Зерде • 26 Қазан, 2023

Мұзарт Мұзағаң

192 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

«Адам жан сұлулығынан айырылғанда, бәрінен айырылады», дейді ағылшын (Ирландия) жазушысы Оскар Уайльд «Дориан Грей портреті» романында. Жан сұлулығы мен өлермен өктемдік – екеуі бір-біріне кереғар, үйлеспейтін өлшемдер. Жан байлығында салиқалы да көрегендік бекзаттылық бар, ал екіншісі – құлдық жартыкеш психологиядан туындайтын болуы керек. Жаны ізгіден нұр тарайды, оның жанындағылар қанаттанып, биікке самғайды. Ал ақын жанының қайнар бұлағынан атқылап шыққан сәулелі жырдан ел нәрленіп, еңселенеді.

Мұзарт Мұзағаң

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

«Жүзіктің өзінен де көзі қымбат,

Ақынның сыйынан да сөзі қымбат.

Қанша ұзақ жасаса да ер жігіттің,

Еліне себі тиген кезі қымбат», – деп жырлаған Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұзафар Әлімбай.

«Жырлар керек, өмірді жырлау керек,

Жырлау үшін желілі жылдар керек.

Ұзата гөр, тағдырым, жылдарымды,

Бермей-ақ қой бақытты мыңнан бөлек», – деп тілеген ақынның ниетін Жаратушы қабыл етіп, ғасырға жуық кезеңдегі небір жантүршігерлік зорлық-зобалаңның қайғы-қасіретін халқымен бірге бастан кешкен абыз мына өлеңінде:

«Мен нұр болсам – күнненмін,

Мен гүл болсам – жерденмін.

Толқын болсам – көңілден,

Мен ұл болсам – елденмін», – деп тол­ға­­нады. Бұл – жан-тәнімен ел-жұртына ұқ­­са­­ған, халқының рухани қазынасымен нәр­­­ленген, дарынын да, жалынын да ту­ған­­ жұртына сарқып бере білген ел ұлы­ны­ң­ көңілінің марқаюы, халқына арқа сүйеуі.

Жастық шақтың уызын қан майданға жұтқызып, көңілдері ат­қы­лаған оқ­тан күлдіреп қалса да, аман-есен елге ора­­лып, туғандарымен қауышқан сол ер­­лердің, миллиондаған қыршын кеткен боз­дақт­­ардың атқара алмай кеткен мін­дет­­тері де өздерінің мойнында екенін се­­зінуі – олардан мықты болуды талап етті.

Қандай соғыс болсын, ең алды­­­мен­­  адамның психикасын жаулайды.­ Бора­ған оқтың астында шабуылға шық­қан бозбалалардың бойындағы қор­қы­ныш, жан дүниесіндегі қопарылыс пен ас­таң-кестеңді шынайы, ашып жазуға бол­мағандықтан, кеңес әдебиетіндегі социа­листік реализм бағытымен жазыл­ған­­ көптеген шығармада кейіпкерлерді құ­рыш­тан құйылғандай, адами, пенделік әл­сіздікке бой алдырмайтын етіп көр­сет­ті. Әрине, бұл соғыстағы жеңістің же­тіс­тігі әрбір саналы азаматтың өз еліне, ата-ана, бауырларына деген ғасырлар бойы қалыптасқан сүйіспеншілігі мен адалдық борышында жатқан да шығар, бірақ коммунистік идеалдарға берік тұлғаларды сомдаудағы кеңестік көркем әдебиеттің де атқарған міндеті зор еді ғой.

