Өз басым қазіргі таңда жігерлі журналшы, қалам қуатымен бұқараны баурап жүрген Жақсыбай ағаны алғаш осылай таныдым. Расын айтсам, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзіліп, асылы арып, жасығы тойынған кер заманда (Дулат Бабатайұлы) өшіп қалған шоқты үрлеп, өтіп кеткен жоқты іздеп, күлге айналып жанып кеткен тарихты қайта түлетуге ұмылған бұл азамат тегін адам болмады. Менің алғашқы ойым еді бұл.
Арада бір ай өткен жоқ, «Егемен Қазақстан» газетінің 22 қарашадағы санында Жақсыбай Самраттың «Абылайдың ақ үйі... Аңыз емес, ақиқат» атты жазбасы жарқ етті. Мақаланың тоқетері: Жақаң арнайы сұрау салудың нәтижесінде РФ СІМ архивінен 1765 жылы (ол кезде Петропавл деген қала атымен жоқ) Қызылжар өңіріне Абылай ханға орда тұрғызылғаны жөнінде құжатқа қол жеткізген. Автор: «Абылайға арналған үй Қызылжардағы дөңге салынған алғашқы нысан деп айтуға болады. Сөйтіп, «біздікі, біз салғанбыз» деп өзеурейтін кейбіреулердің аузына құм құятындай болып, алғашқы үйдің қазақ ханы Абылайға арнап салынғандығы, бұл жердің қазақ халқына ғана қатысты екендігі анықталды», деп мақтанышпен баяндайды.
Бұл оқиғаны неге тәптіштеп отырмыз. Білген жанға бұл – керемет жаңалық. Тегі жүрегі елім деп соғатын, сол елінің жыртығын жамап, жел жағына ық болайын дейтін ықыласы мол, мақсаты биік жандардың қолынан келетін шаруа. Өз басым Жақсыбай Баянұлын тек осы әрекеті үшін бағалаймын.
Содан кейін тағы бір аңғарғаным, ағамыз кез келген жазбасында ешқашан «Петропавл» демейді, Сәбит Мұқанов атасы сияқты «Қызылжар» деп жорға жүрісінен қырып жіберсе де танбайды. Қысқасы, Жақаң – өзінің идеясынан, өзінің ұстанымынан, өзінің көзқарасынан, өзінің мақсатынан, өзінің танымынан таймайтын піл табанды адам.
Білген, яки оқыған жан Жақаңның туабітті табиғи тазалығы мен текті талғамын аңғара алады. Бұл қасиеті журналистік жазбаларынан гөрі, прозалық шығармаларында айқын көрініс тапқан. Әрі прозасы әдеби көркемдіктен бұрын, дәуір шындығына жақын. Айталық, өткен ғасырдағы ұлт тарихының жаралы беті Желтоқсан көтерілісіне (1986) қатысты жазылған «Бітеу жара» романында шовинистердің арам пиғылын қақырата әшкерелесе, тіпті туынды кейіпкерлері Горбачев, Колбин, Лигачев, Қонаев, Камалиденов, Меңдібаев, Назарбаев сияқты партия функционерлері нақпа-нақ есім-сойларымен шығармада менмұндалап айқайлап тұр.
Жазушы Мұхтар Мағауин бұл романды өзі басқарып отырған «Жұлдыз» журналына түп қопарып түгелдей басып жариялауы тегін емес, әрине. Сондай-ақ Жақаңның екінші романы «Өзгеленді бұл ғаламды» оқыған терең ақыл иесі Амангелді Айталы марқұм алтын басын шайқап, ағамыздың маңдайынан иіскеген екен. Әбекең қатты риза болғанда сөйтеді. Өйткені туындыда тәуелсіздік жылдарындағы солтүстік өңірдегі сепаратистік әрекеттер, оған қарсы күрескен жергілікті қазақтардың қарапайым әрекеттері баяндалған. Бұл шығарма, расын айтсақ, тәуелсіздік жылдарындағы өңір ахуалын баяндаумен қатар, халық арасындағы мылтықсыз майданды суреттейтін құнды туынды.
