Президент • 30 Қазан, 2023

Әлеуметтік нысандарды аралады

240 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні Жетісу облысына барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары жұма күні одан әрі Қаратал ауданында жалғасты. Мемлекет басшысы аудан орталығы – Үштөбе қала­сындағы Қаратал тарихи-өлке­тану музейіне барды. Музей биыл пайдалануға берілген.

Әлеуметтік нысандарды аралады

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жалпы ауданы 2 520 шаршы метр болатын қос қабатты ғимаратта өлке тарихына қа­тысты 350-ге жуық экспонат қойылған. Мемлекет басшысына музейдегі археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер көрсетіліп, Қаратал ауданының тарихы және жазушы Кемел Тоқаев, Қазақ КСР халық әртісі Бикен Римова, осы өңірден шық­қан ақын-жыраулар, би-шешендер мен елге еңбегі сіңген басқа да тұлғалар туралы тың деректер таныстырылды.

Президент музейде жергілікті зиялы қауым өкілдерімен жүз­десу барысында мұражайды аралап шыққанын, ондағы жәдігерлерді көбейту керек­тігін атап өтті. Сондай-ақ қоғам дамуы үшін мұндай мәдени нысандардың қа­жет екеніне назар аударды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

авып

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Үш­төбе қаласындағы әлеу­меттік нысандарды аралап көрді. Атап айтқанда, биыл ашылған 30 орындық жатақханасы бар Гуманитарлық колледжге барды. Мұнда болашақ педагогтер «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту», «Бастауыш білім беру педагогикасы және әдістемесі» мамандықтары бо­йын­ша білім алады.

Оқу орнында 17 заманауи аудитория, мәжіліс және спортзалдары, меди­циналық кабинет, асхана мен буфет бар. Колледж инклюзивті орта талаптарына сай жабдықталған, яғни ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін пандус пен арнайы лифт қойылған.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үштөбедегі орта мектепті аралап көрді. Білім ошағы 1963 жылы салынған. 1996 жылы мектепке Кемел Тоқаевтың есімі берілген. Президентке қа­лам­гер Кемел Тоқаевтың ша­ғын кабинет-мұражайы та­ныс­тырылды. Мұнда жазушының шығар­малары, тұтынған жеке заттары қойылған.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы биыл салынып, халық игілігіне берілген дә­рігер­лік амбулатория жұмысымен таныс­ты. Аталған медициналық мекеме бір ауысымда 50 адамды қабылдай алады. Емделушілер үшін стационар, физиотерапия, процедуралық, екпе салу, гинекология және басқа да медициналық кабинеттер жұмыс істейді.

Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев Жетісу облысы Қаратал ауданының Кәл­пе ауылына барды. Президентке 200 орындық мәдениет үйі таныстырылды. Бұл нысанның жалпы ауданы – 739 шар­шы метр. Мәдениет үйінде бірнеше шығар­машылық үйірме жұмыс істейді.

Сонымен қатар Президент осы ауылда бой көтерген спорт кешенінде болды. Нысанның жалпы ауданы – 887,7 шаршы метр. Модульді ғимаратта спортзалы, балалар ойын алаңы және воркаут қарастырылған.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған Jetysu Аrena жабық мұз­айдынын аралап, спортшылармен әңгі­­мелесті. Спорт нысаны толықтай жеке кәсіпкердің қаражатына салынып, Рес­публика күні ашыл­ған. Жал­пы инвестиция көлемі – шамамен 900 миллион теңге. Кәсіпкер Мұхаметжан Се­рік­ұлының айтуынша, бұл нысанда тұрғындар шорт-трек, хоккей және мәнерлеп сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерімен ай­налыса ала­ды. Сонымен қатар мұнда пар­алим­­пиадалық, яғни шаналы хоккеймен шұғылдануға болады. Елі­мізде хок­­кейдің бұл түрімен айналысуға арналған екі мұз аренасы бар. Оның бірі – Астанада, екіншісі – осы Тал­ды­қорған қаласында ашылып отыр.

Нысанның жалпы аумағы – 2235,8 шаршы метр. Кешен кәсіби техноло­гиялық құрал­дармен, оның ішінде тоңа­зытқыш, мұз құю және спорт жаб­­дық­тарымен қамтылған. Со­ның нәти­жесінде мұнда жыл бойы үздіксіз жат­тығуға мүм­кіндік бар. Аталған жа­бық мұ­зайды­ны Құрлықаралық хоккей лигасының және Ұлттық хоккей лигасының стандарттарына сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел игілігі үшін еңбек етіп жатқан кәсіпкерге риза­шылығын білдірді. Президент спортшылармен әңгімелесу кезінде мемлекет аталған саланы одан әрі қолдайтынына тоқталып, жастардың спортпен тұрақты айналысқанын құптайтынын айтты.