Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көпенге деген халық махаббатын қазақтың нар тұлғалары баяғыда айтып кеткен. Аузы дуалы Әбіш абыздың жайбарақат заманда жанашырлық танытқанын көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ: «Көпен, шығармашылығыңа көбірек ден қой. Күлкі күретамырың екенін ұмытпа. Қаламыңды тастама, сен қазаққа керексің». Сөзі уәлі Шер-ағаң да асырып айтпаса, кем айтпаған: «Көпен Әмірбеков десеңіз, жұрттың бәрі біледі. Неге десеңіз, бұл аузын ашса, аузынан шоқ түседі. Ол шоқ адамды күйдірмейді, күлдіртеді. Оның өзі – үлкен өнер. Жыртылған көңілді жамайды, мұңайған көзді жадыратады. Тіпті қиын-қыстау кезеңнің өзінде де елге қуат береді». Осы ойын қорытындылай келе, Шер-ағаң да «осындай тұлға біздің қазақ халқына керек-ақ» деген еді ширек ғасыр бұрын. Сөз өнерінің екі пайғамбары да басына көтерген сол Көпеннен айырылып қалдық. Өзегің өртенеді. Бірақ «Адамның айтқаны болмайды, Алланың айтқаны болады». Құдай салды, біз көндік. Зымырап бара жатқан уақыт. Көпен көкемнің де жарық дүниемен қоштасқанына жыл толыпты. Әлі сенгің келмейді.
Көңілге бір демеуі – ол әдемі өмір сүрді. Көпен ерекше жаратылыс иесі еді. Ешкімге ұқсамайтын. Болмысы бөлек, ұстанымы ерек болатын. Өзінің ішкі энергетикасы мен сыртқы адами аурасын айналасына алғаусыз шашып жүретін. Жұртты күлкіге көміп жүргенді ақық жүрегімен қалайтын Көпен көкем ең бастысы адам алаламайтын. Кісілік келбеті алдымен осы қасиетінен тарап жататынын да көз көрді. Халықтың мұңын азайтып жүргенді жөн көретін. Жұрттың ішіне жиі баруға бүйрегі бұрып тұратын. Елдің қуанышынан да қалмайтын. Қайғысына да ортақтасатын. Тойға барса, елдің еңсесін көтеріп кететін. Қазаға барса, қайғырып отырған жұртты сабырға шақырып, шағаладай шарқ ұратын.
Осының бәріне уақыт таба білетін оның отқарағынан халыққа деген шынайы, кіршіксіз махаббаты айқын сезіліп тұратын. Көпен көптің адамы болды. Сол халықтың қуанышы да бола білді, сол халықтың жұбанышы да бола білді. Енді, міне, сол халықтың сағынышына да айналып үлгерді. Айтары жоқ, күлкі деген құдіреттің киесін бар жан-тәнімен түсінген Көпен – өз өмірінің мәнін де, сәнін де тапқан талант. Сөзі мірдің оғындай қарымды қаламгер өзінің өмірге келгендегі басты миссиясын абыроймен атқарып кетті.
Қазақ сатирасы мен юморының атасындай болған Оспанхан Әубәкіров ертеректе «Сүзеген сөзді» ойлап тапқан. Ағамыз қайтқан соң сол «Сүзеген сөзге» Көпен көкеміз ие болып қалды. «Сүзеген сөздің» тағында нық отырды. Оның үстіне, сатира сарбаздары мен серілерінің арасында оқшау ойлап, сүзіп сөйлейтін сұрмергені де өзі болып қалды. Сондықтан да Оспанхан ағамыз сатираның патшасы болса, ол соның заңды мұрагері һәм мирасқоры екенін күні кешеге дейін дәлелдеп өтті.
Көпенді кездестірген сайын Аристотельдің бассүйегін көргендей болатынмын. Бұл да бекерден-бекер болатын ассоциация емес-ау? Комик Алексид баснописец Эзопты жеті данышпанның бірі ретінде қарастырар ма еді, егер сатираның философиямен қатысы болмаса. Шынында да, философ болу үшін жартылай сатирик болу шарт, ал сатирик болу үшін жартылай философ болуың керек. Міндетті түрде. Содан болса керек, Көпенді көргенде философты көргендей күй кешетінмін.
