Әдебиет • 30 Қазан, 2023

Болмысы бөлек «Бес жорға»

114 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Әлемде төрт мұхит бар. Бесінші мұхит – күй» деген еді Әбіш Кекілбайұлы. Расында, терең иірімін түбіне жасырған күй мұхиты кез келгенге сыр алдырмақ емес. Күйді түсіну – ұлттың жанын ұғыну, ел тарихының кешегісі мен бүгініне ой жіберу.

Болмысы бөлек «Бес жорға»

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Әлқисса, қазақтың кіндігі іс­петті Ұлытау өңірінде күй­ші­лігі аспандағы аққуды жерге­ қон­дырған Мақпруза атты қыз бол­ған деседі. Саусақ алысы тың­да­ған­да еріксіз сүйсінтіп, шертісі көр­генді таңырқатыпты. Алыстан ат терлетіп, өзімен күй тартудан жарысуға келген небір дүлдүл күйшілердің сағын сындырып, жерге қара­тып­ты. Өнерпаз арудың әр тарап­қа­ жайылған даңқына тәнті бол­ған Сүгір күйші серіктікке кө­сіл­тіп күй тартатын айдарлы дом­бы­рашылардың төртеуін ертіп, Мақпрузамен күй сайысына түсуді мұрат тұтады. «Жігіттер, біз өнер қонған, күй қонған ауылға бара жа­тыр­мыз. Өнер сынға түскен кезде мен сендерге арашашы бола алмаймын. Сондықтан мен мынадай бір амал таптым. Бес тармақты күй шығардым. Күй шығару өнері сынға түскен кезде, күйдің басын мен тартамын, қалған төрт күйді сендер өзара бөлісіп, әрқайсысың өздерің шығарған күй ретінде тар­тасыңдар» дейді. Қасына кілең тай­палтып жорға мінген ауылдың төрт жігітін – Жылқайдардың Ыбы­райын, ағайынды Ибаділда мен Үркін­бай­ды, Ботабағарды ер­тіп,­ Ұлы­тауға қарай сапар шегеді.

Базбір деректерде «Бес жор­ға» күйінің алғашқы тармағы, «Сүгір­дің Мақпруза сұлудың ауылына бара жатқандағы бес жорға аттың егесін суреттеп шығарған күйі екен» деп те айтылады. Ол заманда серінің жанына ерген достарының өзімен қарайлас өнерпаз болуы шарт болған. Егер Сүгірді сері дейтін болсақ, онда оның жанына ерген жігіттер ас ішіп, аяқ босатқанды, ат пен шапанға ортақ­тас­қанды ғана білетін топ қана болса – ол серіге сын болмақ. Яғни Сүгір өзінің абыройын ойлап, шер­тіс­ мәнері тұрғысынан алғанда бір-біріне ұқсамайтын төрт күй шыға­руға мәжбүр болған. Ал әркім­нің өзіне ғана тән стилі бола­тынын ескер­сек, бітім-болмысы бөлек төрт күйдің төтеннен топ ете қал­ма­сы белгілі. Міне, осы тараптан кел­генде Сүгірдің жанындағы дос­тарының үлкен өнерпаздар екенін дәлелдеу жолында, өзінің шертіс машығынан тыс, бір-біріне ұқсамайтын төрт күй шығаруы нен­дей еңбек екенін, нендей сал­мақ екенін күйшілер ғана шын сезі­не алса керек. Тартыс кезінде Най­ман ауылы «Десе дегендей екен. Бесеуі де дес бермес жор­ға­ жігіттер екен» деп қайран қа­лып­ты. Бұл күйдің бес тармағын да дәу­лескер домбырашы Жанғали Жүз­баев орындайды. Бес түрлі күй­ден тұратын «Бес жорғаның» бұ­рын төртеуі алынып тасталып, бі­реуі ғана жазылған.

Сонымен Біржан мен Сара­ның­ айтысы секілді ұлағатты қа­зақ­ мәдениеті тарихындағы ірі оқи­­ғ­а­­лардың бірі болған Сүгір мен Мақ­пруза қыздың күй жарысы қалай өт­кенін баян етейік.

«Сүгір» атты романның авто­ры,­ жазушы Өтеш Қырғызбаев «Тұла бойы тұнған күй» атты мақа­ласында бүй дейді. «...Айтса айт­қандай, Мақпруза қыздың даң­қына өнері сай екен. Шертпе күй­дің қоңыр әуезін көңілге қон­дыр­ғалы Сүгірдің пернелерді термелеген тарамыс саусақтарына зер са­лып қарайды. Аяқталған күйді на­қыш, екпінін өзгертпестен сол қал­пында тартып шығады. Сүгір күй­ді қалай бастап, аяқтаса, қыз да солай бастап, аяқтайды. Қос ішек­ті қабат қағып, үздіктіріп ба­рып аяқ­тағанын да айнытпай қай­та­лап береді. Күй Мақпрузаның шер­туінде құлаққа жұмсақ, сәмбі тал­дың бұтағындай бас-аяғы жинақы өріліп шығады. Сүгір де Мақ­прузаның күйлерін көңіліне қат­тап алып, сарынын пернеге айнытпай салады. Домбыра шер­ті­сінің ширай түскенін, топ ішінде елеу­сіз­деу көрінген сылыңғыр қара жігіттің домбыра шерткен сайын арқаланып, жанарынан ұшқын ойнағанын қыз да аңғарады».

Мұнан соң Сүгір «Ыңғай­төк­­пе» мен «Шалқыманы» тарта­ды.­ Бұл күй қызға терең әсер ет­ке­­ні соншалық, қайта серпіліп ойын жинақтағанша күйдің келте қа­йы­­рымын өткізіп алғанын да­ аң­ғар­майды. Сонымен, тарихи­ жүз­де­суде күй өнерінің қос саң­лағы тың­даушы қауымның айы­зын қан­дырып, «бәрекелді» жау­ған күн болады. Сирек дарын ие­лері бір-біріне ықыласы артып, өза­ра­ шадыман болысады.­ Екі жас бір-бірін қолдап, то­лық­ты­рып, дом­быраның қос ішегіндей үн­десіп, кезектесіп тартады. «Бірі­міз – Ұлытаудан, біріміз – Қара­тау­данбыз, басымызды қосқан осы домбыра ғой, екеуміз бір дом­быра­мен толғайық!» – деп екеуі «Қос­ба­сар» күйін шалқытып тарт­қан деседі. Ақыры қос дарын қи­май­ қош­тасқан екеудің арасында нәзік сезім шашақтары қалады. Жаны мұң­лы, көңілі құмбыл Сүгір күй­ші Ұлы­тауға Мақпруза қызды екінші рет іздеп барарда әкесі қар­сы­ болып, өнерпаз ұлын бесікте құ­да бол­ған Шынарбайдың қызы Сау­­қан­ға үйлендіреді. Қайран жас өнер­­­паз аңсарлы арманына, махаб­бат­­ бұлағына орала алмай назды да­ сазды туындыларды өмірге әке­­­ле­ді.

Міне, бетегелі боз далада ту­ған әйгілі «Бес жорғаның» шы­ғу тарихы осындай. Бес жол­дасының намысын­ жыртып, бес тармақты күй шығарған арқалы күй­ші­нің өнері руханиятымыздың бай­лығы, табысы, тозбас кені екені дау­сыз.

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024