Ал Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның әйгілі жазушылары: Э.Хемингуэй, Э.М.Ремарк, Ф.С.Фицд­же­ральд, У.Фолкнер, Дж. Дос Пассос, т.б. «Біз тоқырауға ұшырап, адасқан ұрпақ­пыз, себебі соғыс біздің барлық идеа­л­ымызды күйретті, көңілімізге сенім­­сіздік ұялатты, біз «өркениетті елдің азаматымыз» деген үгіт-насихатқа алда­­ныппыз», деген сияқты пессимистік көңіл күйлерін, сол 1914-1920 жылдары жаз­ған шығармаларында жан айқайын, іш­те­гі күйігін сыртқа шығарып, әлем­мен бөлісу арқылы жеңілдеді. Екінші дүние­­жүзілік соғыстан (1939-1945) кейін де АҚШ, Ұлыбритания, ГФР-ның «күйреуге ұшырағандар» әде­биеті дүние­ні шарлады. Бірақ кеңес әде­биеті мен барлық өнер саласында қоға­мы­мыз­да­ ешқандай психологиялық күй­реу­ге де, тоқырауға да ұшыраушылық бол­ма­­ғандай, тек «жағымды, жағымсыз» кейіп­­керлерді сомдаумен шектелді. Ком­­мунистік идеалдарға берілген, мінсіз бас кейіпкерге жас буынды еліктеткізіп өсі­ру­ де соғыста жеңіске жетуге ықпалын ти­гіз­гені анық. Бірақ сұм соғыстан жаны аман қалып, қан кешіп, қандықол болып елге оралған, әсіресе өрімдей жастардың кө­кі­регіндегі шер мен көмейіне тығы­лып қалған өксікті кім көре білді, олар­дың іштеріндегі іріңдеп жатқан жарасы «еңбек терапиясымен» емделіп кетті ме? Құдайға мұңын шағуға да үкіметтен қор­қатын азаматтардың бойын жайлаған үрей оларды «сырты бүтін, іші түтін хал­де өмір сүруге мәжбүрлеген жоқ па? Атақ­ты батыр, партизан-жазушы Қасым Қай­сенов ағамыз жылдар бойы айта алмай, санасын жегідей жеген күйзеліс-үре­йін тәуелсіз халқының алдында, өзі жай­лы түсірілген деректі фильмде: «Мен мой­ныма адам өлімін жүктеген адаммын, қо­лым қанды, Құдай мені кешірмейтін шы­ғар деп қорқамын», деп ақтарылып, ішін босатқандай болды. Бұл жүрек шері, «ары­м­ды күнәдан қалай арылтам?» деген жан ышқынысы еді, халқының алдында осы­лай ағынан жарылу – әркімнің батылы жете бермейтін алыптық қасиеттің белгісі.

«Сол соғыс жарықшақ боп

бойымда­ жүр,­

Қасіреті жүйкені сойылдап жүр.

Күн емес ол, еске алып қоя салар,

Көктемеде – жеңістің тойында бір.

 

Кім ұмытар қасірет тосын келсе,

Оқ пен отқа кеудесін тосып ерше,

Қаңтардан да ызғарлы жер қойнына,

Он сегізге толмаған досын берсе?!

 

Ошағы өртенгенін кім ұмытар?

Досының ерте өлгенін кім ұмытар?

Жүрегі дерттенгенін кім ұмытар?

Халқына шер төнгенін кім ұмытар?» – деп риторикалық толғаумен толғанған ақын Мұзафар Әлімбай сияқты ата-ағаларымыздың бойында жарықшақ болып қалған сол соғыс жаңғырығы олар­дан туған біз сияқты ұрпақтың да бо­йы­на өз таңбасын салғаны анық. Ештеңе де ізсіз кетпейді ғой. Өмір жолынан қаланып, моральдық мұрамызға ай­налған сана жүгі жылдан-жылға ауырла­ма­са, жеңілдемесі хақ. Сол кеңестік тота­ли­тарлық жүйенің темір құрсауында жүріп-ақ туған ұлтының қадір-қасиетін, жар­қын жан дүниесін көркем ойлы шы­ғармалары арқылы көрсете білген, халқы­мыз­дың генетикалық еркіндік кодын сақ­тап қалуына арқау болған жазушыларымыз жұртымыздың қамқоршысы һәм рухани көшбасшылары бола алды. Мысалы, Мұзағаң «Шегендік Әлен ақын айтыпты» атты поэмасындағы мына шумақта:

«Жүректен асқан сандық жоқ,

Ерліктен асқан салдық жоқ,

Елдіктен асқан ерлік жоқ,

Еркіндік алмай теңдік жоқ,

Наданнан асқан кемдік жоқ,

Құлдықтан асқан қорлық жоқ,

Қорлықтан асқан зорлық жоқ», – дегенде, Әлен ақынның аузына салып, өз арман-мүддесін, халықтың көкейіндегісін айтып тұрған жоқ па?

