Жауапсыз инвестор
Костенко шахтасындағы жарылыс толқыны 2 шақырымға дейін жеткен. Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Қарағанды филиалы директорының орынбасары Геннадий Силинскийдің айтуынша, шахтада тексеру жұмыстары 9 қазаннан 30 қазанға дейін жүргізілуге тиіс еді. Алайда алдыңғы тексеріс кезінде талапты бұзудың 200-ден аса фактісі анықталған. Яғни газ мөлшерін бақылаудың сапасыздығы жөнінде. Өрттің негізгі шығу себебі де метан газының жарылуынан болып отыр. Бұл ретте тиісті бақылау болмағандықтан осындай орасан апатқа жол берілді. Әй, бірақ жауапсыздық «Арселордың» негізгі міндетіне айналғалы қашан?
Апат кезінде жер астында 252 кенші болған. 206 адам жер бетіне шығарылып, жер астында 46 шахтер қалып қойған. Әлі де құтқару жұмыстары күшейтілген режімде жүріп жатыр.
Табылмай жатқан кеншілердің жақындары іздеу жұмыстарының ұзаққа созылғанын айтып шыр-пыр. Бұған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов құтқару жұмыстарына электр қуатының зақымдануы мен тау-кен учаскелерінің өте ұзындығы, көптеген механизм мен құралдың қирауы, кейбір учаскелерді су басқандығы қиындық туғызды дейді. Іздестіру-құтқару жұмыстарына барлығы «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.
Қарағандыда жұмысшы қазасы көп
Несін жасырамыз, кейінгі 20 жылда жұмысшылардың қазасы бойынша Қарағанды көш басында тұр. 2000-2012 жылдары өңірімізде жыл сайын ондаған адам опат болған. Ал былтыр өндіріс орнында зардап шеккендер саны 460-қа жеткен. Олардың едәуір бөлігінің жасы – 30-45-терде.
Мұның ішінде ең ірі апаттар тағы да «Арселорға» қарасты шахталарда болған. Мәселен, 1995 жылдың қараша айында Ленин атындағы кеніште метан жарылып, 13 кенші жан тапсырды. Ал 2004 жылы «Шахтинскіде» 23 жұмысшы опат болған еді. 2006 жылы Ленин атындағы кеніште ең үлкен апат тіркелген-тін. Салдарынан 43 адам көз жұмды. Өкінішке қарай, Костенкодағы апаттан 45 кенші көз жұмды.
Естеріңізде болса, тамыз айында ғана «Қазақстан» шахтасындағы өрттен бес кенші қаза болған еді. Сол кезде жедел құрылған үкіметтік комиссия тобының тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «АрселорМиттал Теміртау» кінәлі деп танылған. Өрттің басты себептерінің бірі – конвейер таспасының тұтануы. Көмір конвейерінің шығыршығы деформацияға байланысты қарысып қалғандықтан, таспа үйкеліп, көмір тұтанып, өрт шыққан. Бұл таспаны мемлекеттік стандарт бойынша елімізде қолдануға болмайтын көрінеді. Әлгі таспаңыздың Үндістанның бір зауытында жасалғанымен қоса сертификаты жоғы тағы бар. Міне, ештеңеге алаңы жоқ алпауыт компанияның салғырттығынан қаншама жұмыскер көз жұмды. Екі ай уақыттан соң тағы да – шахта трагедиясы.
Жан-жақты көмек –жанға демеу
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған кеншілердің жақындарымен жүздесіп, көңіл айтқан кезінде толыққанды көмек көрсетілетінін де жеткізді.
«Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр», деді Қ.Тоқаев.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысының әкімдігі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Костенко атындағы шахтада болған өрт салдарынан қаза тапқан «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелерінің тізімін жасап жатыр. Компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана беріледі, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем аударылады. Балаларының жоғары оқу орнындағы ақысын өтейді. Мұнымен қоса балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастырады. Несиелерін өтеп береді. Отбасына курортқа жолдама беріледі. Жыл сайын көмір үлестіріледі. Мемлекет басшысы барлық қажетті көмек көрсету мәселелерін Үкіметтің ерекше назарында ұстауды тапсырды.
Дегенмен 45 отбасы асыраушысынан айырылды. Көрсетілетін көмек әкенің, баланың орнын толтыра алмайды. Қауіпсіздік шараларына түкірген «Арселордың» мойнында қаншама кеншінің қазасы бар, қайғырған елдің назасы бар...
Зардап шеккендер – дәрігерлер бақылауында
Шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды. Ал зардап шеккен кеншілер Х.Мақажанов атындағы облыстық клиникаға және басқа да медициналық мекемелерге жедел жеткізілді. Арнайы жасақталған дәрігер бригадалары қатаң бақылауына алды.
Кейінгі мәліметке сүйенсек, Қарағанды, Абай және Шахтинск қалалары стационарларының қабылдау-диагностикалық бөлімшелеріне барлығы 28 адам жеткізілді. Оның ішінде 24 зардап шегуші емге жатқызылды. 20 кенші газдан жеңіл және орташа уланған. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың токсикология бөлімшесінде ем алып жатыр. Бір пациент дене жарақатымен Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухананың жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесінде емделіп жатыр, жағдайы тұрақты. Тағы бір зардап шегуші де аталған емханада, жағдайы қалыпты. Екі кенші Шахтинск қаласындағы орталық аурухананың терапия бөлімшесінде.
Барлық пациент компьютерлік томография, ультрадыбыстық зерттеу, рентгенография секілді түрлі тексерістен өтті. Сондай-ақ екі кенші денсаулығының жақсаруына байланысты үйіне жіберілді.
АМТ-мен ынтымақтастық тоқтатылады
Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды. Мұнымен қоса Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын басқаруды Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басинге жүктеді.
«Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Вадим Борисович Басин деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді», деген-тін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сенім артқан В.Басин бірінші кезекте еңбек қауіпсіздігін арттыруға назар аудармақшы.
«Кеше Мемлекет басшысы қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстарымен кездесуде компанияның проблемалық активтеріне қатысты инвестормен қарым-қатынас тоқтатылатынын мәлімдеді. Бұл ретте бір жайтты ерекше атап өтті: жұмыс шарттарында, төлемдерде, әлеуметтік кепілдіктерде ешқандай өзгерістер болмайды. Оларды жақсарту тұрғысынан ғана қайта қаралатын жағдайлар қалады. Бұл – компанияның әрі қарай жұмыс істеуі және әлеуметтік жауапты болуы үшін қажетті шарт. Ұжымның бірде-бір мүшесі жұмыстан шығарылмайды, ұжымның бірде-бір мүшесінің құқығы төмендетілмейді», деп атап өтті В.Басин.
Осы орайда Үкімет «АрселорМиттал Теміртау» АҚ акционерлерімен алдын ала уағдаластыққа қол жеткізгенін және кәсіпорынның меншік құқығын Қазақстанның пайдасына беру туралы келісімшартты рәсімдеу аяқталу үстінде екенін хабарлады. Осы бір хабар көпшіліктің көңіліне демеу болды. Не десек те, ел Үкіметтің батыл әрі шұғыл шешім қабылдайтынынан үмітті. Әйтпесе қарағандылық кеншілер қара алтын емес, қабір қазып жүр...
Қарағанды облысы