Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Күн ертемен басталған Қарағандының Оңтүстік-Шығыс бөлігіндегі «Global Сity» көпфункционалды сауда-қойма кешені аумағындағы жәрмеңкеге жеті ауданның 100-ден астам шаруашылығы 630 тонна өнім әкелді. Қанаттас қалалардағы кәсіпорындар да қалыс қалмады. Жәрмеңкеде ет, сүт өнімдері, картоп, көкөністер сөреге қойылды. Баға нарықтағыдан 10-15 пайызға төмен. Келген өнімнің басым бөлігі – ет. Бұл қаладағылар үшін қуаныш десек те болады. Өйткені қазір – күздік сойып алатын уақыт. Ерте қамданғандар соғымдарын сайлап алды.
Жылқы етінің килосы – 2 600 теңгеден, сиыр еті – 2 300 теңгеден, қой еті – 2 200 теңгеден саудаланды. Картоптың килосы – 100, пияздікі – 80, қырыққабаттікі – 130 теңге. Қампайған сөре тал түске дейін босап та қалды.
– Қарқаралыдан келген жабағының жартысын сатып алдым. Бағасы қалтаңа қонымды. Базардағыдан әжептәуір арзан. Әрі жас мал. Көзіңізбен көріп, ұстап, таңдап алуға мүмкіндік мол, дейді өзін Бексұлтан деп таныстырған қала тұрғыны.
Саудаға әкелінген 630 тонна өнімнің 64 тоннасы – ет, 390 тоннасы – картоп, 130 тоннасы – көкөніс, 21 тоннасы – сүт өнімі, 8 тоннасы – балық. Мұның сыртында 190 мың дана тауық жұмыртқасы мен 14,5 тонна өзге де өнім бар.
Нұра ауданы Қарой ауылынан келген «Қоғам» шаруа қожалығының жетекшісі Жамбыл Мәмбетов жәрмеңкеге жылда белсене қатысады. Қой-қозысын саудалайды. Бұл жолы 200 кило қозы етін әкеліпті. Түске дейін сөресінде бір қозы ғана қалыпты.
– Қой-қозы етінің өтімі жақсы. Әкелген тауарымды өзіммен алып қайтқан күнім болмапты. Мәселен, алып келген 200 кило етімнен 30-ақ кило қалды. Шаруашылығым бар. Негізі бағытымыз – қой өсіру. Шаруалар үшін мұндай жәрмеңке өте тиімді. Ешқандай делдалсыз саудалай аламыз, дейді Ж.Мәмбетов.
Картоп өткізіп тұрған саудагер Сүндет Хантөриевтің түске дейін бір жарым тонна өнімінің жартысы саудаланып кетіпті. «Бұл картоп үйде өсірілген. Ешбір химикатсыз, таза табиғи өнім. Оның үстіне бағасы базардағы картоптан әлдеқайда төмен», дейді С.Хантөриев.
Мұны да айта кеткеніміз жөн, қалалықтарға қолайлы болуы үшін төрт бағытта Майқұдық, Пришахтинск, Михайлов және Оңтүстік-Шығыс бойынша тегін арнайы қоғамдық көліктер ұйымдастырылып қойған.
Жәрмеңке жалғасын табады. Ресми орындардың мәлімдеуінше, «Global City» аумағында келесі жәрмеңкелер 28 қазан мен 4 қарашаға жоспарланған. Мұнымен қоса, қараша-желтоқсанда Қарағандыда «Global City», «Ұмай» сауда үйінің аумағында (Майқұдық) және «Молодежный» мәдениет үйі (Пришахтинск) алаңында да өткізу көзделіп отыр.
Алғашқы жәрмеңкеге келгендер көп болғанымен, естімей қалған ел де бар. Алдағы жәрмеңкелердің жарнамасын күшейтсе, ауыл дәмін аңсаған ағайын қалыс қалмаса деген ой біздікі.
Қарағанды облысы