Қоғам • 19 Қазан, 2023

«Е-қызмет» жүйесінің жаңашылдығы

264 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде 378 азамат цифрлық іріктеу арқылы мемлекеттік лауазымға тағайындалды. Мұн­дай жаңа мүмкіндік «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы арқылы іске асқан. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырған баспасөз турында айтылды.

«Е-қызмет» жүйесінің жаңашылдығы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Басқосуда сала өкілдері мемле­кет­тік қызмет саласындағы негізгі же­тістіктер, оның ішінде заң­на­малық бастамаларды іске асыру, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру ба­ғытындағы іс-шаралар және агенттікті толыққанды HR-институтқа айналдыру жоспарларымен бөлісті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік қызметті жаң­ғырту тапсырмасын жүзеге асыру аясында 4 заң қабылданды. Құжат­қа сәйкес бірқатар тәуелді акт де әзір­­ленді. Бұл жұмыстардың басты мақ­саты – саланы одан әрі жетіл­діру, заман талабына сай түбегейлі жаң­ғырту.

– Мемлекеттік аппаратты бюро­кратиялардан арылту бойынша жүр­гізілген мониторинг және талдау нәтижелері бойынша агенттік 373 ұсыныс әзірледі. Оның 91-і бар­лық мемлекеттік аппараттың қыз­метіне, қалған 282-сі білім беру, ден­саулық сақтау, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау, қаржы, сау­да және интеграция салаларына қатыс­ты. Бұл ұсыныстар адамдардың қажет­ті­ліктеріне барынша бағдарланған сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, сондай-ақ бюро­кратиялық кедергілерді азайтуға бағытталған.

Мәселен, 2023 жылы 1 шілдеден бастап облыстық және аудандық маңызы бар қалалардағы жер комиссия­сы институты алынып тасталды, бұл өкілеттіктері бар адамдарға өз бетінше шешім қабылдауға, тиі­сін­ше олардың жауапкершілігін жеке­лендіруге мүмкіндік берді, деді Мемлекет­тік қызмет істері агенттігі төрағасы Дархан Жазықбай.

БАҚ және қоғам өкілдері үшін ұйымдастырылған баспасөз турында мемлекеттік қызметті мейлінше оң­тайландыру тек құқықтық-норма­тив­тік құжаттарға өзгертулер енгізу­­мен шектелмейтіні айтылды. Яғни мем­лекеттік қызметшілерге қойы­латын талаптар да күшейтіледі. Сәй­кесінше, шенділердің кәсіби-тұлғалық болмысы жетіледі.

– Агенттік қызметінің басты ба­ғыт­тарының бірі – халыққа сапалы мем­­лекеттік қызмет көрсету. Көр­сеті­летін қызметті алушылардың құқық­тарын қорғауға және қалпына келтіруге ерекше назар аударылады. Жыл басынан бері агенттік қызмет алушылардың 629 өтінішін қарады. Қорытындысы бойынша 181 азаматтың дәлелдері расталып, құқықтары қалпына келтірілді. Ең көп шағымдар «Азаматтарға арнал­ған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ және жергілікті ат­қарушы органдардың жер қаты­настары, сәулет, тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық, жұ­мыс­пен қамту және әлеуметтік қам­сыз­­дандыру салаларының қызмет­кер­лерінің әрекеттеріне қатыс­ты бо­лып отыр. Бұдан басқа, көрсетілетін қызметті берушілердің 577 қызметкері тәртіптік, ал 298 мем­лекеттік органдардың басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік айыппұл түрінде 22 млн теңгеден аса айыппұл өндірілді. Қоғамдық бақылау аясында мемлекеттік қызмет көрсететін 882 ұйымға бардық. 732 заң бұзушылық анықталып, 852 ұсыныс енгізілді. Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету рәсімдерін жетілдіру бағытында өткен жылы – 560, биыл 250 ұсыныс әзірледі, – деді агенттік төрағасының орынбасары Салауат Мүксімов.

Баспасөз турында мемлекеттік қызметке кіру үдерісін жеңілдету мәселесі де сөз болды. Мемлекеттік грант есебінен жоғары оқу орындарын үздік бітірген, GPA кемі 3,33-тен жоғары түлектерді аудандық және ауылдық деңгейлерде төменгі лауа­зымдарға конкурстан тыс тағайындау мүмкіндігі енгізілген. Бүгінде бұл игілікті 59 жас көріп үлгерген.

– Агенттіктің келісімі бойынша конкурссыз «Б» корпусының басшы лауазымдарына тікелей тағайындау жеке сектордан білікті және салалық тәжірибесі бар мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Заң қолданысқа енгізілгеннен кейін 188 тағайындау келісілмек. Сондай-ақ оқу барысында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген Мемлекеттік басқару академиясы­ның түлектерін өңірлік органдарға конкурссыз тікелей тағайындау да мемлекеттік қызметшілерді өздерінің кәсіби дамуына назар аударуға ынталандырады. Қазіргі уақытта академия үздік түлектерінің ішінен конкурстық іріктеусіз 8 тағайындау жүзеге асырылды, – деді Президент жанындағы МБА ректоры Ерлан Әбіл.

Биыл бірінші наурыздан бастап бес мемлекеттік органда «Е-қызмет» жүйесінің сыртқы порталы көмегімен іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Қанатқақты жобада адами факторды болдырмау үшін мемлекеттік лауазымға үміткерлердің деректері ІD нөмірлер беру арқылы жүргізіледі. Заңнаманы білу, жеке құзыреттерін бағалау және мәтіндік-сандық тестілеу толығымен автоматтандырылған.

– Жүйе нәтижелерді шығарып, қатысу­шыларға хабарламалар жібе­реді және қорытынды кезеңге – сұх­батқа қатысу үшін ең үздік үш үміт­керді таңдайды. Барлық кезеңнің қорытындысы бойынша ең жоғары балл жинаған үміткер жеңімпаз болып танылады. Конкурстарға қатысудың онлайн кезеңдері үшін прокторинг жүйесі қолданылады. Үміткерлер тарапынан тестілеу ережелерінің кез келген бұзушылықтары: қашықтан қол жеткізу бағдарламаларын, құлақ­қаптарды пайдалану, бөгде адам­дардың көмегіне жүгіну жағдайлары тіркеледі және үміткерлер шеттетіледі. Бүгінде мемлекеттік қызметтің «Б» корпусының бос лауазымдарына орналасуға 767 конкурс өткізілді. Оларға 4 489 үміткер қатысуға ниет білдіріп, оның 378-і жеңімпаз болып танылды, деді МҚІА төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева.

Айта кетерлігі, шенділердің кәсіби, отба­сылық және жеке қажеттіліктерін еске­ре отырып, қолайлы жұмыс кестесі де ен­гізілген. Қазір 738 мемлекеттік қыз­мет­ші қашықтан жұмыс істеу және басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып жүр.