Батыс Қазақстандағы көшбасшы телеарна – “Қазақстан” телерадио корпорациясының Ақтөбе облыстық филиалы өзінің 50 жылдық мерейтойын аудандардағы күндерін өткізумен атап өтуді шешкен-ді. Аудандық әкімдік пен “Қазақстан-Ақтөбе” телеарнасы бірігіп ұйымдастырған “50 жыл сіздермен біргеміз” атты мерекелік шара Ойыл өңірінен бастау алды. Аудан әкімі Мұхтар Жұмағазиев “Қазақстан-Ақтөбе” телеарнасының ұжымын мерейтойларымен құттықтады, шығармашылық табыс тіледі.Ол “Шамшырақ-Ақтөбе” ЖШС директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлын “Сабақты ине сәтімен” дегендей, 60 жасқа толуымен құттықтап, иығына шапан жапты.
Аудандық мәдениет үйінде көрермендермен кездесу өткізіліп, онда облыстық теледидардың қалыптасуы мен бүгінгі ізденістері туралы бейнефильм көрсетілді. Қазір “Қазақстан-Ақтөбе” телеарнасы – өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан үлкен шығармашылық ұжым. Оның тізгінін іскер басшы Раукен Отыншин ұстағалы бері жаңаша жұмыс істеудің, шығармашылық ізденістің көкжиегі кеңейіп, бұрынғыдан гөрі де биіктен көріне бастады. Бұдан екі жыл бұрын “Қазақстан” телевизиясының 50 жылдығын мерекелеу кезінде “Алтын микрофонға” ие болған ұжымның “Сапар”, “Ана тілім – баба тілім”, “Ақтөбем – алтын бесігім”, “Біз айтпасақ, кім айтады” және басқа хабарлары көрермендер көзайымына айналды. Бұрын облыстың елді мекендеріне тәулігіне бір сағат хабар таратылатын болса, алдағы уақытта облыстың 112 елді мекеніне, яғни облыс аумағының 98 пайызына таратылатын хабарлар уақытын 14 сағатқа дейін арттыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
“Қазақстан” телерадио корпорациясы Ақтөбе облыстық филиалының директоры Раукен Отыншин облыс әкімі Елеусін Сағындықовқа осы мәселені шешуде қаржылай қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдірді. Қазір облыстық телеарнада осы заманғы жарықтандыру қондырғыларымен жақсы жабдықталған 6 студия бар. Мұнда сондай-ақ, соңғы жылдары жылжымалы телевизиялық станса сатып алынған. Ол облыстың кез келген жерінен тікелей хабар беруге мүмкіндік береді.
Облыстық телеарнаның Ойыл ауданындағы күндері аясында кезінде Ақтөбе облыстық телеарнасының қазақ редакциясының бас редакторы болған ойылдық журналист Жандай Тәукебаев атындағы жүлденің жеңімпаздары белгілі журналист Идош Асқар, “Ойыл” газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров марапатталды. Телеарна басшысы Раукен Отыншин мерекелік шараға қатысып отырған Жандай Тәукебаевтың жары Гүлжан Тәукебаеваға сый-сияпат жасады.
Мерекелік шара елімізге белгілі әншілер Қанат және Света Айтбаевтар бастаған бір топ өнер шеберлерінің әсем әндерімен әдіптелді. Ойыл ауданының әкімі Мұхтар Жұмағазиев өздеріндегі “Алтын микрофонды” Қобда ауданының әкімі Любовь Исмағамбетоваға салтанатты жағдайда тапсырды. Ол эстафетаны қабылдап тұрып, облыстық телеарнаның 50 жылдығы бұл өңірде де көрерменмен байланысты нығайту бағытында өткізілетініне сендірді. Сөйтіп, билер сөз алып, батырлар ту ұстаған Ойыл өңірінде өткен облыстық телеарнаның күні тағылымы мол мәдени шара ретінде көпшіліктің көңілінен шықты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.