Энергетика • 27 Қазан, 2023

ЖЭК: Атқарылған жұмыс едәуір

143 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Төрткүл дүние елдері жаңартылған энергия көздерін (ЖЭК) өркендетуге айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Мамандардың айтуынша, 2050 жылға қарай әлем бойынша энергетикалық теңгерімдегі жаңартылған энергияның үлесі 35 пайызға жетуі мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, ширек ғасырдан кейін жаңартылған энергия көзіне деген сұраныстың арта түсетіні талас тудырмайды.

ЖЭК: Атқарылған жұмыс едәуір

Экономиканы өркендетудегі «жасыл энергияның» салмағы жыл өткен сайын арта түсетініне еш­кімнің күмәні жоқ. Жаһан жұр­ты­ның талпынысы да бекер болмаса керек. Сондықтан еліміздің барлық қиырында жаңартылған энергия көзі нысандарына айрық­ша басымдық беріліп отыр. Ал Жам­был облысында күн, жел және су арқылы электр энергия­сын өндіру бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Жаңартылған энергия көздерін өркендету мәселесі өңірде мық­тап қолға алынған ба? 2010 жылдары басталған жұмыстар айтарлықтай нәтиже берді ме? Осы сауалдарға жауап іздеп көр­ген едік.

«Өңірде жаңартылған энергия көздері, анығырақ айтар болсақ, күннен, желден және судан электр энергиясын алу мақсатында ау­қымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар 2010 жылдан бастап қолға алынғанын айта кеткен жөн. Жалпы, осы бағыттағы жобаларды әрмен қарай дамытуға жергілікті атқа­ру­шы билік тарапынан айтар­лық­тай қолдау көрсетіліп отыр­ға­ны ақиқат. Бұл бағыттағы жұ­мы­стар осыдан 13 жыл бұрын бас­­талған еді. Нақтырақ айтар болсақ, 2010 жылы қуаты 2 МВт құрайтын 2 ЖЭК нысаны пай­да­лануға берілген. Ерте бас­тан қамданған жамбылдықтар мұнымен тоқтап қалған жоқ деуге толық негіз бар. Жүйелі жұмыс одан кейін де қарқынды түрде жалғасын тапты. Мәселен, 2015 жылы қуаты 114 МВт құрайтын 9 нысан бар болса, 2021 жылы жалпы қуаты 387,8 МВт-ға жеткен нысанның саны 17-ге дейін арт­қанын айта кеткен жөн шығар. Ал 2022 жылы жалпы қуаты 451,3 МВт құрайтын нысандар саны 21-ге дейін жеткізілді. Осыған қарап-ақ жаңартылған энергия көзі нысандарын арттыру бо­йынша Жамбыл облысында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылып жатқанын бағамдауға болады. Әрине, мұ­ны­мен тоқмейілсу жарамас. Өйт­кені алдағы бірнеше жыл бойы іске асыратын жобалардың саны аз емес. Атқарылған жұ­мыс­тар нәтижесінде 6 су электр стансасының қуаты 24,4 МВт болса, 9 жел электр станса­сы­ның қуаты 175,65 МВТ-ға жетті. Сондай-ақ 6 күн электр стан­сасының жалпы қуаты 251,25 МВт энергия өндіруге жететінін айта кеткен жөн», дейді облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тұңғатов.

Д.Тұңғатов келтірген дерекке жүгінсек, еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған жаңартылған энергия көздері нысандарының саны 132-ге жетіпті. Олардың жалпы қуаты 2 525 МВт электр энергия­сын өндіруге қауқарлы көрінеді. Жалпы алғанда, жаңартылған қуат көздерін өндіру бойынша Жамбыл облысы үздіктер қатарында. Алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалардың ауқымды екенін пайымдасақ, көрсеткіш жыл өткен сайын арта түсетіні даусыз. Өйткені жер­гілікті атқарушы билік «жа­сыл энер­гия» мәселесіне айрықша ден қойып отыр.