Ағамыз ақ қайыңы сыңсыған, ақ самалы желпіген, көкорайы жайқалған, иісі жұпар, ауасы самал, бірақ шығармашылық шабыты шау тартқан солтүстікте, соның ішінде бұрынғы Ленин, қазіргі Есіл ауданының Тауағаш дейтін кілең қазақтар тұратын елді мекенде өсіп-өнді. Үлкен орта, үлгілі ұстаз көрген жоқ. Сөйте тұра қаламы – қылыш, сөзі – маржан.
Біз де әдеби-рухани мектеп көрмегендер сапынан едік, бірақ көзімізді тырнап ашқалы жырмен сусындап, дастанмен ауыздандық, ескінің әңгімесін көп тыңдадық әрі күні-түні талмай кітап оқыдық. Осылай жетілдік. Қызық! Жақаң да дәл сондай екен. Бәсе деймін, әдеби шығармаларында эпикалық тыныс басым. Демек Жақаңның мектебі – қазақтың отбасылық құнарлығы. Оған дәлел-дәйек те бар. Облыстық «Soltustik Qazaqstan» газетінің 18 қазан күнгі санында жарық көрген «Журналист сыншыл болу керек» атты сұхбатында: «Жас күнімде әңгімені көп тыңдадым. Үйге қонақ келсе, ұйықтаған болып жатып, олардың әңгімелерін тыңдайтынмын. Кітапты да көп оқыдым, ұнаған кей тіркестерді қойын дәптеріме түртіп алып, реті келгенде пайдаланатынмын. Бірде дүкеннен сұрағанымды әпермеген шешеме «жұмыртқадан жүн қырыққан сараң екенсіз» деп таңғалдырғанмын. Сол кезде 2-3 сыныпта оқимын. Шешем ондай сөзді бұрын естімеген екен, таңданысын жасырмады. Жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятында Аян деген бала бар ғой. Соған ұқсап ойымнан ертегі құрастырып, балаларға айтып беретінмін. Айналамдағы адамдарды тамсандыруға ынтық болдым... Сабақта бірінші болып жауап беруге, жұмбақ айтылса, бірінші болып шешуге тырыстым... Өте ұқыпты, тыңғылықты болдым. Әрбір затымның өз орны болатын, бәрін өз орнына жинап қоятынмын», деп толғаныпты.
Менің аңғарғаным, Жақсыбай аға жоғарыда айтқандай, өте ұқыпты, тым тиянақты. Бұл қасиет ағамызға алғашқы мамандығы әрі көп жыл несібесін айырған «есепшіліктен» дарыған болуы да мүмкін. Бұның өзі бір тарих. Өзі айтады: «Орта мектептен соң жан дүнием әдебиетке тартып тұрса да, алыстағы Алматыға беттей алмай, жақын жердегі Целиноград (қазіргі Астана) қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтының «экономфагіне» құжат тапсырдым. Қазақ мектебін бітіріп келген маған орыс тілінен диктант жаздырып құлатып жіберді. Содан құжаттарымды алып, жақын маңдағы Қаржы-экономикалық техникумға тапсырдым».
Жақсыбай Баянұлы осылай қаржыгер атанған. Текникумды бітірген соң өзі сүйіп айтатын Қызылжар қаласына келіп, салық инспекторы болып аз ғана уақыт істеген. Кешікпей ҚазМУ-дың философия-экономика факультетіне оқуға түскен. Оны аяқтаған соң облыстық көлік басқармасында сегіз жылдай аға ревизор, бөлім бастығы, бас бухгалтердің орынбасары сияқты қызметтер атқарып, 1993 жылы басқарма тарағанға дейін еңбек еткен.
