Қоғам • 26 Қазан, 2023

Астана әуежайында жолаушы жүктері бірнеше рет тоналған

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде Астана халықаралық әуежайының жүк тиеушілері жолаушылардың жүгін ашып, 27 мың долларға жуық ақша ұрлағаны туралы ақпарат тарады. Әуежайдың ресми өкілі бұл оқиғаны растады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астана әуежайында жолаушы жүктері бірнеше рет тоналған

2023 жылдың тамыз айында Астана-Ыстанбұл бағытының жолаушысы жол жүгінен 19 мың АҚШ доллары сомасында ақшалай қаражатының жоғалғанын байқап арызданған. Дәл осындай шағым Астана-Дубай бағытындағы әуе рейсінің жолаушысынан да түскен. Бұл жолы 7 800 АҚШ доллары жоғалған еді.

Ұрлық фактісін әшкерелеу мақсатында көлік полицейлері көлік прокуратурасымен бірлесіп, әуе айлағында жүк тиеуші болып жұмыс істеген 6 адамды ұстады. Олар өзге адамдардың ақшасын қолды қылғандарын мойындады.

«Ақша ұрлау фактісіне қатысы бар қызметкерлердің әрекеті дисциплинарлық комиссияның қарауына алынды. Одан бөлек құзырлы органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Тергеу аяқталып, сот шешімі шыққанан соң қызметкерлердің жұмыста қалу-қалмауы белгілі болады. Қазір аталған іске қатысы бар әуежай қызметкерлері жұмыста жоқ», дейді Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі, PR бөлімінің басшысы Тойгүл Жұбанысова.

Айта кетсек, әуе айлағының жүк бөлімшесі толықтай бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Десе де жолаушылардың жүгі перронда багаж лентасынан ұшақтың жүк бөліміне өткенде «көрінбейтін аймаққа» түсіп қалатын көрінеді.

«Ұшақтардың жүк бөлімі бейнебақылау камераларымен жабдықталмаған. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу және ұрлық фактілерін азайту мақсатында әуежай әкімшілігі «көрінбейтін аймақтарға» камера орнату жұмыстарын пысықтап жатыр. Жолаушылардан құнды заттарын жол жүгінде алып жүруін сұраймыз», деп қосты әуежай өкілі.