Аймақтар • 26 Қазан, 2023

Мереке баспана тойына ұласты

202 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елдігімізді айғақтайтын айбарлы мереке күні аймағымыздағы ағайын қуанышқа бөленді. Облыстың аудан-қалаларында бірнеше үй берілді. Көпбалалы шаңырақ, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік аз қамтылған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, ұлық мереке қоныстойға ұласты. Мереке шуағы осылайша бірнеше шаңыраққа шаттық сыйлады.

Мереке баспана тойына ұласты

Облыс әкімі Ермағанбет Бө­лекпаев кезекте тұрған көп­балалы отбасыларға, балалар үйінің түлектеріне және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа пәтер кілтін табыстады. Көпқабатты үй Май­құдық шағын ауданындағы Белинский 1/1 мекенжайында орналасқан.

– Республика күні қарсаңында көптен күткен баспаналарыңызға қол жеткіздіңіздер. Осынау қуа­нышпен шын жүректен құттық­таймын. Айтулы күні 72 пәтер үлестірілді. Мұнымен қоса ай­мақ­тағы аудан-қалаларда да жаңа баспана кілті табысталып жатыр. Жаңа үйлеріңізге жан тол­сын. Ішіне бақыт орнасын, – деді аймақ басшысы құттықтау сөзінде.

Облыс әкімі өз үйін ұзақ күт­кен көп­балалы ана Анаргүл Сыздықбекованың үш бөлмелі пәтеріндегі алғашқы қонақ болды. Көпбалалы ана 2010 жылдан бері кезекте тұрған.

еуын

– Пәтер құрылысы мемле­кеттік стан­дарттарға сай салын­ған. Мен 13 жыл кезекте тұрдым. Осы уақытқа дейін төрт баламен баспана жалдап тұрдық. Шыдадық. Оңай болған жоқ. Енді жаңа қоныс жаңа табыстарға жетелейді деген үмітіміз бар. Үйі­міздің іші қуаныш пен бала­лар­дың күлкісіне толсын деп ті­лейміз, – деді пәтер иесі А.Сыз­дықбекова.

«Күміс алқа» иегері Ләззат Наурызбаева жұ­байымен бірге алты бала тәрбиелеп отыр. Бұл отбасы 2013 жылдан бері пәтер кезегінде тұр­ған.

– Біз де ұзақ жылдар бойы бас­пана жал­дадық. Біраз қиналдық, себебі көп пәтер иесі біздің үл­кен отбасымызға үйін жалға бергісі келмеді. Әрі-бері көшу оңай емес. Енді бәрі артта қалды, біз бақыттымыз, шүкір, – дейді Л.Наурызбаева.

Жаңа баспанаға қолы жеткен Наталья Зимина – балалар үйінің түлегі. Ол өз пәте­рін 2007 жылдан бері күткен. «Балалар үйінен кейін бірден баспана жалдадым. Ал­ғашқы жылдар өте қиын болды. Ақша жетіспегендіктен пәтерді жиі ауыстыруға тура келді. Маған үй берілетінін алғаш айтқан кезде сене алмадым. Өткен күндерім көрген түстей артта қалды. Екі кішкентай қызым жаңа үйімізге көшуге асығып жүр, – дейді Н.Зимина.

Дәл осы күні Қарағандының индус­триалдық аймағы саналатын Саран қала­сының 100 тұрғыны да жаңа баспанаға қол жеткізіп, бақытқа бөлен­ді. Қаланың «1а» шағын ауда­нындағы жаңа бес қабатты үй «Нұрлы жол мемлекеттік бағдар­ламасы» бойынша салынған. Жаңа үйге кезекте тұрған көп­балалы және толық емес отбасылар, ерекше қажеттіліктері бар жандар мен жетім балалар қоныстанады. Жаңа үй бір, екі және үш бөлмелі пәтерлерден тұрады. Тек үй ішін жиһазбен жабдықтау ғана қалды. Тіпті ауласы абаттандырылып, ба­ла­­лардың ойын алаңы да орна­тылған.

