Суретті түсірген – Руслан Кадыров
Әуелі облыс орталығы Талдықорған қаласындағы «Жастар-2» шағын ауданына газ берілді. Енді мұндағы екі мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.
Өңірдегі әрбір іс-шараның басы-қасында облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі мен аудан басшылары жүрді. Олар жұртшылықты қуаныштарымен құттықтап, облыс көлемінде атқарылып жатқан игілікті істерді баяндады. Өз кезегінде қала әкімі Ерат Бәзіл жаңа шағын ауданның инфрақұрылымын дамыту жұмыстарына кеңінен тоқталды.
«Жастар-2» шағын ауданында 22 шақырымға газ құбыры тартылып, оған 295 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын бастаған «Рем строй» ЖШС бүгінде жобаны толық аяқтады. Сөйтіп, 526 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік жасалып отыр. 2025 жылға дейін қаланың барлық аймағына газ тарту жоспарланған. Жалпы, «Жастар-2» тұрғын үй алабының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылып келеді. Атап айтқанда, мұнда 21 шақырымға ауыз су құбыры тартылып, бүгінде тұрғындар 100 пайыз таза сумен қамтылып отыр», деді Е.Бәзіл.
Оның айтуынша, тұрғын үй алабын абаттандыру мақсатында 16 көшеде заманауи үлгідегі 514 жарық бағаны орнатылған. Бұдан бөлек, жолдың сапасын жақсарту үшін 13 көшенің 11,2 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғын үй алабында 900 орынды мектеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Инфрақұрылымды дамытудың маңызды кезеңі ретінде газ қосу рәсіміне қатысқан жұртшылық қуаныштарын жасырмады. «Жастар-2» шағын ауданының тұрғыны Бақыт Жаңабаева көпшіліктің атынан рахмет айтты.
Сонымен қатар жыл соңына дейін «Ынтымақ» жеке тұрғын алабының 9500-ге жуық тұрғыны және Талдықорған қаласының ішінде қалған учаскелердегі 585 тұрғын газға қол жеткізсе, келесі жылы Мойнақ ауылына газ құбыры тартылып бітуге тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылуға тиіс. Ал 2030 жылға қарай өңірді газдандыру жүз пайызға жетеді немесе 192 елді мекенді қамтылады деп межеленіп отыр. Қазір облыста 288 мың адам газға қосылуға мүмкіндік жасалған, бұл – халықтың 41,2 пайызы. Жыл соңына дейін жоспарланған 20 шақты жоба толық аяқталғанда, бұл көрсеткіш те өсе түспекші.
Одан бөлек табиғи газға Қаратал ауданының 2300-ден астам тұрғыны қол жеткізді. Жалпы, аталған ауданда 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. 2019 жылы «Үштөбе» автоматтандырылған газ тарату стансасы және құны 3,1 млрд теңге болатын ұзындығы 44,7 км газ құбыры пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауданның 10 елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал кеше көптен күткен газ 530 түтіні бар, яғни 1800 адам тұратын Кәлпе ауылы мен 530 тұрғыны бар Оян ауылына да берілді.
Газға бірінші болып қосылғандардың бірі – кәлпелік Қайрат Сәрсенбаевтың шаңырағы. «Қыс бойы 5-6 тоннаға дейін көмір жағатынбыз. Бұл қарапайым отбасының қалтасына едәуір салмақ түсіреді. Үйге көмір, отын тасуың керек, от жағасың, күл шығару да оңай емес. Енді міне, үйге газ кіргізіп, осы әурешіліктің бәрінен арылып, қуанып отырмыз», дейді әулеттің келіні Қарлығаш Өскенбаева.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Кәлпе ауылына газ желілерін салу жұмыстарын 2021 жылдан бері «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізген, оған 500,2 млн теңге бөлініп, 27,1 км газ құбыры тартылды. Ал Оян ауылын газдандыруға 86,9 млн теңге бөлініп, 7,3 км газ желілері салынды. Мұндағы газдандыру жұмыстарын да «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді.
Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, Қаратал ауданын газдандыру жалғасады. Қазір Қанабек ауылында іске қосу-реттеу жұмыстары атқарылуда, ал жыл соңына дейін ауданның тағы 8 аулын, яғни жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге Жаңаталап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе ауылдарын кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылдан бастап Үштөбе қаласында құны 7 млрд теңге болатын газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде жобаға сәйкес жоспарланған 148 км-дің 134 км газ тарату желілері салынды, яғни жұмыстар 90,5 пайыз орындалды. Газбен жабдықтау биыл басталады деп күтілуде.
Республика күні қарсаңында сарқандықтар да бір шалқып-тасып қалды. Су жаңа медициналық пункттер Бірлік, Қ.Қазыбаев және Ешкіөлмес ауылдарында ашылды. Олардың әрқайсысына облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Маңызды әлеуметтік нысандар бейімделген нысандардың орнына салынып, барлық қажетті жабдықпен қамтылып отыр. Енді аталған елді мекендердің 1100-ден астам тұрғыны үшін медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі бұрынғыдан да арта түспек.
«Ауыл тұрғындары да, дәрігерлер де бұл қуанышты асыға күттік. Бұрынғы қолданыстағы медициналық пункттер тиісті талаптарға сәйкес келмейтін үй-жайларда болған. Енді блок-модульдік панельдерді қолдану арқасында медпункттер қысқа мерзімде заманауи кейіпке еніп, қолданысқа берілді. Ішінде барлық қажетті жабдығы бар. Енді мұнда арнайы мамандарды кесте бойынша жіберіп отырамыз. Мұның бәрі ауыл тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын», дейді Сарқан ауданы орталық ауруханасының директоры Алтай Шылғаубаев.
Жалпы, Бірлік ауылында 590 адам, Қ.Қазыбаев ауылында 313, Ешкіөлмес ауылында 205 адам тұрады. Тұрғындар бұған дейін басы ауырса, аудан орталығына шапқылап баратын, енді іргедегі заманауи мекемеге иек сүйемек.
«Бүгін туған ауылымызда жаңа, заманауи медициналық пункт ашылды. Біздің медпунктіміз тозып кеткендіктен, қаралу үшін көрші ауылдарға баруға тура келетін. Жаңа медпункт бізге жасалған мерекелік тамаша сый болды», дейді Қ.Қазыбаев ауылының тұрғыны Сәуле Құрманғалиева.
Бұдан бөлек Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының есебінен Үштөбе қаласының дәрігерлік амбулаториясы іске қосылды. Амбулаторияда күніне 50 адам қабылдайтын 3 дәрігерлік учаске орналасқан. Тіркелген халық саны – 3876 адам. Дәрігерлік амбулаторияда тіркеу бөлімі, әйелдерді қарау, дәрігерге дейін қаралу, физиотерапия, емдік денешынықтыру бөлмесі, дені сау балаларды қабылдайтын бөлме, 5-күндізгі ем қабылдайтын стационар, процедура қабылдайтын және екпе салатын бөлмелермен жабдықталған.
Ал шеткері аудандардың бірі Панфиловте бүлдіршіндердің қуанышы ерекше естілді. Көктал ауылында 100 орындық балабақша ашылды. Республика күні қарсаңында лентасы қиылған балабақшаның қуанышына Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек қатысып, бүлдіршіндер мен ата-аналарды құттықтады.
«Бұл – биыл ашылып отырған үшінші балабақша. Жуырда Головацкий ауылында үлкен балабақшаны ашу жоспарланып отыр. Ондағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң пайдалануға беретін боламыз», деді аудан әкімі М.Сағымбек.
Жеке кәсіпкер Кәмшат Молдахметова осы ауылдағы ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасап, 20-дан астам жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар Үлкен Шыған ауылында 90 орынға арналған және Пенжім ауылында 100 орынға арналған қос спорт кешені бой көтерді. Қазір Жаркент өңірі жылдан-жылға дамып келеді.
Жетісу облысы