Суретті түсірген – Шүкір ШАХАЙ
Желтоқсан: санадағы сілкініс
– Әділ Құрманжанұлы, егемендік туралы құжатты қабылдау ерлікпен келгенін білеміз. Қазақтың санасын сілкінтуге серпін берген қандай күш еді?
– Егемендік бізге оңайлықпен келген жоқ. Осы жерде алдымен елдігімізді сақтап қалатын маңызды құжатты қабылдағанға дейін болған қиын күндерге шегініс жасағым келіп тұр. Тәуелсіз ел болуға деген бұлқыныс 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен басталды. Бұл бізді отар деп санайтын империяның қылышынан әлі қан тамып тұрған Горбачевтің кезі болатын. Олар Димекеңді (Қонаевты) жұмыстан кетірудің әдістерін ойлап табуға жұмыс істеді. Оның соңы жастардың жаппай наразылыққа шығуына алып келді. Өкінішке қарай, біз Алматының үлкен алаңында қазақ жастарының жаппай соққыға жығылғанына куә болдық. Қыстың қақаған аязында көшеге жиналған жастар Колбиннің қазақты басқаруға келгенін қаламады. Сол кездегі Димекеңе деген халықтың сүйіспеншілігі мен сый-құрметінің жоғары болғаны соншалық, алаңға шыққан жастардың өршіл рухын ешқандай күш тоқтата алмады. Елдігіміз сыналар тұста жастардың бойындағы лапылдап жанған жігердің қайта тұтанғанына қуанғанымыз да рас. Азаттыққа деген талпыныс жастарды осылай алаңға шығарды. Ол кезде мен отыз күнге демалысқа шыққанмын. Қаладағы дүрбелеңді естіп, дереу қайтып оралдым. Дүние астан-кестең. Бiрақ бiр нәрсе анық едi. Сол жоғарыдағы алаңға топтасқан жастардың батыл рухынан болашақ Қазақстанның ертеңі мен егемендігiнің арайлы көкжиегi де қылаң бере бастаған-ды. Патшалық Ресей мен кеңес одағы Қазақстанды ешқашан уысынан шығарғысы келген емес. Қазақ даласын отарлау мақсатымен көптеген мигрант Ресей мен Украинадан жер аударылып, елімізге жіберiлді. Тың және тыңайған жерлерді игерудің артында да сол отарлау саясаты тұрды. Соғыс кезінде де Қазақстанға Кавказдан депортацияланғандар көптеп келдi. Осының барлығының астарында бізді отарлаудың кейбір нышандары көрініп тұратын. Ал кеңес одағын басқарғандардың барлығы қазақтарды құртуды, қазақтардың сүт бетіндегі қаймақтарын қынадай қыру үшін жұмыс істеді. Қай-қайсы болсын қазақтардың егемендік алып, өз алдына тәуелсіз мемлекет болмауы үшін қолынан келген барлық тірлікті істеуге тырысты. Тек Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерін де өзінің уысынан шығармауға бар күшін салды. Алайда отарлау саясатын жүргізудің қаншама амалын қарастырғанымен, кеңес одағы өз ішінен іріп-шіріп кетті. «Одақ неге ыдырап кетті?» деген мәселеге келсек, кез келген империя ерте ме, кеш пе, түбі ыдырайды. Бұл туралы «Мемлекеттер неге күйрейді?» деген мақаламда толыққанды сараптама жасадым. Қарап отырсаңыз, Рим, Осман, Аустрия-Мажарстан империяларына сырттан келген жау жоқ. Одан бері де жүздеген мемлекет қирады. Барлығының тағдыры іштен іріп-шірудің салдарынан болды. Сол секілді кеңес одағы да ішінен іріп-шіріп, бір-ақ күнде күйреп қалды. Себебi ел басқарып отырғандардың барлығы да қарттық келіп, қаусаған шақта еді. Соған қарамастан барлығының мақсаты – Орталық Азияны уысында ұстау, әсіресе Қазақстанды ашса алақанында, жұмса жұдырығында қалдыруға жұмыс істеді. Себебі біздің жеріміздің көлемі үлкен. Асты-үсті тұнған байлық. Соны мұқият есепке алып отырды. Оның үстіне кеңес одағының кезінде Қазақстанның әлеуеті өте жоғары болды. Осылайша, өз ішінен күйреп жатқан тұста одақ құрамындағы бірнеше республика өздерінің егемендігін жариялады. Ал Қазақстан одақ құрамынан ең соңында шықты. Тіпті Ресейдің өзі де егемендiгiн ресми түрде одақтың күні біткен кезде ғана жариялады. Оның өзіндік себебі бар-тын. Біздің экономиканың қай саласы болсын Ресеймен тікелей байланысты. Сол үшін Ресейден бөлініп шығуды көп адам қалаған жоқ. Адамдардың бойында қорқыныш та жоқ емес-тiн. Бір жағынан ел ішінде орыстілді азаматтар көп еді. Министрлердің ішінде де, коммунистік партия жетекшілерінің қатарында да олардың саны қазақтардан басым болды. Олар да өздерінің қамын ойлап, Егемендік декларациясын қабылдамаудың қамын күйттеді. Депутаттардың әртүрлі пікірде болғанының астарында да сол фактор жатқан-ды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» дегендей, халықты құлдық сана әбден басып тастағаны тағы бар.