1992 жылы жарық көрген «Толқыннан толқын туады» атты қазақ әдебиеті қай­раткерлерінің шығармашылығына арнал­ған зерттеулер, эссе, естеліктер кіта­бын­дағы ақын Мағжан Жұмабаев туралы: «Мағжан жырларында мәнсіздік, мағы­на­сыздық атымен ұшыраспайды, жылан салқындық табылмайды, оның сөзі қай­нап, бұрқырап тасып жатқан гейзер суын­дай ыстық! Мағжан жүрегі рентген айнасындағыдай оқырманның көз алдын­да лүпілдейді, шиыршық атады, атқақ­тайды, тайша тулайды, кейде ақ қағазға қып-қызыл қанын сорғалатып жат­қандай әсер береді... Жұмабаев поэ­зия­сының сарқып құяр сағасы – саха­ра­дағы туған халқына жанашырлық, тарих кө­шіндегі қозғалысына болысу!» деп жаз­­ған ақын-зерттеуші Мұзафар ағамыз қазақ­­тың маңдайына біткен Мағжандай от жүректі ақын поэзиясының толас­сыз мұхитының тереңіне сәуле­лі­ ой-түй­сі­гімен сүңгіп, оның жан тұң­ғиы­ғын­дағы маржандарының қасиетін аша білген.

Қазақ даналығының келбетіндей арынды жыраулар жырларынан бас­тау алып, кемеңгер Абайдың ордалы ой дүмпуінен қуаттанған, Шәкәрім ақынның ақиқатқа деген риясыз сенімінен туындаған пәлсапасымен нәрленіп, Алаш арыстарының бекзаттық, пассионарлық отына шарпылған туындыларын, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушының дала стихиясын, қазақтың рух-болмысын шебер көркемдікпен адамзатқа жеткізуі – 1950-1980 жыл­­дар аралығындағы бүкіл қазақ қалам­герлерінің қанатын кең жайып, өріс­терінің кеңейе түсуіне зор ықпал еткені сөзсіз.

Мұзафар ағамыздың Мұхтар Әуезов­тей алыптың жанында жүріп, оның айт­қан ойларын жазып, ұрпақтан-ұрпаққа жет­кізгенінің өзі баға жетпес қазына ғой. Мұзағаң эссесінде ұлы жазушының қаламгерлік жайында айтқан бір ойын келтіреді: «Таяуда бір жас жігіттің повесін оқыдым. Қозғалыс, даму жоқ. Жайлы-жақсы, қоңыр ғана жайлар. Бар қасиетті сыртқа шығармақ керек. Адам тұтанып жанып тұрмас па! Шығарманың оғы, оқ-дәрісі бар сияқты, бірақ атылмайды. Пугач болып атылатын да, пушка болып атылатын да адам бар. Адам ішінде ядро қуаты бар. Соны жара білу керек. Біздің жастардың жазғандарында кейіпкерлер не жыламайды, не құламайды. Адам ата болып қайғырмай ма, ана болып жыламай ма?» деген кемеңгер жазушының дарын қуаттылығы жайында тебіренісін айта келе, Мұзағаң: «Мұхаңның алдында біраз болғанның өзінде кісінің күннен сәулеленген сияқты көңілі нұрланып шыға келер еді, – деп қанаттанады. – Бірде сөзден сөз туып, Мұхаңның: «Өз басым талай ғалымды көріп-біле жүре, солардың өз ұстаған ілімі төңірегінен әрі аса бермейтініне ішімізден қабақ шытып қалатынымыз да бар. Ал Қаныш болса, Горький сөзімен айтсақ, «бүкіл бір мекеме». Қазақ «сегіз қырлы» дейді ғой. Бәлі, бұл сөз кем соғады. Қаныш басының қадір-қасиеті, дарын-таланты орасан мол. Оған Мәскеу оқымыстылары қандай ден қояды? Қаныш даңқ-дабыра, ду мен шуды суқаны сүймейді!» деген алып жазушының Қаныш Сәтбаевтың асқарлығы туралы тамсанысын Мұзафар ағамыз шаттана жазған екен.

