көтерілісі сияқты екі қасіретті де қастерлі ұғымдар қатар келіп екі жерде емес, енді бір жерде және бас қосып бірлесіп елдің азаттығы үшін күресіп, қан төккен батыр ата-бабаларымыз мен кейінгі күннің ерлеріне тағзым ететін күнге айналса екен дейміз.
Республика күні туралы сөз қозғағанда ең алдымен «егемендік» ұғымы ойға келетіні заңды нәрсе. Содан кейін «егемендік» пен «тәуелсіздік» терминдерінің олардың кейбір «өзгешелігіне» қарамастан, әсіресе құқықтық тұрғыда, егіз және қазақ халқы үшін қымбат түсініктер екендігін де естен шығаруға болмайды. «Республика күні» деген кезде оны жалпы «республика» феномені турасында емес, Қазақстанның егемендігі тұрғысында қарастыру қажеттілігі туындайды. Біз мұнда республикалық немесе монархиялық басқару жүйесі туралы емес, қазақ елінің егемендік алуын әңгіме етіп отырмыз. Өйткені мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру егемен елдің Конституциясы шеңберінде шешілетін мәселе. Егемендік туралы мәлімдемей тұрып өзімізді республика ретінде жариялау мүмкін болмас еді. Ендеше, мұндағы «республика» ұғымын «Қазақстан Республикасы», «Қазақстан» немесе «Қазақ елі» деп түсініп, оған тиісті басымдық берген абзал.
Ендеше, Егемендік пен Тәуелсіздік сөздері іліктес, бір-бірімен сабақтас және қастерлі ұғымдар болғанымен біріншісінің орны расында да айрықша. Егемендік күні бүгіндері қазақ халқының ғасырлар бойы асыға, өзегі тала көптен күткен көзайымы болып, оның рухын көтеріп, жанына сая, көңіліне медет болатын басты мерекесіне айналып отыр. Ол Қазақстанда мемлекет құру жолындағы тарихи қадамның рәмізі ретінде елдігімізді айқындап, болашағымызды бағдарлап берді.
Егемендік мемлекеттің шексіз және тұрақты билігін айқындай отырып, оның өз аумағында толық билікке ие болу жағдайы және оның басқа мемлекеттерден тәуелсіздігін көрсетеді. Демек, егемендік – толыққанды дербес мемлекеттік биліктің белгісі және мемлекеттік биліктің бірлігін, үстемдігі мен тәуелсіздігін анықтайтын мемлекеттің мәні. Егемендіктің ерекшелігі сонымен қатар оның функциясының әмбебаптық және жасампаздық сипатында. Егемендікке халық, ұлт және мемлекет сияқты әлеуметтік-саяси нышандар тән. Бұлар өзара белгілі бір объективті байланыстар мен біртұтастық жағдайда болады. Ендеше, егемен мемлекет халықтың егемендігін көрсетеді және оның кепілі болады. Сонымен бірге егемендікті халықтық, ұлттық және мемлекеттік егемендіктің бірлігі айғағы ретінде де қабылдауға болады.
Декларация Қазақ КСР-нің дербес түрде республикадағы саяси, экономикалық, әлеуметтiк және ұлттық-мәДени құрылысқа, оның әкiмшiлiк-аумақтық құрылымына байланысты барлық мәселенi шешетіндігі, мемлекеттiк өкiмет және басқару органдарының құрылымы мен құзыретін, сондай-ақ Республиканың рәміздерін белгілейтінін заңдастырды. Ол республиканың шынайы егемендігін заң жүзінде бекітудің бастамасы болды. Декларацияның саяси-құқықтық мәнінің аса зор болғандығы соншалық, ол әуелі Қазақстан мемлекетінің егемендігін қамтамасыз етудің барлық дерлік қажетті шартын құрды және заң жүзінде бекітіп берді.
Декларацияның маңызы сонымен қатар оның республиканың тағдыры мен мәртебесін айқындағандығында жатса керек. Бұл құжат Қазақ КСР-нің экономикалық жүйесінің негіздерін бекітті және Қазақстанның халықаралық қатынастың толыққанды субъектісі ретіндегі конституциялық-құқықтық мәртебесін анықтады. Декларацияның ең маңызды тұсына Қазақ КСР-інде мемлекеттік биліктің заң шығару, атқару және сот тармақтарына бөліне отырып жүзеге асатынын алғаш рет бекітуін жатқызуға болады.
«Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясы басқа қоғамдық-экономикалық формацияда қабылданса да осы күнге дейін мемлекеттік және қоғамдық өмірдің ең маңызды тұстарын айқындап келеді. Ол Қазақстанды алғаш рет өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, өзіндік даму болашағы бар егеменді мемлекет ретінде жариялағандықтан, декларацияда болашақ тәуелсіз Қазақстан Республикасының шынайы егемендігінің ел аумағының біртұтастығы және қолсұғылмаушылығы, азаматтығы, мемлекеттік биліктің дербестігі мен толықтығы, мемлекеттік бюджет пен халықаралық қатынастардың дербестігі, мемлекеттік тәуелсіздіктің нышандары көрініс тапты.
Сонымен бірге егемендік мемлекеттік биліктің ел ішінде толыққанды үстемдік етуін, онда мемлекет пен халық билігінен басқа ешқандай биліктің болмайтындығын көрсетті. Дегенмен, Қазақстанның өзіне алған кейбір халықаралық міндеттемелері мен осындай тиісті құқықтар оның тәуелсіздігін белгілі бір мәселеде шектеуі мүмкін. Бірақ одан Қазақстан мемлекеттік егемендігін жоғалтпайды. Осы тұрғыдан алып қарағанда тәуелсіздік туралы конституциялық заң Қазақстан территориясы шегінде қазақ мемлекетінің егемендігін бекітті. Ендеше, еліміздің егемендігін халқымыздың басына қайтусыз және біржолата қонған бақ та, бақыт та деп қабылдап, түсінген жөн. Өйткені Егемендік туралы декларация қабылданған кездегі таблодағы нәтижені көргендердің көпшілігі көзіне жас алған екен. Сонымен қатар олардың арасында үміттің де, күдіктің де, ызаның да, ендігі күніміз қандай болады деген қобалжудың да, бұл не болып кетті деп аңтарылудың да болғаны анық. Олай болса, Егемендік пен Республика күнінің қадір-қасиетінің, құдірет-құндылығы мен тарихи маңызының сол көздің жасында жатқандығы да ақиқат...
Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,
Мемлекет тарихи институтының
бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы