Республикамыздың құрметті жолшысы Дамир Әлімов автожол саласында жарты ғасыр бойы тапжылмай еңбек етті. Сонау 1971 жылдан бастап күні кешеге дейін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде табанды жұмыстың үлгісін көрсетіп келген майталман маман үшін жол ісінің мағынасы терең, мәні қастерлі. Әріден қозғасақ, экономика бағытына бейімділік, нақты саланы меңгеруге деген құлшыныс оны 1966 жылы Өскемен құрылыс-жол институтына алып келді. Автомобиль жолдары мамандығы бойынша білім ала жүріп, талапты жас геодезиялық тәжірибеден өтеді, теодолитпен, нивелирмен жұмыс істеу қағидасын үйреніп, жолдың негізгі элементтерімен танысады, автомобиль жолдарын салу мен жөндеуде тәжірибелі мамандардың ақыл-кеңесін көңілге тоқып, тағылымын молайтады. Айтуынша, дәл осы кезең оның өмірінде ерекше із қалдырып, автожолшы мамандығын жан-жақты игеруге деген ынта-ықыласын арттыра түсіпті.
Институтты ойдағыдай аяқтағаннан кейін жас маман еңбек жолын Панфилов қаласында қарапайым жол шебері болудан бастаған. Уақыт өте келе аға шебер, кейін жол пайдалану-құрылыс учаскесінің басшысы қызметін атқарды. Сол кездері аудан аумағында облыстық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салумен, жөндеумен және күтіп ұстаумен айналысқан учаске бірнеше мәрте жеңімпаз атанған. Алғаш рет битум құю, қиыршық тас қабатын төсеу және илемдеу технологиясымен жол бетін өңдеу ісі қолға алынып, сәтті жүзеге асырылды. Барлық маңызды бастамаға зор жауапкершілікпен қарайтын іске мығым маман белсенділігімен, тиянақтылығымен танылды. Бұл қабілет 20 жылда атқарылған Талдықорғандағы инженерлік, басшылық қызметтерде де жан-жақты ашылып, ширай түсті. «90-жылдары автомобиль жолдары бойынша жұмыс көлемі күрт төмендеді. Біз бюджетті теңгемен қалыптастыра бастағанда облыс жолдарындағы жөндеу жұмыстарының көлемі бірден алты есеге төмендеп, 2000 жылға дейін одан әрі құлдырауды жалғастырды. Уақтылы және нормативтік мерзімде жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде облыс жолдары тағы бірнеше жыл қалыпты жағдайда тұрды», деп еске алды ардагер сол бір қиын-қыстау кезеңді.
Одан соң Д.Әлімов «Қазақавтожол» РМК бас директорының орынбасары және өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы болып жұмыс істеп, республика бойынша автожолдарды пайдалану мәселелерімен айналысты. Кейін автомобиль жолдары комитетінде инвестициялық жобалар басқармасын басқарды. Сол кезеңде еліміз өз қаражатының жетіспеушілігінен халықаралық қаржы ұйымдарынан автожолдардың жағдайын оңалту, қозғалыстың қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыру үшін ақша ала бастады. Д.Әлімовтің жетекшілігімен басқарма осы қарыздарды игеру кезеңдерін бақылауды, рәсімдерді сақтауды іске асырды, тендерлер мен мердігер ұйымдарды белгіледі.
Дамир Әлімов автокөлік жолдарын дамыту мәселелерін, оларды шешу жолдарын қарастыруға белсенді атсалысып келеді. Бұл тұрғыда жол саласының қыр-сырын терең меңгерген, өмірден түйгені мол байырғы жолшының айтар келелі ойы, пайымды ұсыныс-пікірі аз емес. Ардагер автомобиль жолдарын салу және жөндеу кезінде сапа талаптарын сақтамау жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайына себеп болатынын атап көрсетеді. Бұл проблема мемлекет пен жұртшылықтың бақылауы арқылы жол жұмыстарын жобалау мен жүргізуде бақылауды күшейту арқылы біртіндеп шешімін табады. Сол секілді еліміздің күрт континенталды климаты да көп қиындық келтіреді. Ғылыми және жобалау ұйымдары мұның теріс әсерін азайту бойынша үнемі жұмыс жүргізіп жатыр. «Өкінішке қарай, бұл факторды толығымен жою мүмкін емес. Сондықтан жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын салу, жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу шығындарын жоспарлау кезінде ескеру қажет», деп кеңес береді Дамир Тұқымұлы.
Тағы бір мәселе ‒ рұқсат етілген жүктемелерді асырғаны үшін автожолды пайдаланушылардың жауапкершілігін келтірілген залалды толық өтей отырып, заң жүзінде қатаңдату қажет. Жол жабындарын жөндеу арасындағы нормативтік мерзімдерді сақтау, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын күтіп ұстау мен ағымдағы жөндеу бойынша жұмыстарды уақтылы әрі жеткілікті көлемде орындау жіті назарда болуға тиіс.
Сондай-ақ Д.Әлімов кейінгі 30 жылда автожолдарды күрделі және орташа жөндеу бойынша орындалатын жұмыстар көлемі жөндеу аралық мерзімдер бойынша талап етілгеннен 3-5 есе аз болғанын айтады. «Мысалы, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында жергілікті маңызы бар 27 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бағдарламадағыдай жөндеу қарқынымен жолдың әрбір километрі белгіленген 5 жылдың орнына орта есеппен 15 жылдан кейін жөнделеді. Яғни бейнелі түрде айтқанда, мұндай жоспарлау кезінде жол пайдаланушылары шамамен 5 жыл нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес келетін жолмен қозғалып, одан кейін 10 жылдан аса уақыт бойы жолдардың сынған, қираған учаскелерімен жүреді», дейді тәжірибелі жолшы.
Жол ‒ елдің деңгейін «баяндайтын» экономиканың күре тамыры, өңірлер дамуының, өмір сапасының көрсеткіші. Кез келген мемлекетті нақты ұйымдастырылған көлік-логистика саласы мен инфрақұрылымсыз елестету қиын. Жолаушы тасымалынсыз, жүк жеткізілімінсіз өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының және экономиканың басқа да салаларының тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету мүмкін емес.