Әуелде ойнақы әндерімен көпшілік тыңдарманды баурап алған Рахат Тұрлыхановтың «Зимние ливни», «Азём» секілді әндері шынында да сол уақыттың хитіне айналған болатын. Жас әнші түсірген бейнебаяндар лезде тарап, телеарналар арқылы көпшіліктің көзайымына айналатын. Өйткені ол кездің жастары ютуб бар, басқа бар, әйтеуір әлеуметтік желі жоқ болғандықтан, телеарнаға телміретін. Отандық телеарналарда жаңа бейнебаяндар жиі-жиі берілетін...
Жастықтың жалынымен талай әдемі әнді тыңдарманға тарту еткен Рахаттың қоржынындағы шығармалар расында да жүрекке жылы тиетін. Тіпті кейбір әндері адам жанын алыстағы ауылға тартатын да тұратын. Алтын бесіктің саф ауасымен тыныстап, бір мамыражай атмосфераға қарай жаныңды сүйрелей жөнелетін. Жанын кір шалмаған ауыл адамдарына деген құрмет атаулыны арттыра түсетін. Әннің тартымдылығы мен әншінің қазақы қалыптан алыстамағаны шығар, әйтеуір оның әнін тыңдағанда құлақтың құрышы қанатын.
Самайын ақ қырау шалған, жайғасқан сәкісінде ұршық иіріп, енді бірде киіз басып, тағы бір кезде табанан жауып отырған ауыл әжесінің бейнесі қазақ баласы үшін қай кезде де ыстық. Қай уақытта да қадірлі ғой. Әженің баласы болғандықтан ба екен, әлде басқа себебі бар ма? Кім білсін... Әйтеуір, біз үшін ауыл әжелерінің жүзіндегі тарам-тарам әр әжімде мехнатқа толы жылдардың бейнесі тұрғандай көрінетін. Әрине, әжелерге арналған ән аз емес. Әйткенмен Рахат Тұрлыхановтың орындауында жүрекке жеткен «Асыл әжемнің» жөні біздің буындағы жастар үшін қай кезде де бөлек көрінетіні белгілі. Бұл бәлкім сол бір мөлдір жылдарға деген сартап сағыныштың сазы болғандықтан да шығар.
Әсіресе әннің қайырмасы әжеге деген сарқылмас сағынышты үстемелей түсетін. Ақ жаулығына бейнеттің тері сіңген қайсар жанға деген құрметті арттыратын.
«Асыл әжем,
сәл көрмесем сағынамын,
Асыл әжем, шырағың боп
жағыламын.
Жетелеген арманға,
Сенен ыстық жан
бар ма?»
деген төрт жолдан тұратын шумақ жүректің қылын қозғап жіберетін.
Ал баяу ырғақты әннің табиғатындағы әрбір иірім баланың әжеге деген махаббаты мен бүкіл сағынышын, еркелігі мен назын қатар үйлестіріп тұрғандай көрінетін.
Жүзінен немереге деген бүкіл махаббаттың табы айқын сезіліп тұратын әжелердің орны қай кезде де төр екені талас тудырмаса керек. Әжелердің көзіндегі мейірім шуағына жететін, оны алмастыра алатын жарық сәуле бар ма екен? Кім білсін... Қалай болған күнде де есейіп кетсек те біз сол мейірімге шөлдеп тұрамыз. Әжеміздің аялы алақанын жылдар жылыстаған сайын сағына береміз.
Рахат Тұрлыхановтың орындауында көпшілік тыңдарманның сүйікті әніне айналған шығарманы талай тамаша хиттің дүниеге келуіне себепші болған ақын Әбдірахман Асылбек жазыпты. Уақытында «Жар-жардың» ел ішінде қайта жаңғыруына себепші болған автордың қай туындысы болсын терең мазмұнымен, мәнімен тыңдарман жанын емдейтін еді. «Асыл әжем» әні де сол биіктен төмендеген жоқ.
«Асыл әжем панам,
ойлан деп балам,
Оянсын деп санам
ақылыңды айта бердің.
Небір қызық қымбат,
ертегі, жұмбақ,
Тарихымды тыңдап,
мен өмірге қайта келдім», деген төрт тармақ ақ жаулықты аналар мен әжелер оқыған нәзік мораль тақырыптарды еріксіз еске салатыны анық.
Деректерге сенсек, көп жылдан бері көзден таса болған әнші бұл шығармасын әжесі Мәрзия Айтбайқызына арнаған екен. Әсерлі әннің әуенін белгілі композитор Еркеш Шәкеев жазыпты.
Қалай десек те ақын, орындаушы, композитордан тұратын шығармашылық үштік одақтың көңілінен шыққан шығарма қалың қазақ тыңдарманының да көкейіне қонды. Тыңдарманын тапқаны анық. Қазақ әжелерінің мерейін арттырды, оларға деген немерелердің құрметін еселей түсті.
Неге екенін кім білсін, бір анығы, көңілдің көкжиегіне қонақтап қалған құдіретті ән жылдар айналып болсын көмейге келіп, жүректі қозғайтыны бар. Бұл бәлкім бәріміз айтып жүрген өлмес шығарманың өзі болғандықтан шығар. Әйтпесе, «шықты, жарқырады, жоқ болды» санатындағы мезеттік ән де, мәнсіз мәтін де, маусымдық әнші де аз емес.
Рахат Тұрлыхановтың репертуарынан ойып тұрып орын алған «Асыл әжем» әні шоқтығы биік шығарма екені ақиқат. Талай әнімен өз замандастарының алды болған әншінің өзі кәсіби маман ретінде көзден ғайып болса да (басқа салада жүр), әндері көңілден кетпейді. Әншінің бақыты дегеніңіз де осы шығар...