Ауыл • 24 Қазан, 2023

«Біз Қаныш Сәтбаев ауылынанбыз!»

278 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Бірде республикада шың ас­қан шәкіртіммен Мәскеудегі төрткіл дүниенің дарынды балалары жи­налған білім сынына бардық. Сонда Қазақстандағы Қаныш ауылынан келгенімізді білген ресейлік оқымыстылар бізді көпке дейін жібергілері келмеп еді. Туған үйден 4 мың шақырым жерде жүрсек те, Қаныш ағаның шапағатын сезіндік. Академиктің ауылында туу бір бөлек, ал оған лайықты болудың салмағы зіл батпан екен...».

«Біз Қаныш Сәтбаев ауылынанбыз!»

Сәбит Ибадуллин – қара­пайым ауыл мұғалімі. Ауыл ба­­ла­ларының сауатын ашуға арнаған 32 жылдық еңбегінің жемісі болар, жуықта Мемлекет басшысының қолынан «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» атағын иеленді. Құрмет биігінен көрінген ұстаздың жоғары мәр­тебесі тұтас облысымыздың ме­рейін асырды. Педагог бұл же­тістігін Қаныш ағаның шапа­ғаты деп біледі.

Мұса Шорман ауылындағы академик Қаныш Сәтбаев атын­дағы мектеп-балабақша оқу-тәр­бие кешені құрылғанынан бері дарындылар ордасы. Бұл мектептің атақ-даңқы дәуірлеуі­не ондағы Сәбит сияқты өз ісінің май­талмандарының қосқан үлесі зор. Лев Толстой: «Мұғалім өз ісіне деген сүйіспеншілікті оқу­шыға деген сүйіспеншілікпен ұштастыра алғанда ғана шын мәніндегі мұғалім болмақ», дей­ді. Дөп айтылған. Мұнда жеміс­ті еңбек етіп келе жатқан мұға­лім­дер жан-жақтан сайдың тасын­дай сұрыпталып жиналды десеңіз, қателесесіз. Барлығы осы жер­дің топырағында аунап өскен ел азаматтары. Бір қызығы, қаладағы мектептердегідей емес, білім ор­дасында ер мұғалімдердің көптігі назарымызды еріксіз аударды. Елдің тұтқасы болар ел ертеңдерін оқытып жатқан әр ұстаз білімнің нәрін ерінбей-жалықпай сіңдіру үстінде. Сәбит Әбдікенұлының да бұл педа­го­гикалық ұжымдағы еңбегі елеу­лі, орны – төрде.

Әкесі Әбдікен Баянауыл өңі­ріне аты мәлім жыл­­қышы болған еді. Бірақ бала Сәбиттің арман-аңсары ата кәсі­бінен ауып, жүрегі шәкірт тәр­биелеу­ді қалады. Мектептен соң құжатын арқалап Қарағанды қаласына тартты. Сәті түсіп, Бө­ке­тов атын­дағы мем­лекеттік университет­ке қабылданып, арада жылдар ­өткенде математика пәні мұға­лімі мамандығын меңгеріп шы­ға­ды. Азаматтың содан кейін­гі ғұмыры тек өзі туған ауылын­дағы білім ордасында өріліпті.

– Біз университетте оқып жүр­генде жаңа заманға орай құ­­рылған мектеп қой бұл. Ке­зін­­де Қаныш Сәтбаев атын­да­ғы мектеп-балабақша оқу-тәр­бие кешеніне марқұм Беген­дік Әліпбайұлы 40 жылдай дирек­торлық етіп, алыс-жақынға абы­­ройымызды асырды. Сол нәтижелі педагогикалық үрдіс күні бүгінге дейін жалғасын тауып отыр. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында ұлты­мыз­дың салт-дәстүрі мен әдет-ғұр­пын қайта жаңғырту мақ­са­тымен оқушылар үшін ұйымдас­тыр­маған іс-шарамыз жоқ. Ұлт­тық құндылықтардан нәр алсын деп, тіпті математика сабақ­тары­ның өзінде дәстүр үлгі­ле­рін паш ете­­тінбіз. Қазіргі күні ол ама­натты заманауи ком­пью­­тер­лік құралдар атқарып тұр­­ға­ны та­ма­ша емей немене. Есе­сіне педагогтер баланың зейі­­нін арттырумен айналысып, ғылы­­ми із­деністеріне жол ашып жатыр. Әр заманның өзіне бұйыра­тын игіліктері болады, – дейді ұс­таз.

