Қазақстан • 23 Қазан, 2023

Қазақстандағы сот әкімшілігі: Жетістігі мен келешегі

225 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Биыл маусым айында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қолдауымен, еліміздің сот әкімшілігінің шақыруымен Қазақстанға бардым. Астанада өткен «Сот әкімшілігі тәуелсіз сот төрелігі үшін: әлемдік стандарттар және үздік тәжірибелер» атты халықаралық дөңгелек үстелге баяндамашы ретінде қатысып, «Сот әкімшілігі, дамушы елдердегі жаңа модельдер мен сын-қатерлер» тақырыбында сөз сөйледім.

Қазақстандағы сот әкімшілігі: Жетістігі мен келешегі

Форумда Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Ұлы­бри­тания және басқа да елдердің судья­­лары мен сот әкімшіліктерінің өкіл­­дері өз тәжірибелерімен бөлісіп, ақ­параттық-коммуникациялық тех­но­­логиялар арқылы сот төрелігі мен сот әкімшілігіне қол жеткізуді оңтай­лан­ды­руға бағытталған тетіктерді және қол­да­ныстағы іс-шараларды талқылады. Осы сапарда мен Астана мен Алматы қа­лаларында болып, сот әкімшілігі сала­сының дамуымен таныстым.

Бұған дейін 2019 жылы қыркүйекте Қазақстанда өткен IACA халықаралық конференциясына қатысқан едім. Сол конференциядан кейінгі қысқа ғана уақыттың ішінде білікті көшбасшылық, дәйекті және ұйымдасқан командалық жұмыстың арқасында әділеттілікке қол жеткізу, оқыту, басқару, инфрақұрылым, нормативтік актілер мен ынтымақтастық сияқты түрлі салаларда тегеурінді реформалар жасалған. Сот әкімшілігінің бұған үлкен қатысы бар. Бұрын Қазақстанның Әділет министрлігі Сот әкімшілігіне және соған қатысты мәселелерге жа­уапты еді. Ал 2000 жылы сот билігінің атқарушы биліктен тәуелсіздігі мен автономиясын қамтамасыз ету мақсатында Жоғарғы соттың Сот әкімшілігі комитеті құ­рылды.

Содан бері Сот әкімшілігі дамып келеді және 2010 жылы комитет Жоғар­ғы сот­тың жанындағы Соттардың қыз­ме­тін қамтамасыз ету департаменті болып қайта құрылып, оған соттарды ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық қолдауды қамтамасыз ету жүктелген. Ал 2023 жылдың басын­да Қазақстан Президентінің жаңа тәуелсіз орталық орган – Қазақстан Респуб­ли­ка­сының сот әкімшілігін құру туралы шешімі сот жүйесі шеңберіндегі бас­қа­руды реформалаудағы шешуші және серпінді сәт болды.

Сот әкімшілігінің құрылымы – БҰҰ, БҰҰДБ, ЕҚЫҰ, CEPEJ және басқа да ұйымдардың халықаралық тәжірибесі мен ұсынымдарына негізделген бірегей институт. Ол мемлекеттік биліктің тә­уел­сіз тармағы ретінде қызмет етеді. Ал­да тұрған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін сот төрелігінің тәуелсіз орындалуын қамтамасыз ету, сот әкім­ші­лігі саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу, сот жүйесі мен соттардың жұмысын жақсартуға бағытталған жү­­йелі реформаларды әзірлеу қажет. Осы­­ған байланысты Сот әкімшілігі судьяларды әкімшілік қызмет, үкіметтік жұмыс топтарына, комиссияларға және кеңестерге қатысу сияқты негізгі мис­сия­­сына жатпайтын функцияларды орын­даудан босатты.

Осындай өзгерістердің мысалы ре­тінде бұрын сот төрағасы еңбек жағ­дай­ларын жасау немесе жақсарту, судьялардың жұмыс орындарының эргономикасы және халыққа қызмет көрсету сияқты әкімшілік міндеттерді бақылаған. Жаңа модельге сәйкес сот әкімшілігінің арнайы дайындалған қызметкерлері сот істеріне қатысы жоқ барлық әрекеттерді орындайды және судьялар өздерінің негізгі миссиясы – сот төрелігін жүзеге асыруға толығымен назар аудара алады. Ендігі жерде елдегі биліктің басқа да салаларымен өзара іс-қимыл жасау Сот әкімшілігі арқылы жүзеге асырылады, яғни бұл диалогті ілгерілету, саясатқа қа­тысты мәселелерді қарау және тиімді басқару үшін өте маңызды.