Философия – ақиқат. Ал оны сатирасыз айту мүмкін емес. Бірінсіз бірінің күні қараң. Мұны өзара тартылыс күші деп атаған дұрыс болар. Мұнда тепе-теңдік басым. Екеуі домбыраның қос ішегі сияқты. Бұл – ой мен сөздің тартылыс күші. Көпен көкем маған осындай ғажап гравитациялық құбылыстың дирижеріндей көрінетін. Осы сөзіме оның шығармашылығынан көптеген мысал келтіруге болады. Дегенмен бірді-екілі мысалмен шектеліп, оның сатирасына обал жасағым жоқ. Көпенді фрагменттермен оқымау керек. Көпенді қопарып оқу керек.
Екі жағына кезек теңселіп келе жататын палуан жүрісті, кесек тұлғалы Көпеннің көзіне көзің түскенде жүрек жылуын сезіне қалатынсың. Өйткені Көпеннің көзі – Көпеннің өзі. Кейбір көздер болады, өте жұмбақ. Ештеңені біліп болмайсың. Білгің де келмей қалады. Ал оның көзі көркін ашып тұратын. Шымқаланың ашық-шашық жататын дарбазасы сияқты. Көзіне кіріп кете барасың. Көзі оның бар болмыс-бітімін алдыңа жайып салады. Оның қой аузынан шөп алмайтын жуастығын да көзінен байқайсың. Оның ала жіпті аттамайтын адалдығы да көзінен анық байқалады. Ат аунағанша ақыл тауып кететін ылдым-жылдымдығын да көзі «сатып» қояды. Ең аяғы ол саған «обед» алып бергісі келіп тұрғанын да осы көкшіл көзі хабарлап тұрады. Оның өзі күліп тұрмайды, көзі күліп тұрады. Көпенді Көпен қылған да дәл осы фактор. Көпеннің көзі де Көпеннің сөзіндей. Қарапайым. Дей тұра, тұңғиық. Терең. Тынысың тарылмайды. Қу тіршіліктің барлық қолайсыздығынан құтылғандай боласың. Осындай комфорт көзді біз әлі талай сағынатын боламыз.
Мына өмірде аз нәрсенің қадіріне тез жетесің. Осы рас сөз. Көпен деген «бір бау шөп» деген мағынаны білдіреді. Кейде ойлаймын: мая-мая шөптен гөрі, бір бау көзіңе жылы ұшырап тұрады. Ол қайтқанда жұрттың бәрі «Күлкі королі», «Күлкі корифейі» деп жоқтап жатты. Шынында да, Көпен мен күлкі егіз ұғымдар еді.
Ол шуда жіптің өзін де иненің жасуынан өткізіп жіберетін шебер еді ғой, жарықтық! «Қиыннан қиыстырар ер данасы» екені бір бөлек, аяқ астынан тосын ой айта білетін тапқырдың тапқыры болатын. Бір мысал. Бұл болған оқиғаны өз аузынан естіп едім. Сосын айтқым келіп отыр. Оның үстіне, осы әңгімеден оның бойына біткен таза табиғатын танисың. Адами да. Тұлғалық та. Оған қоса таланты мен дарыны да ел арасына кең тараған эпизодтың айналасынан оңай табыла кетеді. Дәл осы жерде ол өзінің дипломатиялық және бітімгершілік қасиетімен де танылғанын айта кеткеннің айыбы жоқ. Шынында да, Көпен көкем бейбітсүйгіш азамат еді-ау!
1988 жылы қырықтың қырқасына шығып үлгермесе де, талантымен талайды аузына қаратқан Көпен Әмірбек қазақтың бір топ ақын-жазушымен бірге қазақ әдебиеті мен мәдениетінің Түрікменстандағы онкүндігі аясында Красноводскіге барады. Арасында Фариза Оңғарсынова апамыз да бар. Өкініштісі, түрікмендер қазақ қаламгерлерін әуежайдан дұрыс күтіп алмаған сияқты. Ұшақтан түскен соң қазақ қаламгерлерінің шай ішеміз деген үміттерінің де күлі көкке ұшады.
«Шай ішпесем, басым ауырады. Маған шай қайнатып бер», дейді ақын апамыз қонақүйге келген соң затын көтерісіп жеткізген Көпен Әмірбекке. Қырлы стақанның ішіне ғана сыятын кішкентай «кипятильнигін» іс-сапарда өзімен бірге алып жүретін Көпен ақын апасына шай дайындап береді. Таңертеңгісін де осы картина қайталанады.