– Оқу орындарының басшылары жастардың жаппай алаңға шыққаны үшін қудаланғанын білеміз. Сізге де ұшқыны тимеді ме?
– Тиді. 1986 жылы Алматыдағы Шет тілдері институтында оқу iстерi жөніндегі проректор едiм. Төтенше комиссия «Алаңға шықты» деген желеумен ең жақсы оқитын студенттеріміздің барлығын оқудан шығарып жіберді. Оның ішінде Желтоқсанға қатысқаны бар, қатыспағаны бар, онымен шаруасы болған жоқ. Олардың негізгі мақсаты жақсы оқитындарды, келешекте осы мемлекеттің көсегесін көгертіп, тұғыры болатын адамдардың барлығын құрту болды. Көтерілісті желеу етіп, барлық оқу орнында осындай қысқарту жүрді. Ректорларды қудалап, қаңғытып жіберді. Партиядан шығарып, барлық жолын жабуға тырысты. Орыс басылымдарында Қазақстанға қарсы жамандау басталды. «Ұлтшылдар», «арақ ішіп, есірткі шеккендер» секілді айыптаулармен соттады. Қазақтың беткеұстарлары қыршын кетті. Бір ғана мысал айтайын, біздің институтта 30 ұлттың өкілі оқитын. Соған қарамастан біздің ректорға да әртүрлі жала жауып, жұмыстан да, партиядан да шығарып жіберді. Жалғыз біздің ғана емес, біраз институттың ректорларын қудалады. Ол кезде мен ректордың міндетін атқарушы едім. Бір күні Алматыдағы Қазақстан комсомолы ұйымы орталық комитетінде Бiлiм министрлiгiнiң алқа отырысы өтті. Жиналысты сол кездегi Білім министрi Көпжасар Нәрібаев басқарды. Президиумда Қазақстан Коммунистiк партиясы Орталық Комитетінiң мүшелерiмен қатар Мәскеуден келген қаралаушы топтың өкілдерi отырды. Барлығы баяғы Мәскеудің ығына кетіп жатты. Жиналыста сөйлейтін адамдарды күні бұрын дайындап қойған. Әлгі жерде «Тәрбие жұмысын босаңсытып алған» деген айыптаулармен барлық жоғары оқу орнын жамандады. Сондағы айып мынау: Қазақстандағы оқу орындарында қазақтардың саны артып, орыстар азайып кеткен. Солтүстік облыстардан аз адам оқиды-мыс. Осындай желеумен мені де қалалық коммунистiк партия комитетiнiң бюросына шақырды. Бірақ коллегияда сөйлеген сөзімде: «Бұл айтылғандардың біреуін де қабылдамаймын. Себебі бізге жала жабылып жатыр», деп айтып кеткенмін. Ең қызығы, осы сөзді айтып жатқанда залда шыбынның ызыңы ғана естілетіндей тыныштық орнады. Бір адам мені қолдап сөйлеген жоқ. Қолдап сөйлеуге қорқатын күнге жеттік, көрдіңіз бе? Барлығы жеп отырған нанынан, қызметінен айырылып қаламын ба деп қорықты. Сонда да айтарымды айттым. «Мені де жұмыстан қусаңдар, қуыңдар. Бірақ Мәскеудің шешімімен келіспеймін», дегенімде де жігіттердің біреуі қол көтеріп, сөзіме қолдау білдірген жоқ. Артынан менi де қудалау басталды. Бюроға шақырды. Ол жерде «Тәрбие