Қоғам • 27 Қазан, 2023

Ардагерлер сенатормен сұхбат құрды

261 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Республика күні қарсаңында Астанадағы Байқоңыр ауданының «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығында ел дамуына ерен еңбек сіңірген тұлғалар, ұрпақ сабақтастығы, адал еңбек тақырыптары қамтылған танымдық іс-шара өтті. Бұған аталған орталықтың ардагерлері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.

Ардагерлер сенатормен сұхбат құрды

Осы жиынның құр­метті қо­нағы ретінде Пар­ламент Сена­­ты­ның депутаты, химия ғылым­­да­рының докторы, профессор, ҰҒА кор­­респондент-мү­­шесі Алтынбек Нұхұлы шақы­рыл­­ды. Ол ардагерлерді мерекемен құттықтап, Алаш азаматтарының тұлғасын ашатын мазмұнды әңгіме өрбіт­ті. Сонымен қатар тұң­ғыш акаде­ми­гіміз Қаныш Сәтбаевтай тұл­ғалардың ең­бе­гін ұлық­тау­ды да сөз етті.

Басқосу барысында се­на­торға жиналған қауым түрлі сұрақ қойды. Бұл ретте қоғамда болып жат­қан келеңсіз жайттар, білім, оқу­лық­­тардың сапасы, мек­теп­тегі буллинг мәселесі көтерілді.

Бұл кездесуге сенатор әкім­діктің ұсынысымен емес, ардагерлердің ша­қыруымен келді. Ол – туған жеріне туын тіккен азамат. Парасатты, адами қасиеті мол қайраткер. Журналист ретінде біле­тінім, ол туған жері Баянауылдың Теңдік ауы­лында «Асыл мұрасын асқақтатқан бабалар» атты мемориалдық ке­шен­нің қазығын орнатып, ата-бабалар рухына арнап ауылында бір жылдары ас берді. Кезінде МәшҺүр Жүсіп атамызға үлкен кесене салу жө­нін­де ұсыныс жасап, демеушілер тауып, өзі де қаржылай көмектескен еді. Павлодардағы педа­го­гикалық универ­си­теттің ректоры қыз­ме­тінде жүр­генде Мұса Шорманұлы, Әбікей Сәт­баев, Бұхар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Жүсіпбек Аймауытұлы, Сұлтанмахмұт Торай­ғыр­ұлы, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Шапық Шөкин, Ермұхан Бек­ма­хановтардың ескерткіш-бюстерін оқу орны алдына орнатты. Алтекеңнің тағы бір үлкен жұмысы – әдебиет пен өнерімізге еңбегі сіңген адамдар туралы «Ертіс-Баян өңірінің 100 тарихи тұлғасы» атты қысқаметражды фильм да­йындатты. Қазақтың тәуел­сіздігіне үлес қос­қан Пав­лодар өңірінен шыққан 100 атақты адам туралы деректі фильм бүгінде өңір­де ғана емес, республика көлемінде бағасын алып, алтын қорда сақталып тұр.

Ал енді Астана­ның төрінде бой көтерген ака­де­мик Қаныш Сәт­баев­тың ескерт­кі­шінің тұрғызылуына үлес қо­сып, де­меу­­­ші­лер тапқан да – Алтынбек Нұхұлы. Ұлт ұстазы, Алаш­тың көшбасшы­ла­ры­ның бірі Ахмет Байтұр­сы­нұлының 150 жыл­дығын атап өтуді Пар­ламент мінберінен көтеріп, осы мерейтойды ұйымдастыруға белсене қатысты. Сондықтан елдің алдында жоғары дең­гейдегі бастамаларға атса­лы­сып жүрген осын­дай тұлғаның жұрт­шылыққа айтары да мол. Бұл кездесу осынысымен де мәнді.

Аталған жиынға Ас­та­на қа­лалық ардагерлер кеңесі төра­ғасының орын­басары Сатыбалды Жұ­ма­ғатов, саясаттану докторы Әбдіжәлел Бәкір, қаламгер Баян­ды Әлпи, Астана қа­лалық Би­лер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ералы, Алматы ауданы Арда­герлер кеңе­сінің төрағасы Мұрат Мұстафин, Бай­қоңыр ауда­ны Ар­да­гер­лер кеңесінің төрағасы Қуаныш Намаз­шам, Алматы ауданы Ақ­са­қал­­дар кеңесінің төра­ғасы Аманкелді Әшіров, тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты. Ал бас­қосуға – Бай­қоңыр ауданы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қазақ тілі пәнінің мұғалімі Маржан Пірімбетова мо­дераторлық етті.

 

Ғалия БАЛТАБАЙ,

ардагер журналист