«Әр қаламгер –  дарын жомарттығы­мен хал­қын қарық қылушы, дербес бір әлем, жалпақ жиһан. Ұлан-ғайыр сол дүниенің ішіне кіріп, ұңғыл-шұңғылына дейін үңіліп зерттей тану, жанға ләззат алу, белгілі шығарма иесінің стильдік өзгешелігін айыра білу сыншылардың да кез келгеніне оңай асу емес. Оған қапы­сыз талғам, терең білім, зерттегіштік талант қажет», деп ақын, зерттеуші Мұза­фар Әлімбай қаламгерлік пен шығар­ма­шылыққа деген өзінің қырағылық, қастерлі көзқарасын танытады.

«Ұлы болу – бағыт-бағдар сілтеу» деген екен Аустрияның жазушысы Стефан Цвейг. Ұлылардың жан дүниесіне бойлап, шығармаларын тереңінен зерттеу үшін де бойында ұлылық пен көрегенділік көкірек көзі бар Мұзафар Әлімбай сияқты жан-жақты дарын иесіне өз заманының әдеби, мәдени, зор тұлғаларымен сырласу, рухани ағайындық қарым-қатынаста болу бақыты бұйырған екен.

Біздің қазақтың тау тұлғалы ұлда­ры­ның жастайынан өздерінің халықтың тірегі екенін сезініп, елінің болашағына зор жауапкершілікпен қарайтынының дәлеліндей мына жан тебірентер көріністі Мұзафар Әлімбай ағамыз 2002 жылы шыққан «Көзін көрдік жақсы менен жайсаңның» атты естелік кітабында қазақтың марқасқа жазушысы Ғабит Мүсіреповтің айтқанынан келтіреді: «Орынборда Сәбит екеуміз Сейфуллиннің пәтерінде жатып оқыдық. Содан бері білемін. Оның бәрін түтінін үзбей айта берсек, ұзақ сонарға түсіп кетерміз. Тоқетер түйінді бір эпизод соңғы көруімді айтайын... 1937 жылы күзгі айлардың бірінде Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасының жаңа редакция­сы талқыланды. Шығарманы шынымды айтып, қатты сынадым. Ол кезде сөз иесіне қарамайды, сөзіне қарай бағалау салт болатын... Көркемдік қуатының солғындығын айттым, тартыс, коллизия бәсеңдігін жасырмадым пьесаның. Сәкен аға айтылған сындарға тіксініп қалғаны бүркеусіз сезілді... Үйді-үйімізге тарттық. Шайымды ішіп болып, кешкіде кабинетте сол күнгі газеттерді ақтара бастағанмын. Біреу сыртқы есікті таяқпен итеріп ашқандай болды. Мен де қарадым – ар жақтан үстіне плащ киген, басында шляпа, Сәкен аға көрінді... Күтпеген келіс! Мен «сілкілеуге келді-ау» дегендей іштей жиырылып қалып, түрегелдім... Қудауанда, қайран қала­тыным, жайшылықта жалпақ тілмен, қара­пайым қоңыр сөйлейтін Сәкен Сейфуллин біреумен ұрысса, кейіссе, рен­жіп мінбеден сөйлесе қайдағы-жай­да­ғы әрі қатқыл, әрі удай ащы атауларды қаптатып, қарсыласын батпандай сөздермен қатты соққылап «жеп» қоятын әдеті... Мен қарсы беттеп, үш-төрт аттадым білем.

– Сәкен ағам ренжіп кетіп, тірескелі кел­­ді деп тұрсың ғой, ә? Отыр! Тіксін­­­бей-ақ қой! Отыр! Әңгіме бар! – деді Сей­фул­лин. Екеуміз де орындыққа жайғас­тық. Қо­лындағы Кавказ таяғын тізесіне көл­де­нең қойып, сөйлеп кетті.

– Мені жуырда әкетеді... Оған шүбәң болмасын! Сендерге тимейді. Әде­­биеттің басында енді сендейлер, сендердің жасыңдағылар қаласыңдар... Ежелден-ақ әдебиет – елдіктің ең бірінші белгісі, халықтың басты қасиетін бо­йына дарытқандар – ақын-жазушылар – халықтың қамқор панасы, дауыл өтіндегі қалқан тауы. Біздің қазақ – қасқыр мінездес халық... Бірін-бірі талаудан та­йынбайды. Сендерге аманатым – қазақты біріне-бірін жегізбеңдер, аман-сау алып қалыңдар. Мен осыны ғана айтуға келдім. Көз байланған кез ғой. Көзге түспеген шығармын. Ал, хош, Ғабит! – деп орнынан жылдам тұрды.