Сөйтіп, 1993 жылы ағамыз, жазушы Оралхан Бөкей «Журналистика – жол үстіндегі әдебиет» дегеніндей, осы салаға түбегейлі ауысқан. Алғашқы қадамынан облыстық телевидениеде қызмет атқара жүріп, ҚарМУ-дың тіл-әдебиет факультетін сырттай оқып алған. Осы жылдары әртүрлі тақырыпта қалам тербеген журналистік ой-толғамдары республикалық басылымдарда тұрақты жарияланып тұрды. Жазбаларында қоғамдағы көкейкесті мәселелерді әр қырынан көтере білді. Жерлесі һәм кестелі сөздің шебері Ғабит Мүсірепов барлық қаламгерге қаратып айтқан: «Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз. Екіншіден, ойланып жаз, ойлы жаз, ой сала жаз, ойландыра жаз! Үшіншіден, ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз», дегеніндей, Жақсыбайдың журналистік жазбаларында Ғабең айтқан сипаттардың бәрі болды.
Ағамыздың ең бір ашылған, арғымақтай арқырап көсілген кезі – «Егемендегі» күндері. Жақаң табалдырыған аттаған 2004 жылдары ел газеті Ержұман Смайылдың басқаруында нағыз толысып тұрған шағытын. Өтірік десеңіз, газет тігіндісін ақтарып көріңіз. Көзіңіз жетеді.
Жақаң мәртебелі басылымда еңбек еткен 2004-2014 жылдар аралығында Президент пулында болып, Мемлекет басшысы, Парламент төрағасы және Үкімет мүшелерінің шет мемлекеттерге жасаған сапарлары туралы мақалалар жазды. «Президентпен бірге 30 шақты шет мемлекетте болдым. Ел көріп, жер көріп, көкірек көзім ашылып, өмірлік көзқарасым қалыптасты. Осы сапарлардан түйгенім: қазақтың әр баласының жүрегінде «мен осынау ұлан-байтақ жердің иесімін, елімді, жерімді қорғаймын» деген аяулы сезім болуы керек екен. Оны кез келген жерде, ортада айта білу маңызды екеніне көзім жетті», дейді ағамыз.
Қазір ел ағасы жасына жеткен Жақсыбай ұқыпты адам. Президенттік пулда жүріп газетке жарияланған публицистикалық жазбаларын «Ізденіс жылдары» деген атпен жеке жинақ етіп топтап қойыпты. Бұл кітаптың ерекшелігі – біріншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы мемлекеттің саяси бағыт-бағдарының баяны іспеттес болса, екіншіден, жас журналистер үшін оқулық болуға жарап тұр.
Қашанда қаламы қолынан түспейтін журналист өзінің жеке өмір жолын баяндайтын екі томнан тұратын мемуарлық роман жазып қойыпты. Атауы – «Өмір жолы – тар соқпақ». «Бұл кітапта Қызылжардағы ұлтаралық ахуал, аумалы-төкпелі кезең туралы көзіміз көрген, басымыздан өткен оқиғалар толық баяндалады», дейді автор. Бұйырса, бұл туынды кешікпей оқырман қолына тиері анық.
Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, біздің кейіпкеріміз – ерекше еңбекқорлығының сыртында өте турашыл, шыншыл, әділетке жақ, қиянатқа қас адам. Мұндай тұлғаның мынадай заманда қызметтік тұрғыдан өрлеуі қиын. Ақын Қорғанбек Аманжол осы Жақсыбай інісіне әзілдеп: «Жақсы екен аты да, Жақсы екен заты да, Бетке тура айтам деп, Қалған талай қапыда…» деп жазғаны бар еді. Бұл – дәл баға.
Қазіргі таңда «Мәдениет қайраткері», «Ақпарат саласының үздігі», «Еңбек ардагері», Есіл ауданының Құрметті азаматы сияқты атақтары бар Жақсыбай Самрат «Егеменнің» Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі қызметін абыроймен атқарып жүр. Қаламың мұқалмасын, Жақа!