 

Бюджетті жоспарлаудағы дербестік

Бұған дейін Қаржы министрлігі бір жылға шығыстар лимитін белгілеп, қан­дай жобаларды қаржыландыруға болатынын және қайсысы қаржылан­ды­рыл­май­тынын шешетін. Бұл тәжірибе келесі жылға арналған бюджетке және қысқа, орта немесе ұзақмерзімді келешекте қыз­меттерді жақсарту мүмкіндігіне қа­тыс­ты үнемі түсініспеушіліктерге алып келген. Сондай-ақ өз кезегінде сот билі­гінің атқарушы билікке тәуелділігін көр­сететін.

Сот реформасының аясында 2022 жылдан бастап шығыстар лимитін алып тастау және конституциялық заң дең­ге­йінде төменгі бюджеттік шекті бел­гілеу туралы шешім қабылданды. Қа­зіргі уақытта сот бюджеті мемлекеттік меке­мелердің барлық шығынның кемін­де 6,5 пайызын құрайды. Жоғарғы соттың кеңейтілген жалпы отырысында әр өңірдің және барлық деңгейлердің делегаттары бюджетті тиісті түрде бөле ала­ды. Қаражатты жоспарлау, қалып­тас­тыру және жұмсауды ұйымдастыру Сот әкімшілігіне жүктелген. Осылайша, сот­тың өзін-өзі басқару органы­ның судья­лардың жалақысының мөлше­рін дер­бес анықтау, қаржылық тұрақты­лық­ты қамтамасыз ету құқығын іске асыруға мүм­кіндігі туды.

 

Істерді автоматтандырылған бөлу жүйесі

Қазақстанның барлық деңгейдегі соттарда істерді автоматтандырылған бөлу жүйесі (ІАБ) енгізілді. ІАБ іс жүр­гізу заңнамасының нюанстарын және судьялардың жұмыс жүктемесін еске­ре отырып, істерді судьялар арасында ешқандай араласусыз бөледі. Осы­ған байланысты жүйені пайдалану аумақ­­тан тыс соттылық деп аталатын қағи­дат­ты қолдануға мүмкіндік берді: ІАБ кездейсоқ түрде істерді бір сот шең­бе­рінде емес, сот пен судьялардың ма­ман­дануын ескере отырып, елдің барлық соттары арасында бөледі. Бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің толыққанды құралы болып саналады.

Апелляциялық сатыдағы судья­лар­дың алқалы құрамын кездейсоқ автомат­тан­дырылған тәсілмен құру туралы мәселе де осы саладағы әзірлемелердің арқасында пысықталып жатыр. Барлық әрекет электронды журналда редакциялау мүмкіндігінсіз тіркелетінін ескере отырып, ІАБ-ға кез келген заңсыз араласу жауапкершілікке әкеп соғады.

Осы мәселелердің барлығы 2019 жылы қаралған және Жоғарғы соттың жалпы отырысының оны қолдану қағи­да­ларын бекіту жөніндегі өкілеттігін айқындайтын конституциялық заңда көзделген.

 

Цифрландыру және сот төрелігіне қол жеткізу

Қазақстан халықтың соттарға цифр­лық қолжетімділік деңгейі бойынша әлемде 4-орында тұр. Осыған байла­нысты пайдаланушыға ыңғайлы АЖ қызметтерін әзірлеу нақты уақыт режі­мінде сот төрелігіне қолжетімділікті же­ңіл­дету үшін маңызды болды. «Түсі­нік­ті тілді» қолдану – сот төрелігін адамдарға жақындатудың және оған оңай қол жеткізудің, сондай-ақ оны қамтамасыз етуге ықпал етудің тағы бір жолы.