Білдей бір елге шығармашылық сапармен келгенде қасындағы інісіне шай қайнаттырып ішкеніне қатты қапаланған Фариза апам келесі күні декаданың ашылуына арналған жиында бірінші сөзді өзі алып, түрікмендерге бар ренішін жайып салады. Адайдың адуынды қызының сөзінен кейін Красноводск обкомының бірінші хатшысы Тайлы Тайлиевич қалбалақтап қалады: «Сіздерді күтіп алып, жағдайларыңызды жасауды осындағы облыстық тұтынушылар одағының басшысы Шапай деген қандастарыңызға тапсырып едік», дейді.
Біздің ақын-жазушыларға қарап кешірім сұрағандай болған бірінші хатшы енді залда отырған Шапайға көзін аларта қарайды. Сол кезде Фариза апам Көпенге «Осы туралы бір шумақ жазып, қазір сөз сөйлегеніңде оқып берші», дейді. Көп ұзамай сөз бұйырған сатирик былай аңыратқан екен:
«Апайда айқай бар,
Шапайда шай-пай бар.
Апайға айқай керек емес,
Шай-пай керек!
Шапайға шай-пай керек емес,
Айқай керек!
Шапай шай-пай берсе,
«Пай-пай!» дер ек!».
Кез келген ситуациядан көркем мінезімен керемет шығып кететін Көпен Әмірбек осылайша апайды да, Шапайды да ризашылыққа бөлепті. Сөз бар ма, оның тұла бойы тапқырлыққа тұнып тұрғанын осыдан-ақ аңғарасыз.
Шағын мақалада басқасын айтуға мүмкіндігіміз болмаса да, өзі көзінің тірісінде жарыққа шығарып кеткен шығармаларының бес томдығы туралы тіл ұшындағы әңгімені айту – міндет. Әлі есімде, ол бұл жобаны өзінің жетпіс жасқа толу мерейтойына орай шығарғысы келген. Дәл сол кезде әлемді жайлаған пандемияның кесірінен оның бұл ойы сәл кешірек іске асты. Бес томдықтың тұсаукесерін өткізу де ойында болды. Бірақ дендеген дерт оған мүмкіндік бермеді.
Бес томдығының жарық көргеніне жас балаша қуанғаны көз алдымда. Өмір бойы көз майын тауысып жазған шығармаларының бір жерге топтасып тұрғаны бойына қуат бергендей болып еді. Сондықтан да қысқаша шолу жасап өткенді жөн санап отырмын. Бірінші томында сұңғыла сықақшының ірі тұлғаларымызға жазған астарлы пародиялары, балаларға арналған өлеңдері мен жаңылтпаштары және мысал-мысқылдары топтастырылған. Көпен публицистика мен юмордың синтезін жасаған керемет жазушы екенін оның езу тартар естеліктерінің естен тандыратынынан-ақ білуге болады. Міне, оның шығармашылығының осы қыры екінші томнан анық байқалады. Үшінші томда әр жылдары шыққан «Аты жоқ кітап», «Қысыр әңгіме», «Тілім қышып барады», «Неменеге жетісіп күлесің», «Жұма сәлем», «Сөйле десең, сөйлейін» сияқты кітаптарымен оқырман қайта қауышады. Төртінші томда Қазақстан Президентінің БАҚ саласы бойынша сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбектің кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған маңызды мақалалары мен сұхбаттары берілген. Оқырман бесінші томда Көпен Әмірбектің түбіт иек, түкті бас кезінен ақсақал болғанға дейінгі аралықта түскен суреттерінен жинақталған фотоальбомды тамашалай алады. Шынында да, бұл бестомдық – кейінгі көпентанушылар үшін бас-аяғы жинақы шымыр дүние.
Биыл Көпен көкемнің туған күнін бірінші рет өзінсіз атап өттік. 29 наурызда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында аталған бестомдықтың тұсаукесері болды. Келіншегі Әйгерім мен інісі, белгілі фотожурналист Шүкір Шахай екеуі модератор болуды маған ұсынды. Елдің алдына шығып, сөз тізгінін ұстап көрмеген соң келісімімді беру қиындық тудырғаны рас. Алайда «Оңашадағы онлайн ойлар» кітабымның тұсаукесерін Көпен Әмірбектің бірде ойлы орамдарымен, бірде әдемі әзілімен көмкеріп, ғажап басқарып бергені жадымнан шыққан емес. Сондықтан да бұл іске бел будым.