жұмысына жауап беретін адамсыз. Неге осындай бассыздықтарға жол бердіңіз? Орыстардың үлес салмағы неге төмендеп кетті? Олар неге аз, сендер, яғни қазақтар неге көп?» деген сұрақтың астына алды. «Бізде 30 ұлттың өкілі оқиды. Өздеріңіз білесіздер, бізде қазақ пен орыс мектептері бар. Әрқайсысынан 50 пайыздан, сол сияқты аралас мектептен 25 пайыз адам оқуға түссе, қазақтардың 75 пайызы содан шығады. Ешкім қолдан ештеңе жасаған жоқ», деп статистиканы алдарына тарттым. Олар ештеңе дей алмады. Жұмыстан негізсiз қууға дәттері бармады ма, кіжініп-кіжініп қойды. Кейін орныма қайтып келгеннен кейін оқудан шығарылған балалардың біразын қайтарттым. Бір күні біздің партия комитеті басшысының орынбасары Дмитрий Комарев кабинетіме кiрiп келді. Мен ол кезде ректордың қызметін атқарып жүрген едім. «Сіз Желтоқсан көтерілісіне байланысты оқудан шығарылғандарды неге қайтадан оқуға қабылдағансыз? Бұрынғы бұйрықты неге бұздыңыз? Партия комитетімен неге ақылдаспайсыз?» деген секілді әңгіме айтты. Мен оған «Кеңесетін ештеңе жоқ. Сіз екеуміз бір үйде тұрамыз. Сіздің балаңыз 2-курста оқиды. Желтоқсанды сіздің балаңыз немесе біздің балалар ұйымдастырды ма? Олардың ешқандай кінәсі жоқ қой. Жастардың тағдырын неге кесіп тастауымыз керек?» дедім. Бірақ айтарымды айтып, артынан қатты ойланып қалдым. Өйткені ол сөзімді орталық комитетке естіртетінін білдім. Сөйтсем, үш күннен кейін Дмитирий Комарев бүкіл отбасын алып Ресейге көшіп кетіпті. Демек менің айтқанымның шындық екеніне оның көзі жетсе керек.
Халықтың байлығы өзіне тиесілі
– Америка алғашқылардың бірі болып біздің тәуелсіздігімізді мойындағаны белгілі. Ал сіз 90-жылдары Алматы қалалық атқару комитеті сыртқы байланыстар бөлімінің жетекші маманы, АҚШ-тың Тусон қаласындағы өкіл болдыңыз. Осы қайта құру уақытында тәуелсіздігін алған елдерден не үйрендік, нені байқадық?
– Расымен, бұл бүкіл әлемнің назарын елімізге аударған оқиға болды. Егемендігімізді алғаш болып мойындағандардың арасында Америка мен Түркия тұрды. Қазақстан БҰҰ-ға мүше болды. Шетелдерден елшілер келе бастады, біз де өзіміздің елшіліктерімізді аша бастадық. Егемендік алғанымызға халық болып қуандық. Алайда коммунистік партияның құрамында жұмыс істеген шолақ белсенділер кеңес одағының шекпенінен шыққысы келмей, қасарысып бақты. Әйткенмен бұқара халықтың егемендікке деген ерік-жігері олардың дегенін болдырмады. Бастарындағы бөрікті аспанға лақтырып, балаша қуанды. Оны естіген өзге елдегі бауырлас қандастарымыз атажұртына орала бастады. Мұның өзі – бөлек тарих.