Жаңартылған энергия көзі нысандарының саны мен сапасын арттыру бойынша осы жылдың өзінде бірқатар ауқымды жұмыс ат­қарылды. Мәселен, 9 айдағы қо­рытындының нәтижесіне сүйен­сек, сағатына 542,4 млн КВт электр энергиясы өндірілді. Бұл – әрине, жақсы көрсеткіш.

Жалпы, ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көр­сет­кіші жыл өткен сайын арту үстінде. Өйткені өңірде Пре­зи­дент тапсырмасын уақ­тылы орындау мақсатында көптеген жұмыс ат­қа­рылып жатыр. Қыс­қасы, ба­ла­малы энергия көзін өндіру жұмыстарына жам­был­дық­тар білек сыбана кіріс­ті деуге болады. Бір сөзбен айт­қан­да, өңірдегі ірі жобалар тиісті дең­гейде нәтиже беріп жатыр.

Кейінгі үш жылдың бедерінде өңірде ірілі-ұсақты бірқатар жоба іске асырылғанын атап өткен жөн шығар. Нақты айтар болсақ, 2021 жылы жалпы қуаты 100 МВт құрайтын Жаңатас жел электр стансасы пайдалануға берілді. Өңіріміздегі ең ірі жобалардың бірі саналатын стансаның құны 49 млрд теңгені құрайды. Бұған қоса қуаты 9,2 МВт құрайтын Тас­өткел су қоймасындағы су элек­тр стансасының екінші ке­зеңі іске қосылды.

«Жалпы алғанда, өңіріміздегі аудандарда бұл бағыттағы жұ­мыс­тар қарқынды түрде іске асы­рылып жатыр. Жергілікті атқарушы билік те қолдан келген қолдауды көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылы Жамбыл ауданында қуаты 50 МВт құрайтын «AEC ASA» күн электр стансасы және Талас ауданында жалпы қуаты 13,5 МВт болатын «Шеңгелді», «Шеңгелді-2» және «Новатэкс ЖЭС» секілді 3 жел электр стансасының жобасы жү­зеге асырылды. Бұл да – аз жұ­мыс емес.

Бұған қоса осы жылы Сарысу ауданында жалпы қуаты 100 МВт құрайтын «Шоқпар ЖЭС» электр стансасы жобасының құрылысы жүргізіліп жатқанын айта кеткен жөн. Бұл нысан да ірі жобалардың қатарына жатады.

Басқарма тарапынан атқарыл­ған жұмыстардың сапасын тұ­рақты қадағалап, зерделеп тұ­ра­мыз. Жоғарыда айтқан жоба бо­йынша қазірге дейін 22 дана жел турбинасын орнату қарас­ты­рылған болса, бүгінгі таңда инвес­торлар тарапынан 20 дана жел турбинасы орнатылып, жұмыс қарқыны үдей түсті. Жалпы, бұл жоба 2024 жылдың ал­ғашқы тоқсанында пайдалануға бері­леді деп жоспарлап отырмыз. Өйткені мұндағы жұмыс қарқыны көңіл тоғайтады», дейді басқарма бас­шысының орынбасары мәсе­ленің мәнісін түсіндіріп.

Жаңартылған энергия көздері нысандарын арттырудың маңызы расында да зор екені айтпаса да түсінікті. Дәл осы мәселеге байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың мамыр айында арнайы кеңес отырысын өткізген еді. Кеңес отырысында Президент жаңартылған энергия көздері нысандарын көбейтудің маңызына айрықша тоқталғаны белгілі. Сондай-ақ Президент ЖЭК-ті салып қана қоймай, жұмысты жүйелі түрде жүрізетін отандық кадрларды даярлау мәселесіне де назар аударған еді.

«Жаңартылған қуат көздері жобаларындағы қазақстандық өнімнің үлесі әлі де өте аз. Көздің жауын алатын жаңа стансаларды салуды үйреніп қана қоймай, жергілікті өндірісті, ғылым мен технологияны дамытып, білікті отандық кадрларды даярлау қажет», деген Президент сөзінің жаны бар.

Мемлекет басшысының төр­аға­лығымен өткен кеңестен кейін осы бағыттағы жұмыс елі­­міздің барлық қиырында ширай түскеніне талас жоқ. Осы мақ­сатта өңірлерде ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Әсіресе Жамбыл облысында жа­ңартылған энергия көзі нысандарын арттыру бойынша ауқымды жобалар қолға алынып жатқаны көңіл қуантады.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасы басшы­сының орынбасары Д.Тұң­ға­товтың айтуынша, жаңар­тылған энергия көзі нысандарын салу жұмыстары алдағы жылдары да өз деңгейінде жүргізілмек. Өйткені өңірде жаңа стансаларды салуға қолайлы аймақтар жетіп артылады.

«Шынтуайтына келсек, Жам­был облысында ЖЭК нысандарын салуға ыңғайлы аумақ жет­кілікті. Оны біз толыққанды зерделеп шықтық. Алдағы жылдары өңірімізде үш бірдей ірі жобаны жүзеге асыруды жос­парлап отырған жайымыз бар. Оған мүмкіндік жеткілікті деп ойлай­мыз. Жобаға жауаптылар да жұмысқа бар ынта-шынтасымен кірісуге, нысанды уақтылы іске қосуға бекініп отыр.

Өңірдің үштен бір бөлігін алып жатқан Мойынқұм ауданында бірқатар жұмыс қолға алынбақ. «Total Eren» ЖШС шал­ғайдағы Мойынқұм ауданы аумағынан жалпы қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасын салуды көздеп отыр. Жалпы қуатына қарап-ақ, жобаның ауқымды екенін байқау қиын емес.

Жел электр стансаларын салу жұмыстары Талас және Сарысу аудандарында да жалғасады. Нақ­тырақ айтсақ, «Masdar» ком­паниясы жалпы қуаты 500 МВт-ға жететін нысанды салуға ниет білдіріп отыр. Сондай-ақ «China Power International Holding Limited» компаниясы Сарысу ауданы аумағында қуаты 500 МВт құрайтын жел электр стансасын салады», дейді басқарма басшысының орынбасары.

Электр энергиясы тапшы­лы­ғының алдын алу мақсатында әлемнің көптеген елінде жаңар­тылған энергия көздері нысандарын салуға айрықша ден қойылып отырғаны анық. Бұл бағыт бойынша Жамбыл облысында да атқарылатын жұмыс аз емес. Іске асырылатын ірі жобалар да жетіп артылады.

Д.Тұңғатов келтірген дерекке зер салсақ, жаңартылған энергия көзі нысандарын салу бойынша өңірдің әлеуеті толыққанды зерделенген. Нәтижесінде, 2030 жылға дейінгі аралықты қам­титын бол­жамды карта жасалған. Ендігі жұмыстар сол картада жос­пар­лан­ған бағыттар бойынша жүр­гізілмек.

«Болашақта жаңартылған энер­гия көзіне деген сұраныстың артатыны даусыз. Уақыттың өзі осыны меңзеп тұр. Сол себепті де осы бағыт бойынша жұмысты ши­рату мақсатында болжамды карта жасалып отырғаны түсінікті. Өйткені алдағы жылдары өңірде жоспарға сәйкес бірнеше жоба жүзеге асырылуға тиіс.

Біздің жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай жаңартылған энергия көздері нысандарының саны 2,4 гВ қуатымен 32 нысанға де­йін жеткізіледі. Жалпы алған­да, белгіленген барлық жобаны іске асырудың маңызы зор. Атқа­ры­лып жатқан жұмыстардың түпкі нәтижесі экологияға зиян кел­тірмей, өңірді «жасыл энер­­гиямен» қамтамасыз етуге мүм­кін­дік береді», дейді Д.Тұңғатов.

 

Жамбыл облысы