Су жаңа пәтер иесінің бірі Зоя Зардханның төрт баласы бар. Осы уақытқа дейін олар пәтер жалдап келген. Дегенмен өз үйі болатынынан үміт үзбеген.

– Осыдан он жыл бұрын, яғни 2013 жылы мен бюджет қызметкері ретінде кезекке тұр­дым. Ал 2021 жылы мен төртінші баламды дүниеге әкелдім, мені көпбалалы ана ретінде басқа кезекке ауыстырды. Ең үлкенім – қазір 14 жаста. Балалар бізге пәтер берілгенін білген­де қатты қуан­ды. Енді олар осы үйге кө­шуімізді тағатсыздана күтіп жүр. Мұнда балабақша, мектеп жа­қын жерде орналасқан екен. Бұл жағы да ыңғайлы болды, – дейді З.Зардхан.

Мұндай қуанышты теміртау­лық кезекте тұрған жандар да сезінді. Құрыш қаладағы 65 от­басы қоныстойды атап өтеді. «Қуатты өңірлер – елді дамыту­дың драйвері» ұлттық жобасы аясында Менделеев көшесі, 6/2 мекенжайындағы 65 пәтерлі үй сатып алынды. Жаңа үйге қоныс аударатындардың бірі – Елена Симонова. Жұбайы екеуі сегіз бала тәрбиелеп отыр.

– Біздің отбасымызда бала көп болғаннан, пәтер жалға бере­тіндер өз ойынан айнып қалатын. Үйлерін бергісі келмейтін. Біз­ге оңалту орталығының ғи­ма­ра­ты­нан уақытша баспана берілді. Осы күнге дейін біз сол жерде өмір сүріп келдік. Міне, енді жайлы, жарық үш бөл­мелі пәтеріміз бар. Үшінші қабаттан берілгеніне де ерекше қуаныштымыз. Жып-жылы. Жақында көшіп келеміз. Осын­дай керемет сыйлық үшін мемле­кетімізге үлкен алғыс айтамыз, – деді Е.Симонова.

Балалар үйінің түлегі Гүлім Дүйсекова 13 жыл бойы үй кезе­гінде тұрған. Осы уақытқа дейін жатақханада бөлме жалдап келген. «Бір бөлмелі пәтерім бар. Жап-жаңа. Кең. Өзіме ерекше ұнады. Көшіп келуге асықпын. Көршілеріммен жақын танысып алдым. Қазақта «үй салмас бұрын көршіңді сайлап ал», деген сөз бар ғой. Керемет жандар екен», деп шаттығымен бөлісті жаңа пәтердің иесі.

Шахтинск қаласының 60 тұр­ғынына да пәтер кілттері табыс­талды. «Каздорстройтех» ЖШС компаниясы салған бес қабатты тұрғын үй әлеуметтік осал топ­тағы жандарға бұйырды. Атап айтар болсақ, 7 пәтер көпбалалы отба­сыларға, 37 пәтер мүмкіндігі шектеулі жан­дарға, 16 пәтер же­тім балаға берілді.

Шахтинск қаласының тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және авто­мо­биль жолдары бөлім бас­шы­сының міндетін атқарушы Азат Айтышовтың айтуынша, жақын арада тағы 24 пәтер табыс етілмек. Оның ішінде 12 пәтер респуб­ликалық бюджет есебінен, тағы 12 пәтер жергілікті бюджет есебінен сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айтулы мереке қарсаңында аймағы­мыздың қалаларымен қатар, аудандарында да пә­тер кілттері табысталды. Шет ауда­нында 24 отбасы және Нұра ауданында 35 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде Шет ауда­нындағы Ақсу-Аюлы ауылында 4 отбасы, Ағадыр кентінде 16 шаңырақ және С.Сейфуллин кентінде 4 отбасы жаңа үйге қоныс аударады.

Осылайша, Республика күні қарсаңында бірнеше қараған­дылық қуанышқа бөленді. Алдағы уақытта да үй кезегінде тұрған жан­дарға жаңа шаңырақтың кіл­тін табыстау жалғаса береді.

 

Қарағанды облысы