Қазірдің өзінде халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлемдік аренада үлкен абыройға бөленіп жатқанымызды көре алмайтындар бар. Өкінішке қарай, сыртқы саясаттағы жетістіктерімізбен бірге ел ішіндегі жиіркендіретін жағдай да болды. Мысалы, тек баюды мақсат тұтқан ескі басшылық жемқорлыққа етек-жеңімен кіріп кетті. Қазақстанның бүкіл байлығын қалталарына салып алды. Бұрынғы басшылықтың ең үлкен қателігі осы. Халыққа емес, өздеріне жұмыс істеді. Күштік құрылымдар халықты қорғаудың орнына ат төбеліндей адамдарды қорғап келді. Бұл кеселмен күні бүгінге дейін бетпе-бет келіп отырмыз. Жаңа Қазақстанның реформасы неге баяу жүріп жатыр? Себебі ескі жүйенің бұтақтары мемлекеттік құрылымдарда әлі отыр. Ал шіріген бұтақты сындырмай, жаңасы шықпайды. Адамдардың санасы тазармай, дамудың даңғыл жолына түсу қиын. «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» деген кітабымда да мемлекетті дамытуда сананы өзгертпей, ештеңе өзгермейтінін талдап көрсеттім. Билікке меритократтар келгенде ғана сең қозғалады. Ар-ожданы таза адамдарға сенім артқанда ғана реформа жемісті жүзеге асады. Қазір шетке кетіп қалған ақшаны қайтаруда неге қиындық туып отыр? Құзырлы органдар екпінді жұмыс істемей жатыр. Өйткені оның соңы өздеріне тиіп кететінін сезетін болуы керек. Бірақ шіріген бұтақтың түбі шіріп түсетіні секілді, олар қанша тырмысса да, реформа орындалады. Елдің байлығына халықтың қолы жетеді.
Өткенде Біріккен Араб Әмірліктері шейхының кітабын оқыдым. Сол кітапта геологиялық зерттеу жүргізушілер араб шейхына: «Мына келісімге қол қойсаңыз, сіз әлемдегі ең бай адам боласыз», дейді. Сонда әлгі шейх: «Неге мен ғана бай болуым керек? Менің халқым бар. Сол халықтың әр азаматының үлесі болса ғана қол қоямын», дейді. Бізде де солай істеуге болар еді. Бірақ біздегі ұлттық компаниялар халыққа келгенде саңырау болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қаржыны мемлекетке пайда әкелетін жобаларға салу керектігін үнемі айтып келеді. Бұл – өте маңызды. Мысалы, бұрынғы басшылық кезінде кнопкамен ашылатын зауыттар ашылды. Қазір солардың жұмыс істеп жатқанын көрмейміз. Себебі оның барлығын талан-таражға түсіріп, жоқ қылды. Ескі жүйені көксейтіндер әлі де бар. Байлығы тасыған миллиардерлер шыққан елде су мен жылу, балабақша мен мектеп жетіспейді. Тасымалдау жүйесі ақсап тұр. Президент екі сөзінің бірінде ауылды көркейту керек екенін айтып келеді. Ауыл-аймақты дамытып, мегаполис қалалардағы урбанизацияға заңмен тыйым салатын уақыт жетті. Себебі инфрақұрылым қолжетімсіз болып тұр. Қазір елдің оқу-біліміне жауап беретін министр мектеп құрылысына бас қатырып, балабақша санын есептеп әуреге түсіп кетті. Мысалы, Вашингтон 600 мың адамға есептелген. Қаланың инфрақұрылымы сонша адамға ғана лайықталып жасалған. Ал бізде үйлер тоқтаусыз салынып жатыр. Қазіргі қалалардағы құрылыстан ине шаншар орын жоқ. Инфрақұрылым артта қалып жатыр. Барлық ресурс 3 қалаға бағытталған. Ал Скандинав елдерінде халық қалаға үдере көшпейді. Туған жерінде қалып, тірлік жасайды. Өйткені үкімет олардың тұрғылықты жерінен шықпаудың барлық жағдайын жасап қойған. Бұл ел ішіндегі көші-қонның ретке келуіне ғана емес, ұлттық қауіп-қатерге де үлкен тосқауыл. Шекаралық аймақтардағы ауылдарды қаңырап бос қалдыруға болмайды. Ал осы жұмысты алға жылжыту үшін бізге инклюзивті институттардың жұмысын қолға алу қажет. Талантты адамдарға тосқауыл қоймай, жұмыс істейтін адамдарға мүмкіндікті молынан берген жөн. Кезінде «Даму» банкі қарапайым адамдарға емес, олигархтарға жұмыс істеді. Халық болса қарызға батып жүр. Сол үшін саясатты өзгертіп, әлеуметтік институттарды аяғынан тұрғызу керек.