Соттарға кірудің бірыңғай электронды терезесі 2014 жылы іске қосылды. Осының арқасында істердің 94 пайызы осы жүйе арқылы беріледі. Қазіргі уақытта кез келген пайдаланушы «Face ID» және «Touch ID» арқылы үйден немесе кеңседен шықпай-ақ сотқа жүгініп, құжаттарды электронды түрде бере алады. Бұл қызмет үрдістің барлық қаты­сушысына іс материалдарымен қашық­тан танысуға мүмкіндік береді.

2016 жылдан бастап «Төрелік» ақ­параттық-талдау жүйесі деректер алма­суға жедел қол жеткізуді қамтамасыз етеді және электрондық форматқа толық көшу­ді қамтамасыз етеді. Барлық сот залдары пайдаланушыларды қашықтан аудио және бейнежазбалармен таныстыру және бейнебайланыс құралдары арқылы сот тыңдауларын қашықтан өткізу мүмкіндігі бар ең заманауи аудио және бейнежазба жүйелерімен жаб­дық­тал­ған.

 

Жасанды интеллект және роботтандыру

Сот ісін жүргізуде машиналық оқы­туды, жасанды интеллектіні (AI) және робот­тарды пайдалану – жетістіктердің өсуіне ықпал ететін үлкен маңызы мен әлеуеті бар қызмет бағыты. Қазақстанда ақпараттық сервистерді пайдалану роботтандыруға және жасанды интеллект элементтерін енгізуге жылдам көшуге мүмкіндік берді: 2022 жылы азаматтық істердің белгілі бір санаттарын қарау үшін роботтандырылған жүйе енгізілді.

Нақты шешім қабылдау алгоритм­де­ріне негізделген робот судьялардың шешімі заңмен қатаң шектелген жағ­дайларда сот актілерінің жобаларын автоматты түрде жасайды. Егер робот қандай да бір техникалық қателік жіберсе, судья оны түзете алады. Қабылданған шешім үшін судья өзіне жауапкершілікті алады, сондықтан конституциялық ережелер еш бұзылмайды.

2022 жылы робот борышкердің елден шығуын шектеу туралы сот орындаушысы алған материалдардың 80 пайызын тіркеген және балаларға алимент өндіріп алу туралы сот бұйрықтарын беру туралы 10 мыңнан астам арызды тіркеді. Қазіргі уақытта одан әрі роботтандыру үшін істер мен материалдардың басқа санаттарына талдау жүргізіліп жатыр.

Бұл саладағы тағы бір жаңашылдық  жа­санды интеллект элементтерін қол­дана отырып, азаматтық істерге цифр­лық талдау жасаумен байланысты. Жүйе істердің санатын анықтауға, ұқсас істерді іздеуге, барлық соттардағы «қозғалыс циклін» бақылауға, сот шешімдеріндегі сәйкессіздіктерді анықтауға және аза­мат­тық істердің нәтижесін болжауға бағ­дарланған. Осылайша, жасанды интел­лект судьяға ұқсас істер бойынша сот тәжірибесі туралы мәліметтер береді.

Болашақта пайдаланушыларға сотқа жүгінер алдында арызы оң шеші­мін табу мүмкіндігін алдын ала бағалауды жеңілдету мақсатында да солай болады. Жасанды интеллект сот жүйе­ле­рінде және олардың ортасында жасанды интеллектті пайдалану жөнін­дегі Еуропалық этикалық CEPEJ хартия­сы­ның қағидаттарын ескере отырып, заңды қолдануда біркелкілікті қамтамасыз ету үшін көмекші құрал ретінде пайдаланылады. Бұл жалпы қабылданған стандарттар мен озық тәжірибелерге негізделген реформаларды әзірлеу үшін қажет.

Осы жолға ресми сапарымда Қазақс­танның қолжетімділік пен қызмет­терді жақсарту арқылы сот төрелігін жүзеге асыруда қандай игі жетістіктерге қол жеткізгенін көрдім. Сот төрелігінің сапасы мен тиімділігі де екі маңызды көрсеткіш. Қазақстанның сот әкімшілігі осы бағытта тынымсыз жұмыс істеп жатыр.

 

Луис Мария ПАЛЬМА,

Халықаралық Сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті, Буэнос-Айрес ұлттық университетінің (Аргентина) жетекші профессоры, Гаага, Нидерланд Халықаралық сот төрелігі институтының (IIJE) директоры