Мектеп • 25 Қазан, 2023

Қазақ мектебі: өсу үрдісі

344 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Республикада қазіргі кезде 7 723 мектепте 3,9 млн оқушы білім алып жатыр. Олардың 3700-ден астамы – қазақ тілінде білім беретін мектептер. Былтыр­ғы оқу жылында мектеп бітірген 172 мың оқушының 120 мыңнан астамы қазақ тілді мектептерде білім алған болса, бұл көрсеткіш 2020-2021 оқу жылын­да 111 183-ті құрады. Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа барған 300 мыңнан аса оқушының 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған.

Қазақ мектебі: өсу үрдісі

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Деректерге сүйенсек, кейінгі 30 жыл­ ішінде елімізге шетелден 1,5 млн-ға­ жуық қандас оралып, көрсеткіш 70 па­йыздан асып отыр. Егер оған қазақ тілін жақсы меңгерген бірқатар түркітілдес халықтардың өкілдерін қосатын болсақ, онда бұл көрсеткіш 80 пайызға жетеді. Ал алдағы уақытта 90 пайыздан асады деп болжанып отыр. Сарапшы мамандар қазақ тілді мектептер санының көбеюін ұлт тұрақтылығының кепілі ретінде қарастырады. Өйткені қазақ сыныптарында оқыған балалар ана тілін меңгерумен қатар халықтың дәстүрлі тәрибесін де қатар меңгереді. Ана тілімен қатар өзге тілдерді меңгерген оқушылар бәсекеге қабілетті ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Бүгінде елімізде 17 жасқа дейін 6 миллионнан аса бала болса, оның 3,3 миллионын мектеп жасындағылар құрайды. Ал оларға сапалы білім, саламатты орта қалыптастыру – мемлекет алдында тұрған кешенді міндет.

Деректерге сүйенсек, қазақ мектеп­те­рінің рейтингі жоғары екенін ҰБТ, халықаралық, республикалық олимпиадалар нәтижесінен айқын аңғаруға болады. Сонымен қатар сарап­шылар қазақ мектептерінде тәрбие беру ісінің де озық екенін алға тартады. Қа­зақ тілді мектептерге деген сұраныс 2016-2017 жылдарға дейін жақсы көр­сет­­кішпен ерекшеленген. Дегенмен кей­­бір деректер қазақ мектептерінің са­ны 2011-2016 жылдары аралығында 17 пайызға аза­йып кеткенін растайды. Ір­і­ қалаларда жаңадан қазақ мек­теп­те­рі­ ашылып жатқанымен, халық көшіп кет­кен шағын ауылдарда бала саны­ның­ азаюы­на байланысты мектептер жа­­б­ыл­ған.

Кеңестік кезеңде рухани сала түбе­гей­лі өзгеріске ұшырады. 1990 жылы Қазақ КСР Халыққа білім беру министрі Ш.Шаяхметов елімізде 1960-1986 жылдары 500-ден аса қазақ мектебі негіз­сіз жабылған десе, тарихшы ғалым Х.Әбжановтың деректері бойынша 1 314 қазақ мектебі жабылған. Мамандар тың көтерілген жылдардан бастап ел тәуелсіздігіне қол жеткізгенге дейін көптеген қалада бірде-бір қазақ мектебі, тіпті қазақ сыныбы болмағанын алға тартады.

Қазақ мектептерінің тағдыры қай кезеңде де қоғамды толғандырып келді. Кеңес тұсында Алматы қала­сының өзінде жалғыз №12 қазақ мектебі қалғаны белгілі. Осы кезде Шона Смаханұлы бастаған зиялы қауым аталған мәселені мемлекеттік деңгейдегі мәселе етіп көтеріп, Алматы қаласында қазақ мектептерінің ашылуына мұрындық болды. «Мектепке кеңес» қоғамдық кеңесі 1986 жылы Желтоқсан көтерілісінің ізін ала, 1987 жылы құрылып, оның мүшелері үй-үйді аралап, ата-аналардан қол жинады, қазақ отбасыларын үгіттеді. Осылайша, қазақ мектептерінің жаппай ашылуына ықпал етті.

1989-1990 оқу жылдарында елі­міз­­­дегі қазақ мектептерінде 1 мыңға жуық оқушы білім алды. Тиісті сала дере­гіне сүйенсек, тәуелсіздік жылдары қа­зақ тілінде оқытатын 965 мектеп іске қосы­лып, жалпы саны 3 733-ке жеткен. Бұл – жалпы мектептердің 54 пайызына тең. 1991 жылы қазақ мектептерінің саны 2 768 болатын. Мектеп жасын­да­ғы ұлты қазақ балалардың саны – 2 568 068-ді­ құраса, олардың 2 173 141-і қа­зақ тілінде білім алған.

Осы орайда еліміз аймақтарындағы орын тапшылығын жойып, заманауи мектептермен қамтамасыз ету бірінші кезекте тұр. Бұл бағытта мемлекет тарапынан «Жайлы мектеп» жобасы қабылданып 400-ге жуық мектеп салынып, 800 мыңдай оқушы орнымен қамтамасыз етіліп жоспарланған. Жаңа мектептер 300, 600, 900, 1200, 1500, 2000 және 2500 орынға арналатын болады. Жоба нәтижесін беретін болса орын тапшылығы, апатты мектептер, үш ауыс­ымды мектептер мәселесі шешіледі. Болжамға сәйкес, 2026 жылға қарай елімізде 1,2 млн оқушы орындарына тапшылық байқалатын болады.

Жаңа тұрпатты мектептер заман ағы­мына сай жарақталып, сапалы интер­нет, білікті кадрлармен қамтамасыз еті­луге тиіс. Алайда сарапшылар ұлттық жо­ба аясында еліміздегі мектептер тап­шылығы азаймайды деген пікірде. Өйт­кені демографиялық, миграциялық ахуал­ды басшылыққа алғанда, өңірлерді жай­лы мектеппен қамтамасыз ету ісінде жүйе­лі сараптама жасалмай отыр. Ал ұлт­тық мектептерді дамыту ісінде елі­міз­­дің ішкі ахуалын, халықаралық ке­ңіс­­­­­тіктегі ықпалдастығын негізге ала оты­­­­рып, білім бағдарламаларының, оқу­лық­­­тардың сапасын жақсарту, білікті ма­ман­­дардың әлеуетін көтеру, жаңа техно­ло­гияларды меңгеруге қатысты кешен­ді қадамдарды басшылыққа алу маңыз­ды.

 

АЛМАТЫ