Осы уақытқа дейін Сәбит Әбдікенұлы жүздеген оқушыны түрлі деңгейдегі білім додаларына үкілеп қосып, талапты шә­кірттері бәсі жоғары бәсе­келер­ден жүлдесіз оралмап­ты. Бала бойындағы білімге деген қызығушылықты оятып, шет­сіз-шексіз ғылым әлеміне жетелей білгенінің нәтижесінде та­­лай шәкірті шың асты. Жеміс­ті жобаларының бірі – «Қ.Сәт­баевтың «Алгебра» оқулы­ғын­­­дағы әдіс-тәсілдердің қазіргі замандағы алгебрамен сабақ­тастығы» тақырыбындағы ғы­лы­­ми жұмысы. Айтуынша, ака­демиктің «Алгебрасын» қа­зіргі уақытқа бейімдеп енгіз­се, ұтарымыз мол болмақ. Бү­гінгі оқулықтардағы кейбір мате­матикалық тапсырма-есептерді оқушы тұрмақ, педагогтердің түсінуі қиынға соғып жататыны рас қой. Ал Қаныш Имантайұлы жазып кеткен «Алгебрадағы» барлық тапсырма, амалдар көңіл­ге қонымды, жатық келеді. Кейбір тәсілдер тіпті тиімді дей­ді ол.

«Әнуарбек Мақсат деген оқушым екеуіміз 2014 жылы бұл жобамен республикада озық шығып, Мәскеуде өткен ха­лықаралық олимпиадаға жол тарттық. Әлгі жерде Ресейдің өңкей мықты математик ғалым­дары жиналғанын көрдім. Біз­дің Қаныш ағаның ауылынан екенімізді естіп алыпты. Орталарына алып, ананы-мынаны сұрап жібергілері жоқ. Сол додадан мерейіміз тасып, мәртебеміз өсіп оралған едік», деп еске алды қуанышты сәт­терінің бірін. Тағы бір дарынды шәкірті Мақсұт Аян 2017 жылы Үндістан елінде өткен халықаралық білім сайысында жоғары нәтиже көрсетіп қайт­қан. Жыл сайын оның онда­ған шәкірті облыстық, рес­пуб­ликалық пән олимпиа­да­ла­ры мен білім додаларына қаты­сып, кемі алтау-жетеуі жеңім­паз болады. Мектеп біті­ріп кет­­кен оқушыларының біразы өзі сияқты білім саласын таң­дап­ты. Ұстаздың айтуынша, бүгінгі ауыл балалары өте тәр­­биелі. «Қалалық жерлерде оқушыларға қатысты небір сұм­дықтарды естиміз, бірақ ондай тентектікке біздің балалары­мыз бара қой­майтынына сенімдіміз. Білім ордасындағы 120 оқушы бір үйдің балаларындай қоғамдық істерге ұмтылып, бір-біріне қамқорлық жасап, мейірбандық танытуға талпынып тұрады», дейді ол.

Сәбит мұғалімнің өмірлік жары Жанаргүл Ман­зуованың мамандығы да – мұғалім. Педа­гогика саласын­дағы еңбек өтілі 30 жылдан асады. Бүгінде 5 баланы өсіріп отыр­ған, тату-тәтті отбасы. Ба­ла­ларының үлкені университет бітіріп, ол да ұстаздық жолды таңдаған. Екінші баласы да жоғары оқу орнында білім алып жатыр.

Айтып өтейік, Сәбит Ибадул­лин математика пәнін оқытудың өзіндік жүйелерін ойлап тауып, авторлық бағдарламалары мен ғылыми еңбектері негізінде әр сабағын қызықты жүргізуге тырысады. Оның әдістемелері өзге мектептерде енгізіліп, мыңдаған әріптесіне бағыт-бағдар болып отыр. Өткен оқу жылында мектеп бітірген шәкірттерінің барлығы мемлекеттік грантты жеңіп алыпты. Бұл да мерей.

 

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы,

Мұса Шорман ауылы