Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Құрылтайдағы сөйлеген сөзінде жаңа қоғамдық этика туралы айтқанын, алқалы жиыннан соң Құрылтайдың кейбір мүшелері ұсыныстарын жолдағанын, олар елімізде құндылықтар жүйесін қалыптастыру қажеттігіне назар аударып отырғанын айтты. «Шын мәнінде, мұны өте маңызды бастама деп ойлаймын. Оны жан-жақты талқылап, қарастыруымыз керек», деді Президент.
«Мен бұған дейін Адал азамат ұғымын ұсындым. Осы орайда жастарымызға арнайы Үндеу жолдағым келеді. Елімізде жүзеге асырылып жатқан әрбір бастама, ең алдымен, Сіздерге арналады. Қазіргі реформалардың игілігін көретін де, елдік істерді жалғастыратын да – сіздер», деді Мемлекет басшысы.
Президент бүгінгі жастарды Қазақстанның келбеті деуге болатынын, шын мәнінде, кез келген мемлекет тұрғындарына қарап бағаланатынын, яғни, біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты екенін атап өтті.
«Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет. Жастар спортпен, дене шынықтырумен айналысуы керек. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Осы құндылықтарды барынша насихаттап, тарату қажет. Сонда жеке адамның қасиеті тұтас ұлттың қасиетіне айналады», деді Президент.
Жастар кез келген өзгеріске бейім болатынын, әр нәрсені бойына тез сіңіретінін атап өткен Президент: «Мен сіздерді жақсыдан үйренуге, жаманнан жиренуге шақырамын. Ұлы Абай айтқан бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болыңыздар. Сіздер дәріптеген құндылықтар қоғамда тез орнығады. Сіздер қолдаған өзгерістер жылдам жүзеге асады. Бәріміздің тілегіміз – бір, бұл – қоғамымызда жаппай әділеттік орнату. Ендеше, мақсатымызға бірге жетейік», деді.
Президент жас ұрпақтың жасампаздық қуатына сенетінін, саналы ұл-қыздары бар Қазақстан өркениет көшінің басында боларын тілге тиек етті.
«Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлік те, бақуатты тұрмыс та болады. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамыту қажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елді жарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Осыны санаға мықтап сіңірген жөн», деді Мемлекет басшысы.