Мықты ақпараттық қауіпсіздік қажет
– Әлемдегі геосаяси жағдай шиеленісіп тұр. Осындай тұста Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлі мен әлем елдері алдындағы беделіне қандай баға бересіз?
– Шығысымызда Қытай, солтүстігімізде Ресеймен шектесеміз. Араб әлемімен де байланысымыз бар. Жалпы алғанда, Қазақстан әлем елдерімен тығыз қарым-қатынаста. Барлық елде елшіліктеріміз жұмыс істеп тұр. Президенттің соңғы Қытай мен Америкаға, Еуропаға сапарын алатын болсақ, біздің мемлекетке деген алып елдердің көзқарасы биік екені байқалады. Себебі Президент бірнеше тілді еркін меңгерген. Қытайдың екі диалектісінде таза сөйлейді. Қауіпсіздік кеңесінің жұмыс тілдерін жақсы біледі. АҚШ-қа сапарында БҰҰ Бас Ассамблеясының жыл сайынғы пікірталасына қатысып келді. 183 мемлекеттен тұратын БҰҰ-ның мінберінде Құранға қатысты өз пікірін білдірді. Құранның Бақара сүресінде «Шынайы мұсылман өзіне түскен кітапқа сенеді. Сондай-ақ өзінен бұрын түскен кітаптарға да сенеді» деп жазылған. 2013 жылы елімізге келген Рим Папасы II Иоанн Павел: «Үш діннің ұқсастығы мен айырмашылығы көп. Егер айырмашылығына екпін беретін болсақ, бір-бірімізден алшақтаймыз. Ал ортақ құндылыққа екпін берсек, жақындаймыз», деді. Мемлекет басшысының да айтып отырғаны осы. Құран – мұсылман әлемінің киелі кітабы. Оған тиісу арқылы бүкіл мұсылман әлемін дүрліктіріп жіберуге болады. Қазіргі Израиль мен Палестина арасындағы қақтығыста да жер мен жесір дауынан бөлек, діни қақтығыс барын көріп отырмыз. Соның кесірінен осындай соғыс бұрқ ете қалады. Қазіргі жағдай өте күрделі. Себебі Газадағы соғысқа Иран қосылып кетуі мүмкін. Ирак, Ливия, Сауд Арабиясы, 250 миллион халқы бар Индонезия қосылып кететін болса, арты мұсылмандар мен христиандар арасындағы текетіресті тұтандырып, үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстанымы – әлемдегі бейбітшілікті дипломатиялық жолмен шешу. Президенттің Қытайға сапары да сәтті болды. Бірқатар ұлттық компанияның жетекшілерімен кездесіп, елімізге инвестиция тарту туралы уағдаластыққа келді. «Бір белдеу, бір жол» жобасының берері мол. Себебі Еуропаға баратын құрлықтағы жол біздің елден өтеді. Ал жүк ауқымы көбейген сайын елге түсетін пайда шашетектен. «Бір белдеу, бір жол» – Жібек жолының бүгінгі замандағы көрінісі. Қытай оған өте мүдделі. Президенттің АҚШ пен Еуропаға сапарында да елімізге пайда әкелетін жобалардың жай-күйі сөз болды. Әр сапарында Қазақстан басшысы әлемдегі бейбітшілікті сөзіне арқау етеді. Өйткені тұрақты даму үшін бейбітшілік керек. Ол тек біз үшін емес, барлық елде болуы маңызды.
Бізді де қолдайтын, қолдамайтын елдер бар. Біздің де жерімізге көзін сүзіп отырғандар бар. Ресейдің Думасында отырған кейбір саясаткерлердің пиғылы өте нашар. Кейбір депутаттары екі елдің арасына іріткі салып, әдейі ашықтан-ашық шабуыл жасайды. Осындай кезде шетелдің насихатына тойтарыс беретіндей ақпараттық қауіпсіздік күшті жұмыс істеуге тиіс. Мысалы, қазір елімізде Ресейдің бірнеше телеарнасы жұмыс істеп тұр. Ақпараттық қауіпсіздік болмаса, халқымыздың біраз бөлігі олардың «айтқанымен» кетіп қалуы мүмкін.
