Оның туып-өскен жері – Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы. Махмұт атамыз бен Ұмсындық анамыздың отбасынан тараған он перзент – бүгінде ержетіп, өмірде өз орындарын тапқан азаматтар. Академик Хангелді Махмұтұлы үнемі ата-бабасының ғұмырнамасын, тәрбиесін, ұрпақ сабақтастығын мақтанышпен айтып отырады. Арғы аталары осал емес. ХVІІІ ғасырда 20 жылдай Ташкентті билеген, әділ би, батыр Нияз Барқыұлының ұрпағы.
Өзінің ғибратқа толы ғұмырында Х.Әбжанов талай белесті бағындырды, отандық тарих ғылымының іргелі мәселелерін зерделеуге өзіндік үлесін қосып, шәкірт тәрбиелеп, олардың ғылым жолына түсуіне ықпал етті.
Мен Хангелді Махмұтұлымен алғаш рет 1993 жылдың тамыз айында танысқан едім. Сол жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазҰПУ) тарих факультетін «Тарих және қосымша құқық» мамандығы бойынша үздік тәмамдап, аталған жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедрасына оқытушылық қызметке қалған болатынмын. Тамыз айының ортасына қарай ол кісі телефон соғып: «Сіз жаңадан ашылған Тарихнама және деректану кафедрасына оқытушылық қызметке қабылдандыңыз. Мен сол кафедраның меңгерушісімін. Ертең университетке келіңіз, қалған мәселені кездесу барысында анықтаймыз», деді.
Таңертең келіскен уақытта университетке келсем, алдымнан бір қарағанда Әлкей Марғұланға, енді бірде Мұхтар Әуезовке ұқсайтын бір кісі шықты. «Мен кеше өзіңе телефон шалған Хангелді ағаң боламын», деді жылы шыраймен. Содан кейін жұмыс барысын, басқа да мән-жайларды түсіндірді. Осылайша, Х.Әбжановтың байсалдылығы мен парасаттылығының арқасында университетте алғаш рет тарих ғылымының тарихнамасына, деректануына арналған арнайы кафедра және «Архивтанушы» мамандығы ашылып, оған жетекшілік етті.
Бірге қызметтес болған 1993-1999 жылдар аралығында Хангелді Махмұтұлы менің ұстаз, ғалым болып қалыптасуыма арқау болып, отбасылық өмірімде де ағалық қолдауын көрсетті. Білім, ғылым жолы инемен құдық қазғандай екенін жақсы біле тұра, сол жолды таңдағандықтан, кандидаттық, докторлық диссертациялардың тақырыбын анықтау, зерттеу жұмыстарымен айналысу бағытындағы даңғыл жолды Хангелді ағамыз салып берді. «Ақмарал, біздің тарихымызда зерттелмеген дүние көп қой. Дегенмен мүлдем қарастырылмағандары да бар. Сен осы Қазақстан музейлерінің қалыптасу, даму тарихын зерттесең қалай болады?» деген пікірін қабылдап, 1999 жылы кандидаттық, кейін араға он жылдай уақыт салып докторлық диссертация қорғадым. Осы еңбегімнің арқасында қазіргі таңда еліміздің іргелі мәдени ошақтарының бірі Ұлттық музейде қызмет атқарып жүрмін.
Осы аралықта ақылшы, кеңесші болып жанымда асқар таудай ағам Хангелді Махмұтұлы болды. Шын мәнінде, қазіргі таңда музей ісіне арналған мұндай кешенді еңбек бұдан кейін жазылмаған екен. Еліміздің жалпы мәдени нысандарының, мәселен, архив ісі, кітапхана ісі тарихына арналған зерттеулер жоқтың қасы еді. Хангелді Махмұтұлы Отан тарихының осы бір бағытын зерттеу нысаны етті. Мұны академиктің тұжырымды ойлауының нәтижесі деп бағалауға болады.
Хангелді Әбжанов Алматыда басталған қызметтік жолымыз 2000 жылдың басында елорда төріндегі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жалғасын тапты. Сол жылдары Сейіт Қасқабасов, Рымғали Нұрғали, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек, Тұрсын Жұртбай, Сартқожа Қаржаубай сынды тұлғалармен әріптес болды. Тарих, тіл, әдебиет саласындағы ғылыми-зерттеу институттарын басқарып отырған марғасқа ағаларымызбен тағылымды пікірлесу оның тарих ғылымына деген көзқарасына, зерттеу дағдысына айтарлықтай өзгеріс әкелді. Осылайша, «Қазақстан тарихы» академиялық көптомдығының жазылуына қатысып, мәдениет тарихы, Қазақ хандығы, дәстүрлі қазақ қоғамы бөлімдерінің дәйекті жазылуына өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар Еуразия ұлттық университеті мен Астана қаласының дамуына еңбек етті.
