Инфографика • 25 Қазан, 2023

Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ел егемендігін алған соң, отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі бас­тал­ды. Одақтан қалған 100-ден аса ғылыми-техникалық ұйым енді ғана еңсе тіктеген елдің меншігіне өт­кендіктен, ғылым саласын мем­лекеттік деңгейде қолдаудың ма­ңызы күн тәртібінде тұрды. Жо­ғарғы кеңестің 1992 жылы 15 қаңтардағы Қаулысымен «Қазақ­стан Республикасының ғылым және ғылыми-техника сая­са­ты туралы» заңы қабылданды. Бұл тәуелсіздік тарихындағы төл ғы­лымға мемлекет тарапынан жа­салған құқықтық, қаржылық, жал­пы кешенді қолдаудың басы ғана болатын.

Ғылымы жоқ елдің болашағы жоқ

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Аталған заңнан кейін Президент Жарлығымен Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды. Осы министрлікке: республиканың ғылыми-техника саласының дамуы жолында мемлекеттік саясат жүргізу; ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадр­лар даярлау ісін үйлестіру; ғылыми-технологиялық салада халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру міндеті жүктелді. Министрлер кабинетінің 1993 жылы 22 қаңтардағы Қаулысы бойынша ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыс­­тар мен ғылыми-техникалық бағдар­ла­маларды республикалық бюджеттен қар­жы­ландыру тәртібі айқындалды. Ғылым және жаңа технология министрлігі жанынан Ғылым қоры құрылды. 2001 жылы 12 шiлдеде қабылданған «Ғылым туралы» заңы ғылымды басқару ісін жетiлдiрудiң, инновация мен зерттеу үдерістерін ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың негiзiн қалаушы құжат болды.

Білім мен ғылым саласы бір-бірімен біте қайнасып жатса да ғылым мәселелері мектеп шаруаларының көлеңкесінде қалып қоя бергені белгілі. 2022 жылдың маусымында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен барлық салаға, бастысы экономикаға негіз болатын сала өз еншісін алып, Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды.

11 ғылыми-зерттеу институты­ база­лық қаржыландыру моделіне көшірілді. Грант­тар мен ғылыми жобалық байқау­лар­ға тәуелді болмай, жыл сайын мемлекеттен арнайы бекітілген өзіндік жоспарына сай қаржысын алып тұрады. Қазіргі таңда ғылыми-техникалық зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға қаржы жыл сайын бөлінеді, бұған дейін 3 жылда бір рет қана берілетін. Биылдан бастап «мега грант» ұғымы енгізілді. 2,5-3 млрд теңгеге нақты зертхананы қамтамасыз ету үшін 800-ден аса арнайы қондырғылар, құрал-саймандар алынды.

Ұлттық ғылым академиясының соңғы жариялаған Ғылым туралы ұлттық баяндамасындағы дерекке қарағанда, ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру 2020-2021 жылдары екі есе дерлік өсті. 2021 жылы іргелі зерттеу­лерге бөлінген қаржы 6,5 млрд теңгеден асты, қолданбалы зерттеулерге 14,5 млрд теңге жұмсалған.

Ғылымға жастарды тарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Айталық, 1,5 мыңнан аса жас ғалым мен зерттеуші Жас ғалымдарға арналған екі байқаудың нәтижесінде 315 жобада өз идеяларын іске асыруға мүмкіндік алды. Бұл жобаларға жұмсалатын бюджеттік шығындардың жалпы көлемі 17,6 млрд теңгені құрайды. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігінің осы қыркүйектегі бұйрығына сәйкес: 1) жара­тылыстану ғылымдары саласындағы үздік зерттеулерге Қ.Сәтбаев атындағы; 2) гуманитарлық ғылымдардағы үздіктер Ш.Уәлиханов атындағы; 3) педагогикадағы үздік жұмыстарға Ы.Алтынсарин атындағы сыйлық беріледі. Үш сыйлықтың әрқайсысына 350 айлық есептік көрсеткіш (2023 жылы – 1 207 500 теңге) көлемінде сыйақы тағайындалады. Осыған қоса 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде түркітану саласындағы еңбектерге Күлтегін атындағы, 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жаратылыстану бағытындағы үздік жұмыстарға Д.Қонаев атындағы сый­лық тағы бар. Мұның бәрі 40 жасқа дейінгі жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында енгізілген.

2021 жылдан бастап қолға алынған рес­публикалық «Үздік ғылыми қыз­мет­кер» байқауы енді жыл сайын өткізілетін болды. Аталған ғылым бәйгесінің қоры­тын­дысы бойынша былтыр 50 ғалым 6 млн теңгеден сыйақы алған еді.

Отандық ғылымның берері қан­дай? Салалық министрліктің таратқан ақпаратына қарағанда, ғылымның нәтижелерін коммерцияландыру­ – бас­ты бағыттардың бірі. Біраз ғылыми жобалар коммерцияландыру арқылы нарыққа шығып, экономика жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 2022 жылы көрсеткіштер бо­йынша коммерцияландырудың нәти­жесінде инновациялық өнімдерді сату­дан түскен табыс 16,3 млрд теңгені құрады. Төленген салық көлемі – 5,2 млрд теңге. 1 400-ден аса жаңа жұмыс орны құрылды. Ғалымдардың табысы 338 млн теңгеге жетті. 120-дан аса жоба сату кезеңіне жетті. Жобалар­­дың экспорт көлемі 346,7 млн теңгені құрады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қыркүйекте ұйым­дас­ты­рылған форумда жаңа заң жобасы әзір­лен­генін айтты. Бұл – «Ғылым және тех­но­логиялық саясат туралы» заң жобасы. Министрдің айтуынша, отандық ғылымның ендігі бағыты халықтың тұр­мысын жақсартуға арналған қол­дан­балы ғылымды дамыту, күш салу, күнделікті өміріне қажетті ғылыми-техникалық жобалардың нәтижелерін өндіріске көптеп енгізуге негізделген. Бұл үшін әлбетте қаржы қажет. 2023-2025 жылдары ғылымға бюджеттен бөлінетін қаражаттың мөлшері 3,5 есе арттырылмақ, жалпы көлемі 643 млрд теңгені құрайды. Тарқатып айтқанда, 2023 жылға 158,6 млрд теңге; 2024 жылға 244,2 млрд теңге; 2025 жылға 240,2 млрд теңге қарастырылған.

Түйіндей келгенде, осы жасалып жатқан жағдай мен жоспарланған жұмыстың бәрі ғұлама ғалым Әл-Фарабидің «Ғылымы жоқ елдің бола­ша­ғы жоқ» деген өсиетін бағдар етіп алға­ны­мызды айғақтайды.