09 Маусым, 2010

ЖАҢА ЖҮРДЕК ПОЙЫЗ ШОЙЫН ЖОЛ ҮСТІНДЕ

571 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Темір жолды сайын даланың бүлкілдеп соққан тамыры десек, байтақ елдің тынысы тағы бір рет кеңейді деп айта беруге болады. Алыстағы ағайыны үшін алыс жол жүруді ауыр көрмейтін қазаққа маусым айының 2-сінен бастап № 41-42 Алматы-Атырау бағытындағы жаңа құрамдағы су жаңа жүрдек пойыз қызметіне кірісті. Жайық бойындағы той жасап жатқан туысқанның ша­қыртуымен біз де жаңадан тұсауы кесілген по­йыздың кезекті бір сапарына куәгер болдық. Вагон ішіне енген сәттен ондағы төсек-орын, үстел, пер­делердің қолдан жаңа шыққандығы көзге ұрып тұрды. Жолаушылар жайғасқан орындарының “бетін ашу” өздеріне бұйырғанына мәз болғандай, бір-бір­леріне жаңа вагон туралы айтып шүйіркелесіп кетті. Пойыз да орнынан қозғалып, батысты бағыт еткен бойы оңтүстік жерімен жүріп келеді. Кәсібіміз жур­налист болған соң өзге вагон тұрғындарына да құтты болсын айтайық әрі қуанышын бөлісейік деп біз де вагон аралап келеміз. Айта кететін нәрсе, жо­лау­шыларды оңтүстіктің шұжық шыжғыртуға күші же­тетін ыстығынан вагон ішіндегі ауа тазартқыш әрі жел­деткіш құрылғы құтқарып отырды. Әдетте, қо­лын­дағы орамалымен бетін желпіп отыратын жо­лау­шылар қосымша жұмыстан құтылғанына риза болысты. Жаңа пойыздың мән-жайымен танысу мақ­са­тында пойыз бастығы Асанхан Біләловпен тіл­дескен едік. Ол былай деді: “Он сегіз жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін. Зауыттан шығып ел игілігіне айналып үлгерген пойыздың ноқта аға­сы болғаныма қуаныштымын. Бұл пойыз жо­лау­шы­лар тасқынының артуына байланысты бұрынғы пойызға қосымша күш ретінде жолға шығарылып отыр. Бұған “Оңтүстік” аймақтық филиалының ди­ректоры Асқар Шүкірбаевтың еңбегі сіңді деп айтуға то­лық негіз бар. Сол азамат келгелі ұжымның жұ­мысы алға жылжып, қызметкерлердің жағдайы жақ­сарды. Ал өзім басқаратын пойыз туралы айтсам, әр вагонда екі жолсерік қызмет істейді. Барлығы – 14 вагон. Оның 4-уі плацкарт, 4-уі екі орындықты жұм­сақ вагон, 6-уы купелі вагон. Бұрынғы пойызда тек арнайы вагондарға ғана желдеткіш орнатылса, қазір ол құрылғы біздің пойыздың барлық вагонында бар. Жолаушыларға қант-шай үлестіріледі. Гигиеналық тазалыққа аса мұқият қараймыз. Вагонда ыстық су да, суық су да бар. Сонымен қоса, ресторандық қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді”. Вагонымызға қайта келіп жайғасардың алдында жолсерікпен әңгіме жүргізуді жөн көрдік. Жасы отыздар шамасындағы жігіт жалақысына көңілі толатынын баса айтты. Су жаңа формасы бойына жарас­қан азамат “тек әйеліңнің қасыңда бол­май­тыны қиындау, қалғанының бәрі жақсы”, деп әзілдеп қойды. Пойыз ақырғы аялдамасына екі түнді ортаға салып кешкі 23.30-да Атырау қаласына тоқтады. Енді жаңа пойызды кері жол күтіп тұр. Бейбіт АЯТ, журналист. АЛМАТЫ-АТЫРАУ.