Байқаудың салтанатты ашылуында құттықтау сөз сөйлеген қала әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқаудың өтуіне мұрындық болған – қалалық ішкі саясат және жастар істері басқармасы мен жастар ресурстық орталығы. Сонымен тартысты мүшәйрада Серғазы Қайырболды ІІІ орын, Жадыра Байбұланова ІІ орын, Ұлытау облысынан келген жас ақын Айзада Рахымжан І орын алып, «Күміс қалам – 2023» жүлдесінің иегері атанды.
Жазба ақындар мүшәйрасының ізін ала «Тәуелсіздік – бабалар аманаты» тақырыбында жас айтыскер ақындар арасында «Күміс домбыра» республикалық конкурсы өткізілді. Байқауда Қазақстанның әр түкпірінен келген 16 айтыскер ақын бақ сынады. Айтыс өнерінің майталмандары, мәдениеттің еңбек сіңірген қайраткерлері конкурсқа қазылық етті. Бір-бірімен сөз қағыстырған, тапқыр ойлармен қарсыласын тұқыртып, жалынды жыр шумақтарымен делебені қоздырған жас ақындар айтысы жиналған көпшіліктің руханиятқа сусаған шөлін бір қандырып тастады.
Қаратау дәстүрлі өнер мектебіндегі айтыс сыныбының жетекшісі, осы өнердің белді өкілдерінің бірі Қажымұқан Абзал Тәуелсіздіктің арқасында төл өнеріміз насихатталып, қолдау тапқанын айтты. Ақын сондай-ақ «Күміс домбыра» байқауы жыл сайын бола берсе екен деген тілегін жеткізді. Байқау республикалық болса да, қатарынан үш жыл Шымқалада өтуі мегаполистің төл өнерге деген жанаршылығын байқатса керек деген ойын қоса кетті.
Республика күні мерекесін, Тәуелсіздікті арқау еткен айтыскер жас ақындардың байқауының қорытындысына келсек, «Күміс домбыраның» бас жүлдесін шымкенттік Аян Ниязбек еншіледі. Одан бөлек, Ердәулет Ыбырай мен Нұрдәулет Өмірбек ІІІ орын, Жамбыл облысының ақыны Мұхтар Қонарбай мен түркістандық Ахметрасул Баянбай ІІ орын, ал қасиетті Баянауыл жерінен келген келген жас ақын Мәрес Байрон І орын иеленді.
«Күміс домбыраның» бас жүлде иегері Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұстазы Аян Ниязбек журналистерге берген сұхбатында жас ақындар айтысында осымен үшінші жыл қатарынан бақ сынап жүргенін жеткізді. Жарыстың бірінші кезеңінде астаналық шайыр Ердәулет Ыбыраевқа қарсылас болса, екінші кезеңде түркістандық ақын Ахметрасул Баянбаймен таласқа түскен. Ол айтыс өнеріне жастардың қызығып келе жатқанын айтып, қуанып отыр. Зал толы жастарды көріп солардың қоғамдағы мәселесін қозғағанын айтты.
Өнер додасынан кейін орын алған жүлдегерлерге Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов арнайы сыйлықтарды тарту етті.
ШЫМКЕНТ