«Ұлтына, жұртына қызмет қылу – білімнен емес, мінезден», деп Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан айтпақшы, ғалымның бойындағы туа біткен парасаттылығы мен жайсаң мінезі отандық тарих ғылымының дамуына айтарлықтай әсер етті. Ғалымның ғылыми-зерттеу бағыттары: тарих методологиясы және дәуірлеу мәселесі, байырғы түркілер мұрасы, тарих үдерісі және ұлттық идея, ұлт зиялысы, ұлттық идея және азаттық қозғалысы, социализм және Қазақстан мәдениеті, тарихи өлкетану және ономастика, тіл мен тарих байланысы мәселесі.
Бүгінде академик Х.Әбжановтың ой-елегінен туындаған ғылыми ұстанымдар тарих ғылымының теориялық-әдіснамалық тұстарының ұлттық, өркениеттік жағынан пайымдалуына ықпал етіп келеді. Мәселен, ғалым өз еңбектерінде Қазақстан тарихын зерттеудің методологиясы мәселесіне ерекше мән беріп, «ол ғылыми ізденіс пен нәтижені оралымды ұйымдастыруға һәм дәйектеуге мүмкіндікті молайта, жетілдіре беру қажет» екенін көрсетеді. Өз еңбектерінде Қазақстан тарихын зерттеудің түрлі методологиялық ұстанымдарына назар аударған.
Академик Х.Әбжанов ұлт тарихын дәуірлеуді жаңаша методологиялық көзқарас тұрғысынан: Көне Қазақстан; Түркілену, исламдану, қазақтану дәуіріндегі Қазақстан; Қазақ хандықтары немесе табиғи-дәстүрлі даму дәуірі; Зар заман дәуірі; Тоталитарлық зорлық пен кеңестік модернизациялау дәуірі; Азаттық дәуірі деп қарастыруды ұсынады. Ғалымның бұл пайымы – отандық ғылымды зерделеудегі үлкен жаңалық. Мұндай қадам бұрынғы қатып қалған идеология мен сыңаржақ методологиядан арылып, жаңаша этноконцептік қағидаттарға негізделген өркениеттік методологиялық ұстанымдарға жетелейді, бұл жас зерттеушілер үшін өте маңызды.
Хангелді ағамыздың тарих ғылымын дамытуға қосқан үлесі, жанында жүрген адамға деген адал, таза қарым-қатынасы, адамдық қасиеттері, сөйлеу әдебі, бір сөзбен айтқанда, қазақ ғалымына тән, ұлттық ғылымда эталон саналатын ғылымға, әріптестеріне, шәкірттеріне, ой еңбегіне деген адал қарым-қатынастың қайталанбас бедерлі мәдениетін көрсетеді.
Талантты ғалымның жетекшілігімен 15 ғылым докторы, 41 ғылым кандидаты даярланды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл», «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, Хангелді Махмұтұлының шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып, Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеп, ғылымның дамуына өз үлесін қосып отыр.
Академик Хангелді Әбжанов қаламынан 600-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілік зерттеу дүниеге келді. Жақында ғана мерейтойына орай тұсауы кесілген бес томдық «Табалдырық», «Тағдыр», «Тұлға», «Тарту», «Тарихшы» кітаптарының орны бөлек әрі маңызы жоғары. Бұл еңбектер ғалымның жылдар бойы тірнектеп жинаған құнды материалдарының негізінде жазылған. Әр кітаптың мазмұны қазақ тарихының ғасырлар қойнауына енген құпия-сырларын ашады. Мәселен, «Тұлға» кітабында Абылай дәуірі, Абылай ханның заманы жайында айтылса, «Тарту» кітабында егемендікке, дербестікке жету жолындағы маңызды оқиғалар желісі баяндалған. Алаш зиялылары мен қуғын-сүргін құрбандары бойынша зерттеулері, тұжырымдары тарих ақтаңдақтарын жоюға қосқан сүбелі үлесі деп бағалауымыз керек.
Хангелді Махмұтұлының тағы бір ерекше айта кететін ұстанымы – әділеттілік, турашылдығы. Осы қасиеттерді жас ұрпақтың бойына дарыту мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Біз ұстазымызды бүгінгі тарих ғылымының абыройы, биік тұлғасы санаймыз. Ғалымның тарихи-танымдық ғылыми туындылары мен шынайы шығармашылығы – сала мамандары үшін шеберлік мектебі.
Ақмарал ИБРАЕВА,
Ұлттық музей директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор