Алқалы жиынның әлқисасы Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясы вице-президенті, академик Еренғайып Омаровтың мерейтойына орай жылы лебіздермен басталды.
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор Еренғайып Сәліпұлының аты аталғанда ел тәуелсіздігімен бірге түлеген тұңғыш «Қайнар» университеті және Қазақ өркениеті мен тарихы институтының құрылғаны еске түседі. Оқу орындарын ашудағы мақсаты да қазақ өркениетінің өзіндік ерекшеліктері мен оның көшпелі, Қытай, Ислам, Еуропа сияқты басқа әлемдік өркениетпен байланысын анықтауға негізделіп, қазақ халқының көнедегі, орта замандағы, жаңа замандағы даму үрдістері мен қазіргі кездегі ахуалын айқындауға жол ашты. Ол халқымызда өте бай өркениет болғанын, ертедегі қазақтардың кеме жасағанын ғылыми тұрғыдан дәйектеп, қазақ өркениетінің – көшпелі, қалалық, өзендік, әскери, егіншілік, дала өркениеттері болып бөлінетінін ғылыми еңбектеріне арқау етті. Ғалымның «Қазақ өркениетінің негізі», «Аттила. Өркениеттік рөлі», «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы», «The Kazakh Civilization and History», «Портреттер: Геродоттан Гумбольдтқа дейін: сырттай көзқарас» сияқты монографиялық еңбектері бүгінде еліміз ғана емес, шетелдердегі ғылыми ортаға жақсы таныс. Ал ғалымның жаратылыстану және қоғамдық ғылымдардың дамуына үлес қосып келе жатқаны шығармашылық шеңбері кең, таңдаған салалары сан алуан болып келетінінің дәлелі» деп атап өтті жиын модераторы, ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев.
Еренғайып Омаров «Қазақ өркениеті» тұжырымдамасының кең ауқымдылығына қатысты соңғы жиырма жыл ішінде баяндамалар жасап, соның негізінде деректі фильмдердің, зерттеу еңбектердің жазылуына да ықпал етті. Осы орайда көшпелілер мәдениетінің қазіргі заманға дейін жетіп, дәстүрінің, тәрбиелік маңызының сақталуы тұрғысындағы еңбектерге сүйенген Еуропа ғалымдары Делез және Гваттари көшпелілер теориясын дамытып, ғылымға номадология теориясын енгізген. Олар зерттеулерінде қазақ көшпелілері өз жолында ұнаған жерлерге белгі қойып, бәйтерек отырғызып, қала салғандығын, дала өркениетін қалалық мәдениетпен біріктіргендігіне зер салады.
Еренғайып Омаров тарихшы ретінде Ұлы Жібек жолымен, Түркияның Ыстанбұл қаласынан бастап Бейжіңге дейінгі аралықты толықтай жүріп өтті. Осы жолда өзге елдердің өркениетін және мәдениетін қоса зерттеді. Ғалым ғылыми ізденістерінің нәтижесінде Португалияның астанасы Лиссабон қаласындағы географиялық қоғамның толық мүшелігіне өткен. Осы орайда ол: «Лиссабон географиялық қоғамының мұрағатынан табылған Ежелгі Қазақстан территориясы белгіленген көне карталар, мұнымен қоса Орталық археологиялық мұражайында тұрған балбал тастарда бейнеленген қазақ оюы мен киіз үй көзге оттай басылады. Балбалдар Еуразияның барлық аймақтарында кездесетін балбалдардан аумайды. Сәулет үлгілеріндегі бейнелердің түр-тұлғасы айқын және азиялықтарға ұқсайды, ал киімдеріндегі оюлар дәл қазақтардікіндей. Онда қазақ оюлары мен киіз үй керегелері бейнеленген. Португалияның солтүстігінен табылған сәулет үлгілері біздің заманымызға дейінгі І-ІІ ғасырларға тиесілі» дейді.
Қазіргі кезде ұйым қызметкерлері Луис Айрес Варрос және хатшы Анил Самартпен алдағы уақытта осы бағыттағы ортақ ғылыми ізденістерін жалғастыруды ниет етіп отырған Еренғайып Сәліпұлы «Ертедегі үнді-сақ мәдени-өркениетті ықпалдастығы» деген шартты атауы бар кітаптың баспаға дайындалып жатқанынан хабардар етті.
Жиын барысында ҰҒА академиктері Б.Көмеков, Б.Кәрібаев, ҰҒА корреспондент-мүшелері Р.Әбсаттаров, З.Қабылдинов, Қырғызстан ҰҒА академигі А.Айдаралиев, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетінің ректоры Г.Сүгірбаева, Седимес институтының докторы Claude Albagli, Рединг университетінің профессоры Елена Кaлюжнова, Еуразиялық экономикалық комиссия өкілі Мұрсал-Нәби Тұяқбаев, Tsukuba университетінің профессоры Ninomiya Takashi, тарих ғылымдарының докторы, профессор К.Хафизова, философия ғылымдарының докторы, профессор С.Нұрмұратов, өзге де ғалымдар қазақ өркениетін әлемге танытып, өскелең ұрпаққа насихаттау жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ғалымның игі істеріне, жарқын жобаларына сәттілік тіледі.
Жиын соңында ғалымның монографиялары Ұлттық кітапхана қорына берілді.
АЛМАТЫ