Фото: ашық дереккөз
Газеттің бүгінгі санында тілші Ескендір Зұлқарнайдың «Қыз алып қашам деп, қылмыскер атанды» атты мақаласы жарық көрді. Автор мақалада қыз алып қашамын деп жазаға тартылған азаматтардың мысалын келтірген. Бұл жағдайда қыз алып қашуға қатысқан барлық азамат жауапқа тартылатыны айтылады.
Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, қыз алып қашу фактілері өңірде әлі де азаймай тұр. Мәселен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тіркеліпті. Осы оқиғалардың барлығында қозғалған қылмыстық істер сотқа дейін жетпеген. Себебі қалыңдықтар «күйеу жігіттің» үйіне өз еркімізбен келдік деп арыз жазғандықтан, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылған. Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда, өкінішке қарай, кейбір жас қыздарды үйіне қайтуға ұят болады деп, еркінен тыс некеге тұруға мәжбүрлейтін көрінеді.
«Қыз алып қашуға байланысты әрекеттер мән-жайларға байланысты адамды ұрлау (Қылмыстық кодекстің 125-бабымен 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айыру (Қылмыстық кодекстің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көздеген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құқық бұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым берген-бермегеніне қарамастан жүзеге асырылады», деді прокурор.