Аймақтар • 23 Қазан, 2023

Атырау мұнай өңдеу зауытында тәулігіне 9 500 тонна мұнай өңделіп жатыр

273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау мұнай өңдеу зауыты мұнай өңдеуді қайта бастады. Мұнда жоспарлы тексеруден соң технологиялық қондырғылардың бірінші кезегі іске қосылды, деп жазады Egemen.kz

Атырау мұнай өңдеу зауытында тәулігіне 9 500 тонна мұнай өңделіп жатыр

Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінің мәліметінше, 21 қазанда тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы шығарылды. Соған сәйкес технологиялық қондырғылардың бірінші кезегі қайта іске қосылды.

«Қазір зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көлемі – 9 500 тонна. Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығырыла бастады. Автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны – тәулігіне 1 500 тонна. Зауыттағы технологиялық қондырғыларда жоспарлы тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығару жоспарланып отыр», деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.

Жоспарлы тексеру басталғаннан бері ауқымды жұмыс атқарылған. Бұл – жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонналық жабдықтардың ішкі құрылғыларын модификациялау. Қазір қысыммен жұмыс істейтін түтікшелерді тексеру жалғасып жатыр.

«Зауытта экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды анықтайтын автоматтандырылған жүйесін орнату жобасы жүзеге асырылуда. Жоспарлы тексеру кезінде технологиялық пештердің мұржаларына автоматтандырылған бақылау жүйесін монтаждауға қажетті барлық жұмыс орындалды», делінген қоғаммен байланыс бөлімі таратқан ақпаратта.