– Сәкен аға, ондай үрейлі ойдан аулақ болыңыз. Сізге де тимейді. Елдің алдындағы ерен еңбегіңізді қайда қояды? – дей беріп едім.

– Мендейлердің нешеуі аман қазір? – деп кесіп тастады. Қолымды қатты қысты да, сыртқа беттеген Сәкен қараңғылық қойнына сүңгіп бара жатты... Сәкен ағаны соңғы көруім сол екен! Екі күннен кейін бүкіл қала дүңк ете қалды: «Сәкен Сейфуллинді ұстапты...»

Қандай нар қасиет! Өзі өлім аузында тұрса да, туған халқының жағдайын ойлап, ел мүддесін өзінің жеке басынан жоғары қойып, «мен не болсам болайын, сен аман бол, туған ел» деп жұртына деген шексіз перзенттік махаббаттан жүректері өртенетін арыс­тарды туғызып, бойларына осыншама ұлы сезімдерді бойлата білген қазақ халқының мықтылығына тәнті боласың! Ғасырлар бойы ұрпағының санасына сіңірген, атадан балаға берілген елдіктің қадір-қасиетін қастерлеу – ақиқат аксиомасы болып, қазақтың генетикалық жадында сақталған. «Ер – елінің тірегі», «ел баласы бол», «намысыңды сатқанша, өлгенің артық» дегендей көптеген халық даналығымен өрілген мақал-мәтелдер – ұлтымыздың елдік болмысты сақтау кодексі! Ал халқы мен жаны егіз ақындарының табиғатын Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытұлының мына сөздері тамаша айқындайды: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе, ақынын қай ел қастерлемесін». Иә, Сәкен Сейфуллиндей халқымыздың дүлей мінезді, өр тұлға аяулы ұлдары халқына қалқан болып, кеңес өкіметіне үрей туғызды, сондықтан олардың көздерін жойып тындырды.

Тумысынан пайым-парасаты биік, халқының даналығын бойына сіңірген ақын Мұзафар Әлімбай да өзінің мына өлеңінде:

«Ана алдында бала бол,

Аға алдында іні бол,

Іні алдында аға бол,

Көп ішінде бірі бол,

Дау алдында дана бол,

Ескі алдында жаңа бол,

Қиындықта сірі бол!

Қауым үшін тірі бол,

Ел қадірін біліп өл», – деп ежелден ата-анадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан өнегелі сөзін айтады. Қазақ халқының ұлан-байтақ жерін сақтап келгені – өнеге-тәрбиесінің өміршеңдігінен, құнарлы бастаулардан нәр алғандығынан. Көне Римде ұлы соғыстан қашып келсе, анасы «елін қорғамаған сатқын менің балам емес!» деп қарғап, үйіне кіргізбей, қуып жібереді екен. Иә, жастайынан ұрпағын еліне адал, жұртына қорғаныш ер етіп өсіре білген халық қана өз жеріне ие бола алады.

Белгілі орыс жазушысы Н.С. Лесков­тың: «Не могут быть отменно хороши юноши, там, где отменно гнусны старцы» дегеніне, қазақтың «Жақсыдан жақсы туар, әке жолын қуар» сынды мақалын антитеза етіп алсақ, Мұзафар ағамыздың да шыққан тегі, тәрбие-тәлім алған ортасы зиялылықтың бастауы екен. Әкесі Айтмағамбет Уфа қаласындағы діни медресені ХХ ғасырдың басында бітіріпті. Елге келіп молдалық құрмай, мұғалімдікпен шұғылданыпты, мектеп ашыпты. «Дін – тәрбие діңгегі» атты мақаласында Мұзафар ағамыз: «Дін – адам арын таза ұстаушы, имандылық екен, дін – адам жанын ғазиздендіруші күш-қуат екен, дін гуманистік ілім екен! Дінде жанашырлық, мейірбандық, арлылық, жақсылық жасауға құштарлық, жалпы адам ардақтау сияқты асыл да гуманистік мінез-құлықтар мол екен. Иә, дін – тәрбие мектебі екен!» деп еліміз егемендікке ие болғаннан кейін ата дініміздің қадір-қасиетін айғақтайтын «Мұсылмандық мұраты» атты өлең кіта­бын­ жазғанын айтады көркемсөздің де, көсем­сөздің де иесі Мұзафар ағамыз.