Бестомдықтың тұсаукесерінде елдің езуінен күлкі кеткен жоқ. Керемет өтті. Шынында да, сатириктің кеші осындай көңілді атмосферада өткенін қалап едім. Сол күні мені Көпен көкемнің өзі жетектеп отырғандай сезіндім. Орыс оқырмандары арасында бір сөз бар: «Михаил Жванецкий не устаревает». Шығармашылық адамына осыдан асқан қандай баға берілуі мүмкін? Осы сөзді интерпретация жасап, «Көпеннің әдеби мол мұрасының күлкіден тұрғызылған көк күмбезі ешқашан көнермейді» деп айтқаным есімде қалды. Шынында да, қазақ тірі тұрса, Көпен ұмытылмайды. Мен соған Құдайыма сенгендей сенемін.
Сатираның қос саңлағын жайдан-жай қатар қойып отырған жоқпын. Екеуінің ұқсастығынан аяқ алып жүре алмайсың. Михаил Жванецкийдің де, Көпен Әмірбектің де шығармашылығына бұрыннан қатты қызығамын. Екеуін де сүйіп оқымау мүмкін емес. Бұл – біріншіден. Екіншіден, екеуі де өте қарапайым жазады. Бірақ тұнып тұрған пәлсапа. Мен екеуін бірдей неге жақсы көретінімді жуырда ғана білдім. Бақсам, екеуі де табиғат қайта түлеп жататын наурыз айында дүние есігін ашып, екеуі де қаһарлы қыстың алды – қарашаның қара суығында қайтыс болған. Анықтап қарап отырсам, екеуі бірі-біріне қатты ұқсайды екен. Тіпті айнымайды. Бойы да, ойы да. Екеуі де шағып сөйлеудің хас шебері. Ең аяғы көзілдірігін төмен түсіріп, адамға қуақылана қарағанына дейін.
Мен Көпен көкемнің өзімен ХХІ ғасырдың басынан араласа бастадым. Оған дейін ХХ ғасырда оның туған інісі Базарбек Түкібаймен (Балапан Базар) көбірек бірге жүрдік. Соны меңзегені ме, қайдам, менен Көпеннің сұрағаны бар: «Мен сені не үшін жақсы көремін, білесің бе?». Мен иығымды қиқаңдаттым. Ол өзі жауап берді: «Мен сені інім Базарбекті жақсы көргенің үшін жақсы көремін». Сол айтпақшы, мен Миша ағайды неге жақсы көремін десем, Көпен көкемді жақсы көргеннен кейін жақсы көреді екенмін.
«Білімді адам қартайғанда өзін бақытты сезіне бастайды». Михаил Жванецкийдің осы сөзіне риза боламын. Былай қарасаң, қарапайым сөйлем. Дей тұра, қаншама философия жатыр. Марқұм Көпен де өмірінің соңғы он жылында өзін керемет бақытты сезінгенін байқадым. Өзінің адами ішкі балансы орнығып, көңіл тыныштығына бөленгені де әсер еткені рас. Бірақ, ең алдымен, білімділігінен болар деп топшылаймын. Әсіресе өмірінің соңғы жылдары барлық адаммен бірдей білгенімен бөлісіп отырғанды жаны сүйетін. Жадының мықтылығынан болар, тіпті атам заманғы адамдардың баяғыда айтып кеткен сөздерін айна-қатесіз қайталап отырушы еді.
Алла тағала Көпен көкеме бәрін берді. Ақылман еді. Жаратқан ием одан дарынды да аямады. Ойы да жүйрік, қаламы да жүйрік болды. Құдіреттің осыншама сыйын кез келген адам көтеріп жүре алмайды. Ол көтеріп жүрді. Қарапайымдылығы мен қанағатшылдығы оның өмірін әрлі де әдемі еткенін енді білгендейміз. Ең алдымен арын ардақтап өтті өмірден. Арын барлық нәрседен биік қойды.
2018 жылы «Қазспорт» арнасы сол күндері болып жатқан футболдан әлем чемпионатының әр ойыны алдында сарапшылар мен жанкүйерлерді шақырып, дәстүрлі матчалды сұхбат ұйымдастыратын. Олар менің қашанда Португалия құрамасына жаным күйетінін жақсы біледі. Өйткені 2016 жылғы Еуропа чемпионаты басталмай жатып Португалияның аты озып, жеңімпаз болатынын айтқаныма курстас досым Қайнар куә. Сол жылдары «Қазақстан» телерадиокорпорациясы төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жүрген Қайнар Олжай Португалия мен Франция арасындағы ақтық ойын алдындағы хабарға мені арнайы шақыртып, ол күні де менің командам азуы алты қарыс француздарды жоқ жерден жеңіп кетіп, чемпион болғаны бар. Осы «көріпкелдігім» үшін «Қазспорт» сол жылдары мені осындай хабарларға шақыруды әдетке айналдырған. Сонымен екі жылдан кейін хабарға тағы шақырылдым. Немерем Бердібек те футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қатарына қосылған кезі. Редактордан оны ертіп апаруға келісім алдым. Содан хабарға шықтық. Екеуміз бірдей Португалияға шаң жуытпай, бөсіп отырмыз. Португалияның осы ойында шашасына шаң жұқпайтынына бүкіл Қазақстан жанкүйерлерін сендіргендей болдық.
Алайда хабарда немерем екеуміздің бетімізді алып-салғанымыз далада қалды. Құдай атқанда Португалия қас масқара болып жеңілді. Сенген серкеміз Криштиану Роналдуды жерден алып, жерге салғаннан да қайран болмады. Немерем екеуміздің салымыз суға кетті. Түнімен дөңбекшіп ұйықтай алсамшы? Күн арқан бойы көтерілгенде ғана көзім ілініп бара жатқаны есімде. Ішім удай ашып жатыр. Ұрынарға қара таппай. Дегенмен ұйқы арсыз деген рас. Қорылға баса бергенім сол еді, телефон шырылдап қоя берді.
Көпен көкем екен. Жұбата сөйледі: «Әй, Шархан, сенің жайыңды түсініп отырмын. Өзің білесің, жанкүйер болып жүргенім биыл ғана. Түнімен Португалия емес, сені уайымдап шықтым». «Көпеке, жұрттың бəрі жанымды сіздей түсінсе ғой», дедім көңілім босап. Көпен нақты ұсынысына көшті: «Шархан, кешегі хабарға қатысқан немереңді ертіп үйге кел. Көңілшай ішіп кетіңдер».
Көпен көкем көшелі кісі екенін тағы көрсетті. Көңілді ауласаң, Көпен көкемдей аула! Буы бұрқыраған палау жедік. Көк шай ішіп, маңдай жіпсіді. Ішкен-жегенді қойшы. Әзіл əңгімелерін айтсайшы. Көңілшай емес, кəдімгі концерт көріп қайтқаннан кем болмады. Кенжесі Жұбаныш пен немерем екеуі кең бөлмеде доп теуіп, мəре-сəре болды. Кешегі күйікті мен де ұмыттым. Немерем де ұмытты. Көпен көкем дүлей джентльмендігін бұл жолы да дəлелдеді. Мұндай «жесті» кім көрінген жасай алмайды. Көпендей кең жігіттің қолынан ғана келеді. Көңіл аулаудан қиын не бар? Ештеңе! Ешкімнің қолынан келе бермейтін нәрсенің өзін жалғыз өзі жасап жүретін қазақтың Көпені еді ғой, жарықтық!
* * *
Көзі көк Көпен көкемді Темірқазыққа жалғасып жатқан көкшіл түсті Көкбозат деген жұлдызға ұқсатамын. Қазақтың жерінен қарағанда жыл он екі ай жылт-жылт етіп тұратын Көкбозатты көрген сайын Көпен көкемді көргендей боламын. Темірқазыққа арқандалғандай айнала қозғалып тұратын Көкбозат жұлдызындай Көпен де аспанда өзінің туған халқын айналып-толғанып жүргендей елестейді. Қазақтың мәңгілік есінде қалған Көпен көкемді басқа қандай жұлдызға теңей аласың? Тек Көкбозатқа! Өзінің туған халқын өмірінің темірқазығындай көрген Көпен көкем Көкбозаттың Темірқазықтан іргесін аулақ салмайтыны сияқты бізді де көктен көз алмай қарап тұрған секілді. Сол сәт Көпен келе жатқандай әсерде болатының да – тылсым құбылыс!
Шархан ҚАЗЫҒҰЛ