Ауыл • 22 Қазан, 2023

Көгершіндіктер көп күткен клуб

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Жамбыл облысында қолға алынған жұмыстың ауқымы зор. Мәселен, биыл 98 елді мекенде 301 жобаны жүзеге асыру мақсатында 15,7 миллиард теңге қаражат қарастырылған. Бөлінген қаражат есебінен 56 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған еді.

Көгершіндіктер көп күткен клуб

Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көгершін ауылының тұрғындары елді мекенде дербес ауылдық клуб жоқтығын жылдар бойы айтып жүретін. Осы жылы елді мекен тұрғындарының тілегі орындалды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 106 миллион теңге қаражат бөлініп, 90 орындық мәдениет үйі салынды.

«Ауданның мәдениет саласын өркендетуге айрықша ден қойып отырмыз. Соңғы үш жылдың беде­рінде «Ауыл – ел бесігі» жоба­сы аясында 4 мәдениет нысаны жөндеуден өтті. Сондай-ақ өт­кен жылы құрылысы бастал­ған Көгершін ауылындағы клуб пайдалануға беріліп отыр. Осы­лайша, аудандағы халық тығыз ор­наласқан елді мекендердің бірінің мәселесі шешілді.

Жалпы алғанда ауданның 2027 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес алты ауылда мәдениет үйі мен клуб бой көтереді деп жос­парлап отырмыз», дейді Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ерғазы Еспенов.

Көгершінде ауылдық клуб уақытында жекенің қолына өтіп кеткені белгілі. Қысқасы, ұзақ жыл­дар бойы елді мекендегі мәде­ни нысан жапсарлас ғимаратта ор­наласқан болатын. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауыл­дық­тарды алаңдатқан мәселе оңынан шешілгені – құптарлық қадам.

«Ауылымызда талантты жас­тар аз емес. Жаңа клубтың салын­ғанына бек қуаныштымыз. Енді осы мәдениет нысанында түрлі үйірмелер ашылып, талантты балаларымыздың талабын ұштай түссе деген тілегіміз бар», дейді ауыл тұрғындары.

 

Жамбыл облысы,

Тұрар Рысқұлов ауданы,

Көгершін ауылы