Әлем • 25 Қазан, 2023

Париждегі қазақ әдебиеті

410 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Франция және халықаралык кітап қоры қазақ әдебиетімен толықты. Францияның Халықаралық Конкорд Академиясының мүше-корреспонденті, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Педагогикалық Ғылым Академиясының толық мүшесі-академигі Алпысбай Мұсаевтың үш томдық таңдамалы шығармалар жинағына оның зерттеу, әдеби сын және ғылыми мақалалары, монографиялары енгізілген. Париждегі «Editions du Jipto» басылымында жарық көрген шығармалар жинағы оқырмандарға электрондық каталогта да қолжетімді.

Париждегі қазақ әдебиеті

Фото: Ашық дереккөз

Еңбектің бірінші томында автордың «Жанды жүйе», «Рух бостандығының жыршысы», «Тарази тағылымы» монографиялары жинақталса, екінші томында «Қанатты қаламгер», «Көркем сөздің көрнекті өкілі» және отандық және шетел басылымдарында жарық көрген мақалалар жинағы топтастырылған.

«Жанды жүйе» монографиясы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Жарасхан Әбдірашев еңбектерінің көркемдік сипаты мен ерекшелігіне арналған. Ал «Рух бостандығының жыршысында» ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, жазушы Дүкенбай Досжанның қаламгерлік шеберлігі, стильдік ерекшелігі айтылады. Аты айтып тұрғандай «Тарази тағылымында» автор жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Тарази шығармашылығын талдап, әдеби зерттеу жүргізген.

Ал еңбектің үшінші томы әдеби зерттеулер қамтылған «Әдебиет иірімдеріне» арналған.
Алпысбай Мұсаев шетелдердің ғылыми ортасына танылған еліміздегі санаулы ғалымдардың бірі. Профессор ЮНЕСКО орталығында тағылымдамалардан өтіп, Франция, Австрия, Италия университеттерінде дәріс оқыды, еңбектері шетел баспаларында жарияланды.