АҚШ-қа сапарында Президентіміз тағы бір мәселе көтерді. Қауіпсіздік кеңесінің мүшелігінде атом қаруына ие тұрақты мемлекеттер бар. Қалғандары біраз уақыттан кейін ауысып отырады. Президент ортақ державалардан да осы кеңеске тұрақты мүше болу керектігін, мысалы, Қазақстан деген секілді ойын айтты. Бұл – батыл ұсыныс. Халықаралық саясатта Қасым-Жомарт Кемелұлының рөлі үлкен. Сөзімен есептеседі. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саясаттағы рөлін жоғары бағалаймын. Бұл жағынан біз басқалармен салыстырғанда оқ бойы озық тұрмыз.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, елші болдым, кейін Парламентте жұмыс істедім. Сол кезде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы Парламент Ассамблеясының мүшесі болдым. Сонда мұсылмандарды шеттетумен күрес жөніндегі жеке уәкілдің міндетін атқардым. Жыл сайын Венада мұсылмандардың жағдайына байланысты баяндама жасадым. Алматыдағы өзім басқарған институтта ағылшыннан бөлек бірнеше тілді оқытуды енгіздік. Себебі сыртқы саясатқа қажет мамандарды даярлайтын үлкен университетке айналдыруды мақсат еттік. Бұл жұмысымыз жемісті болды. Қазір сол шәкірттерімнің алды дамыған елдерде дипломат болып, елдің ертеңіне сүбелі үлес қосып жатыр. Елші қызметімде жүргенде ең басты мақсатыма қол жеткізе алдым. Маған берілген тапсырма екі елдің ортақ оқу орнын ашу болды. Қазіргі Қазақ-британ университеті – соның нәтижесі. Біздің істеген шаруамызды шыр айналдыратын жастар қазір де бар. Тек оларға мүмкіндік беру керек. Оларды бетінен қақпай, белін буып іскерлік ортаға араластыру қажет. Шетел асып оқып келіп жатқан жастар баршылық. Бірақ қайтып оралғанда оларға мамандығы бойынша жұмыс жоқ. Сондықтан келген ізімен қайтып кетіп жатады. Екіншіден, біздің билікке қалтасының қамын емес, жұрттың жайын ойлайтын адамдар келгенде ғана алға қойған мақсатқа жетеріміз анық.
– «Болашақ» бағдарламасымен оқып келгендердің көбі жоғары қызметке келіп жатыр. Олай болса сіз айтып отырғандай, өзгешелік әкелуге, көрген-білгенін іске жаратуға не кедергі? Салаға серпін әкелуге неге мүмкіндік болмай отыр?
– Біз әлі де ескі сүрлеумен келе жатырмыз. Қолынан іс келетін азаматтарды жоғары көтеріле бастаса, етегінен тартып әлекке түсеміз. Ескі Қазақстанда оларға оқып-тоқуға мүмкіндік бердік, бірақ қажетке жаратуға келгенде кері тарттық. Олардың алған біліміне лайықты жұмыс орындары ашылған жоқ. Мысалы, Германияда жастар жоғары білім алуға талпынбайды. Колледжді бітіріп, жалақысы жоғары зауыттарға жұмысқа тұра алады. Ары қарай оқуға түсем десе де кедергі жоқ. Зауыттарда жұмыс істей жүріп докторлық диссертация қорғай алады. Жұмыс орындары жаңа технологиямен жабдықталған.
Зерттеуім қажетке жараса қуанамын
– Ғалым ретінде қандай еңбек жазып жатырсыз? Қазіргі қоғамда сізді не мазалайды?
