Аймақтар • 29 Қазан, 2023

Медициналық жабдық тарту етті

206 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үлкен қалаларға халықты сабылдырмау үшін, өңірдегі медицина саласын дамыту қажет. Бұл әрі ауылдағы ағайынның қалтасына артық жүк болмайды. Осы ретте облыстағы денсаулық сақтау мекемелеріне 9 мобильді ультрадыбыстық жүйе тегін берілді. Енді жетісулықтар жүрек-қан тамырлары ауруларынан, өкпе дертінен ертерек айыға алады.

Медициналық жабдық тарту етті

Ең ғажабы, шалғай елді ме­кен тұр­ғындарын жоғары ме­ди­циналық тех­нологиямен қамта­ма­сыз етуді, инно­вациялық меди­ци­­налық көмекті жан­дан­ды­ру­ды мақсат еткен қайы­рым­ды­лық жобасы арқылы берілген ап­па­рат­тар сырқаттың себебін, кесел­дің уақытын дәл анықтауға мүм­кіндік береді. Мобильді уль­тра­ды­быстық аппарат төсек тартып қалған, үйде, машинаның ішінде жатқан науқастың хал-жайын анықтауға көмектеседі. Бұрын ультрадыбыстық аппаратқа тү­сі­ру үшін науқасты міндетті түр­де ауруханаға апаратын. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қа­йы­рым­дылық акциясының бастамашылары – «Philips Foundation» халық­аралық коммерциялық емес ұйы­мы мен «Сәби» қоры. Со­ны­мен қатар дәрігерлерді ин­но­ва­циялық жабдықтармен жұмыс істеуге үйрететін үш күндік оқы­ту ұйым­дас­ты­рыл­ды.

Қайырымдылық бастамасын жүзеге асыру үшін мобильді қо­сымшаның негі­зінде жұмыс іс­­тейтін және планшет­ке неме­се смартфонға қосылған дат­­чиктер жиынтығы – портативті ультра­ды­быстық жүйе таңдалды. Бұл ин­­но­­вациялық шешім ста­цио­нарлық ультра­дыбыстық жаб­дықты пайдалану мүм­­кіндігі бол­маған клиникалық жағ­дай­­ларда пациенттердің хәлін жедел ультрадыбыстық жағынан бағалау үшін арнайы әзірленген. Бұл, ең алдымен, емдеу мекеме­ле­рінің қабырғасынан тыс жерде, яғни оқиға орнындағы қиын жағдайларда медициналық көмек көр­сету кезінде қолданылады. Бұл ретте нау­қастың төсегінде, үйде, жедел жәрдем кө­лігінде және төтенше жағдайларда кө­мек көрсетілуі мүмкін.

Дәрігерлер қайырымдылық жо­ба­сы аясында жоғары тех­но­­ло­гиялық ме­ди­циналық жабдықты пайдалану жө­нін­дегі тренингтерден өтті. Мұнан соң оны клиникалық тәжірибесінде жүрек-қан тамырлары аурулары бар, іш құрылысының сыр­қа­ты бар, өкпе аурулары бар науқастарға көмек көрсету үшін, акушерлік-гинекологиялық зерттеулер жүргізу үшін және операция бөлмесінде, реанимация бө­лімінде және қарқынды терапияда клиникалық күрделі па­циент­термен жұмыс істеуде қол­данады.

– Біз инновациялар мен әлеу­меттік маңызды бастамаларды то­ғыстыру адам­дар­дың өмір сүру сапасын арттыруға ық­­пал ететініне сенеміз. Дәрі­гер­лердің қол­данылуына беріл­ген заманауи порта­тивті уль­тра­­дыбыстық жабдық тіпті ме­ди­­циналық ұйымдардан тыс жер­лерде де ауыр жағдайдағы па­циенттердің жағ­дайын жедел ультрадыбыстық баға­лауға мүм­­кіндік береді. Дәрігер-кли­­ницистердің қолындағы «Қалталы «ультрадыбыс», бұл медициналық көмек көрсетудің жаңа халықаралық стандарттары саналады, – деді Орталық Азия, Кавказ және Моңғолия аймағындағы «Philips Healthcare» компаниясының өңірлік директоры Ольга Волкова.

Өз кезегінде «Сәби» қайырым­ды­­лық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова:

– «Сәби» қоры өзінің о­­тандық ауруханаларды инно­ва­циялық жабдық­тар­мен жарақтандыру бағытын­дағы ме­­ди­циналық бағдарламасының мақ­саттарына толық сәйкес келетін осындай маңызды жобаға қол­дау көрсетті. Портативті уль­тра­дыбыстық жүйелердің кө­ме­­гімен Жетісу және Алматы об­лыс­тарының дәрігерлері әрбір диаг­нозға сенімді болуы үшін нақты визуализация жүргізе алады. Уақтылы диагноз қою – тиімді емдеудің кілті, – деді.

Атап өтсек, қайырымдылық жобасы­ның бастамашылары бұл іс-шараның мақсаты шал­ғайдағы және жетуі қиын өңір­­лер­дегі пациенттерге жоғары тех­но­логиялық медициналық көмектің қол­же­тімділігін арттыру екенін баса айтады. Осы бастаманың көмегімен Жетісу мен Алматы облысының 7 ауруханасы 18 заманауи медициналық құрал-жаб­дық­қа қол жеткізді, ал 30 дәрігер оқуын жалғастырып жатыр.

Жалпы, 9 мобильді ультрады­быс­тық жүйе Алакөл, Панфилов а­удандарының аудандық ауру­ханаларына – 2-ден, Текелі қала­сында – 3, сондай-ақ Талды­қорған қалалық жедел жәрдем стансасына 2 жабдық беріледі. Осы ме­дициналық мекемелердің 11 дәрігері оқытудан өтеді.

 

Жетісу облысы