Майра Рабатқызы бұл марапатты барша ұстаз қауымына көрсетілген зор құрмет деп бағалайтынын жеткізді.
– Мемлекет тарапынан ұзақ жылғы еңбегімнің еленіп жатқаны жүрек қалауыммен таңдаған мамандығымның нәтижесі дер едім. Осынау жауапкершілігі жоғары кәсіпті таңдай отырып, әрбір ұстаз сапалы білім беруді мақсат тұтады. Кейінгі уақытта педагог мәртебесі өсіп, мұғалім мамандығының құрметі артты. Педагогикалық мамандықтарға баратын студенттер қатары көбейді. Сондықтан ел мектептерінде білікті, білімді, өскелең ұрпақтың келешегіне бейжай қарамайтын мұғалімдердің көп болғанын қалаймын, – дейді Майра Рабатқызы.
Майра Рабатқызы мектеп партасында математика пәніне баулыған ұстазы Георгий Поповтан көп тәлім алғанын жеткізді. «Мұғаліміміз есеп шығаруға селқостықты мүлдем қаламайтын. Сондықтан да болар математика пәніне қызығушылығымыз өте жоғары болды. Осындай ізденімпаз, талапшыл мұғалімдеріміздің арқасында мектепті алтын медальмен бітіріп, Қыздар педагогика институтының Физика-математика факультетіне оқуға түстім. Еңбек жолымды «Айнабұлақ» шағын ауданындағы орыс мектебінен бастадым», дейді ол.
1997 жылы қазақ мектебіне ауысып, қаладағы көптеген семинарға қатыса жүріп, өз кәсібінде жаңа бір белесті бағындырған Майра Рабатқызы алғашқы кезде қазақ тіліндегі терминдерді меңгерудің оңай болмағанын еске алды. Бірте-бірте оны да жылдам үйреніп, аудандық семинарлардың бірінде елімізге есімі белгілі ұстаз Есмұқан Қанағатовтан қаладағы №161 мектепке жұмысқа шақырту алады. «Білікті ұстаздан шақырту алу үлкен мәртебе болды әрі мен өткізген семинарды жоғары бағалағанына сондай қуанған едім. Кейіннен директор ретінде осы мектептегі біраз мұғалімді ҰБТ сұрақтарын құрастыратын сараптамаларға, аппеляцияға көп қатыстырды. Нәтижесінде, білмегенімді үйреніп, көп шыңдалуыма тура келді», деп атап өтті.
Қазіргі кезде ҰБТ-ға дайындайтын «Болашақ» қосымша білім орталығында математикалық білімнің сан тарауына баулып жүрген ұстаз балаларды білімге қызықтыратын қадамның көп қажет екенін алға тартты.
– Тәуелсіздік жылдарына дейінгі балаларда білімге құштарлық зор болса, қазіргі кезде білімге деген көзқарас басқаша. Көп балаға ата-аналары қолдау көрсетеді. Олар мамандық таңдауда да өз кеңестерін бере отырып, баласының сапалы білім алуына инвестициясын аяп жатқан жоқ. Соның нәтижесінде балалардың да білімге зейіні артып келеді. Жалпы білім беретін мектептерде деңгейі жоғары балалардың дені қосымша орталықтарда білімін ұштап, ҰБТ-да өте жақсы нәтижеге жетіп жатыр. Ал енді бірінде өздігінен іздену жағы басым. Мектепте пәнге қызықпағанымен, қосымша білімнің нәтижесінде пәнді жылдам меңгеріп кететін оқушылар да бар, – дейді Майра Рабатқызы.
Тәжірибелі ұстаз атап өткендей, бүгінде оқулықтардың сапасына да мән беру уақыт күттірмейді. Осы орайда Майра Рабатқызы «Сапалы білімнің өзегі оқулықта десек, кейбір оқулықта берілген тапсырма жауабымен сәйкес келмей жататыны қынжылтады. Сондықтан оқулық авторлары бірнеше сараптамадан өтіп, озық тәжірибелерге зер сала отырып, тіптен бүгінгі оқулықтарда кездеспей жататын кеңестік кезеңде жазылған тиімді тәсілдерді де қаперге алса», деген пікірін алға тартты.
Кейінгі уақытта балаларға қазіргі заманға сай сапалы білім беруде өздігінен ізденіп, республика аймақтарынан да онлайн сабақ алып, білгенін жетілдіріп жататын мұғалімдер қатары көбейіп келеді. Педагогтер съезінде де айтылған мәселенің бірі мұғалімдердің біліктілігіне қатысты болды. Бүгінде цифрлық мүмкіндіктердің жаңашыл тәсілдерді игерудегі игілігі зор десек, білім платформаларының мұғалімдер үшін қолжетімділігі, әсіресе шалғай аудандарда заманауи құралдардың жеткіліксіздігі толғандырады.
Осы орайда Майра Рабатқызы: «Мұғалім – жүрек қалауымен таңдалатын мамандық. Әрбір ұстаз бала жүрегіне жол тауып, сапалы білім берумен қатар өз еліне қызмет ететін тұлға қалыптастыруды мақсат еткенде ғана бұл кәсіптің мәртебесі артады. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құрметтейтін, жаңа заман талаптарына бейім, кәсіби мұғалімдер легі қалыптасуы қажет. Сонда ғана біз жаһандану заманына бейім білімді жастар тәрбиелейміз», дейді.
АЛМАТЫ