Қарымды қаламгер Мұзафар Әлімбай­ шы­ғармаларындағы шұғылалы, шы­рай­­лы ой өрнектерінен сөз иесінің өмір­­­ге, жерге, елге, адамзатқа деген ақ ниеті мен шынайы сүйіспеншілігінен, на­ғыз халық ақынына тән кең тыныс­ты, тағы­лымды ұлағатты ұғасыз. Оның кір­­шік­сіз жан әлемінен туындаған туын­дылар кішінің де, үлкеннің де жанына бірде жыр болып құйылып, бірде пәл­сапалық көркем ой шырағданын жақ­қан эссе, естеліктер, зерттеулер мен мақал-мәтелдері арқылы халқының санасын сәулелендіріп, қаншама жыл бойы ру­ха­ни азығы болып келеді. Ал ақын­­ның жас­өспірімдер жан дүниесін жар­қы­ра­тып, қиялдарын ұшқыр, жас қанат­тарын биік­­ке талпындыратын өлең­де­рі­нің өзі бір әлем!

Жаратушы әр адамға жер бетіндегі міндетін атқару үшін уақытын да бел­гі­леп беретін болуы керек. Мұзафар ағамыз – өзінің рух-жігерінің, аянбай, талмай еңбектенуінің, ізденімпаздығының арқасында дарынын дамытып, уақыттың да, өмірдің де, тұлғалылықтың да қа­ді­ріне жете білген жан. Туған жұрты­мен тағ­дыр­лас абыз ақынның маңдайына қазақ­тың ғасырлық дарабоз тұлғаларымен бір­ге сырлас, мұңдас болып, әдебиет деген киелі алып кемеде бірге жүзуді жаз­ған екен. Әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер саңлақтарының тұлғалық, шығар­ма­­шылық ерекшеліктерін, жан әлемін тере­ңі­нен түсініп, олардың қадір-қасиетін қас­терлеп, зерттей білу – зиялылық тал­ғамның, білімдарлықтың белгісі. Мұз­ағаң – көркемдік әлемнің кеңістігінде өз бо­­л­­мы­сындағы жан жомарттығы, сергек сезім­­тал­дығы және кең дүниетанымы ар­қы­лы өз шығармашылық бағыт-бағдарын ай­қын­даған қарымды қалам иесі.

Мұзафар Әлімбай әдебиеттің қырлы да сырлы соқпақтарынан өзіндік жол тартып, жұртының жүрегіне бойлаған, елінің қамын ерте ойлаған, қаламы қолынан бір сәт түспеген, шығар­ма­шылық қыруар еңбегін халқы­ның рухани дамуына бағыштаған, елін шексіз сүйетін біртуар дарынды ағаларымыздың қатарынан. 1996 жылы шыққан «Көңіл күнделігі» атты кітабындағы Мұзағаңның өз сөзімен айтқанда: «Жақсылық пен ізгілік, ерлік пен елдік дәстүрі ешқашан үзілмесе екен. Осы дәстүр аға ұрпақтан бала ұрпаққа мирас болып жалғаса, жарқырай берсе екен! Ол үшін аға ұрпақ бала ұрпақ алдында маңдайға ұстап, мақтан тұтар марқасқалардың өшпес өнегесін, өлмес ерлігін дәріптеп, сонымен қабат өздері кешкен опығын да, тіпті қателігін де жасырмай, бүгіп қалмай, әрдайым баяндап отырса екен». Бұл халық ақыны, ар-иманын кіршіксіз сақтай білген мұзарт Мұзағаңның халқына, шығармашылық иелеріне берген ақ батасы іспеттес.

 

Жадыра ДӘРІБАЕВА,

ақын, Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері