Суретті түсірген – Жеңіс Ысқабай
Оның өмірі де өте күрделі. Алды-артынан сүйейтін тіреуі болмаса да, ауыл баласы атқа қонып, елдің игілігіне айналған сан шаруаның басын қайырды. Жалпы, болашақ ұрпақ үшін есте қалуға лайықты жан. Ол туралы осы күнге дейін талай кітап, мақала, естелік жазылды. Ал бүгінгі күн тұрғысынан жұрт біле жүруге тиісті, жастар үлгі-өнеге алуы керек-ті. Мұны облыс әкімдігі жақсы түйсінсе керек, Н.Алдабергенов көшесінің бойына шағын саябақ жасап, арнайы тұғыртас қойды. «Бюст қаланың 6-шағын ауданында орналасып, маңайы саябақ ретінде абаттандырылды. Республика күні қарсаңында өткен шараның тәрбиелік мәні зор болды», деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен ескерткіштің шымылдығы түріліп, етегіне гүл шоқтары қойылды. Жиналған көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Бейбіт Исабаев бүгінгі қоғамда еңбек құндылығын арттырудың маңызына тоқталды.
«Нұрмолда Алдабергеновтің есімін Жетісу өңірінде, тіпті тұтас Қазақстанда білмейтін жан кемде-кем. Ол – дүниенің кілті, барша игіліктің бастауы адал еңбекте екенін өзінің өнегелі өмірімен дәлелдеген нар тұлғалардың бірі. Өз кезеңінде колхоз ұйымдастырып, ауылдастарын еңбекке жұмылдырып, нәтижеге жұмыс істеудің тамаша үлгісін көрсетті. Жетісу жерінде Нұрмолда Алдабергенов ескерткішінің бой көтеруі тарихқа тағзым, еңбек адамына жасалған құрмет, туған жерге адал қызмет етудің үлгісін насихаттау деп білеміз. Еңбек – қоғамды бойкүйездік, енжарлық, еріншектік, бос мақтан секілді жағымсыз әдеттен арылтатын, жастар тәрбиесінің қайнар көзі болған құндылық. Сондықтан бүгінгідей шаралардың мән-маңызы зор», деді Б.Исабаев.
Өңір басшысының ыстық лебізінен кейін сөз алған асылдың сынығы, Нұрмолда Алдабергеновтің қызы Рабиға апамыз тарихтан тағылымды ой сабақтап, ұлы тұлғаның қарапайымдылығы мен елжандылығы жөнінде сыр шертті.
«Бүгін облыс орталығында әкеме арнап ескерткіш орнатылып жатқанына қуаныштымын. Нұрмолда Алдабергенов – менің ғана әкем емес, барша халықтың әкесі бола білген десем, артық айтқандық емес. Ең алғаш, 1960 жылы көзінің тірісінде Шұбар ауылында ескерткіш қойылды. Мұнан соң 1973 жылы орнатылды, енді 50 жылдан соң Талдықорғанда қойылып отыр. Бүгін әкемнің еңбегін ұмытпай, рухын жаңғыртып, қола мүсінін орнатқан бастамашы қауымға рахмет айтамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алдабергеновтей елдің, жердің атын шығаратын ер азамат, жас ұрпақ өсе берсін», деді Р.Нұрмолдақызы.
Жиналған жұртшылық ескерткіштің қос қапталына қойылған көрмемен танысты. Онда Нұрмолда Алдабергеновтің тұтынған жеке заттары, Еңбек Ері туралы жазылған кітаптар, қайраткердің өмірі мен еңбегі жайлы ақпараттық баннерлер көпшілік назарына ұсынылды. «Жетісу сазы» ансамблі қазақтың күйлерін төгілтіп, әншілер рухты әндерімен мерекенің шырайын кіргізді.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, ескерткіш бюстің авторлары – сәулетші Қаби Баулықов пен мүсінші Нұрғалым Исабаев. Ескерткіштің биіктігі – 1,4 метр, тұғырының биіктігі – 2,9 метр. Бюст қоладан құйылып, тұғыры граниттен қойылған. Ескерткіштің маңайын абаттандыруға жергілікті бюджеттен 115 млн теңге бөлініп, саябақ жасалды. Мұнда 80-дей жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызылып, 16 орындық қойылған. Газон төселіп, 42 жарық шам орнатылған. Автосуару жүйесі жұмыс істейді.
Еске салсақ, Нұрмолда Алдабергенов Кербұлақ ауданында туған. Қазақстанда ұжымшар ұйымдастыру ісіне белсене қатысқан, ұжымшарды басқарған. Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері (1948, 1958). Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан, қоғам қайраткері. Даңқты еңбек адамы туралы Сәбит Мұқанов «Алдабергенов туралы аңыз» атты поэма жазған, жазушылар Сәуірбек Бақбергенов, Ұзақбай Доспанбетов, Құттыбек Баяндин деректі кітаптар жазған. Қазір Ескелді ауданындағы Шұбар ауылына Алдабергеновтің есімі берілді. Ауылда сол елді мекеннен шыққан 20 Социалистік Еңбек Еріне қоладан ескерткіш қойылған саябақ бар, қақ ортасында Нұрмолда Алдабергеновтің мүсіні тұр.
Жетісу облысы