– Бір-екі жыл бұрын «Түркі әлемнің ырым-тыйымдары» деген 600 беттік монография шығардым. Ол қазір қолданыста жүр. Содан кейін Америка асқан алтайлықтар туралы зерттеуімді қазақ, орыс, түрік тілінде шығардым. Англиядағы елшіге де ағылшын тiлiне аударып жібердім. Кеше ғана «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» деген монографиялық еңбегім мен «Викиңдердің ізімен» атты кітабым жарық көрді. «Жаһанданған әлемнің геосаяси келбеті» деген еңбегімде Нобель сыйлығы лауреаттарының жазғандарына сараптама жасадым. Мәселен, АҚШ-та жасы жүзге келген Генри Киссинджер деген ғұлама бар. Ричард Никсонның кезінде ол Қауіпсіздік мәселелері жөніндегі президент кеңесшiсi болған. Сол Ричард Никсон оған «Генри, біз Қытай туралы не білеміз? Сауда-саттық, экономикалық байланысымыз бар. Ал салт-дәстүрi, мәдениеті, тарихы, саясаты туралы не білеміз? Аз білеміз. Сондықтан сен осыны зертте», деп тапсырма береді. 40 жылда Генри Киссинджер Қытайға 50 рет барады. Соның арқасында Қытай туралы 600 беттік монография жазған. Мен соны талдап, кітабыма енгіздім. АҚШ-тың бұрынғы Қаржы министрі Генри Полсон Қытаймен сауда-саттықты қалай жүргізуге болады деген мақсатпен 25 жылда 100 рет Қытайға барып, үлкен монография жазған. Бұл еңбекті қазір Американың іскер топтары пайдаланады. Ол кітапқа да талдау жасадым. Себебі ол елдегі жетістіктер де бізге пайдалы. Олардағы кемшілік бізден де табылады. Мысалы, Том-Батлер Боуден «Адамның парасатын қалай биіктетуге болады?» деген 50 кітапты оқып, өзі 51-кітапты жазған. Мұндай ғұламалар Батыста ғана емес, бізде де бар. Мысалы, олардың айтып отырған 13 құндылығы Абайдың 2-3 өлеңінде тұр. Оның барлығын не үшін жаздым? Көрген-білгенімді келешек ұрпақ қажетіне жаратсын деймін. Қолға алынған реформаларды іске асыруда осы еңбектерім құралға айналса қуанамын. Билік бұтағындағы адамдар жол көрсету керек. Ал әділетті Қазақстанды жасайтын, оның бағдарламаларын іске асыратын – халық. Ол үшін билік ескі жүйенің ғана құндылықтарын бойына сіңірген адамдардан барынша тез арылуы керек.
– Егемендіктің қадірін қаншалықты сезіне алып жүрміз?
– Егемендігіміз бекіп, еліміз өркендеп алға жылжыса деген ақ тілеулі адамдар жетерлік. Алайда мысықтілеулер де бар екенін ұмытпау керек. Кезінде көрші елдің бiр министрі «Қазақстан егемендігін ала берсін, төрт аяқтап еңбектеп алдымызға қайта келеді» деген еді. Сол секілді егемен еліміздің өркендеуіне қарсы, отар болып қала берсе екен деген адамдар ол кезде де болды, қазір де бар. Әр елдің ішке бүккен бір сыры, өз мүддесі бар. Бүгін де кеңес одағының қирап қалғанын трагедияға балап жүргендер баршылық. Олар осы саясаттан әлі де болса түбегейлі бас тартқысы келмейді. Расында егемендіктің қадірін қаншалықты бағалай алып жүрміз? Мәжілістің мінберінен бір депутат өзге елдің саясатын ашық қолдағаны да есімізде. Сирияға кетіп, қазақтың салт-дәстүріне, болмысына, құндылығына қарсы шығып, өз қанынан жеріп жатқандарды алайық. «Іштен шыққан жау жаман». Егемендіктің қадіріне жете алмай жүрген осындай адамдар бар. Бірақ «Арым – жанымның садағасы» дейтін, азаттықты ұлт құндылығы санайтын азаматтар көп. Қазіргідей ішкі және сыртқы қауіп-қатерге толы заманда күштік құрылымдарға өз қарақан басының емес, ел келешегіне жұмыс істейтін жігерлі де иманды азаматтардың келгені құба-құп.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Жадыра МҮСІЛІМ,
«Egemen Qazaqstan»