Үкімет • 01 Қараша, 2023

Ұлттық қорды тиімді пайдалану қажет

178 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжілісте өткен «Amanat» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобаларын қарады.

Ұлттық қорды тиімді пайдалану қажет

Заң жобаларында Президенттің Жолдауын және Сайлауалды бағдар­ламасын, сондай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру ескерілді. Депутаттар жиынды Костенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіз­дікпен еске алумен бастады.

Отырысты ашқан фракция жетек­шісі Елнұр Бейсенбаев депутаттар мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін, оның ішінде жалақы мен зейнетақыны индекстеу, жәрдемақыларды көбейту, медициналық көмекті қамтамасыз ету сияқты басқа да басымдықтарды орындауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Бұдан соң сөз алған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев рес­публикалық бюджеттің 2024 жылға арналған шығыстары 24 трлн теңге деңгейінде деп болжанып отыр­ғанын жеткізді. Трансферттерді есепке алмағанда кірістер көлемі 16,1 трлн теңге болады деп жос­пар­ла­нып отыр.

«Бюджет жобасы Мемлекет бас­шысының Жолдауын және Сай­лауалды бағдарламасын, сон­дай-ақ партияның сайлауалды бағдарламасын орындау жөнін­дегі Жол картасын іске асыруды ескере отырып жасалды. Бұл жұмыс Үкіметтің ерекше бақылауын­да тұр. Мәжілісмендердің тікелей ара­ласуы­мен 2,4 трлн теңгеге жуық қара­­жат маңыздылығына қарай қайта қарас­тырылды. Бұл өте тыңғылықты әрі жүйелі жұмыс болды. Өңірлерді дамытуға 2024-2026 жылдарға 7 трлн теңге қарастырылған», деді вице-премьер.

Ерұлан Жамаубаев бұдан басқа «Ауылда денсаулық сақтау­ды жаң­ғырту» ұлттық жобасын іске асыруға 2,4 трлн теңге қарас­тырыл­ғанын, 2025 жылға дейін 655 денсаулық сақтау нысанын салу және 32 аудан­аралық ауру­хананы жаңғырту жос­парланғанын айтты. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 1,7 трлн теңге бағытталып, бұл ақша 369 мектептің құрылысына жұмсалады.

Мәжіліс депутаты, фракция мү­шесі Мархабат Жайымбетов бюджет жобасын әзірлеу барысында халық қалаулылары мемлекеттік органдардан қосымша мәліметтер алу үшін 200-ден астам сауал жолдағанын жет­кізді. Сондай-ақ депутаттар 300-ге жуық түзету енгізіп, бұл бюджеттің шы­ғыс бөлігін 1,4 трлн теңгеге қыс­қартуға мүмкіндік берді.

«Бюджеттің шығыстарын бюджет тапшылығын ұлғайту және Ұлттық қордан берілетін трансферттер есебінен жабу үрдісі сақталып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге, оның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге тарту жоспарлануда», деді депутат.

Мәжіліс спикері, «Amanat» пар­тиясының төрағасы Ерлан Қошанов Ұлттық қор қаражатын ұтымды және тиімді пайдаланудың маңыздылығына назар аударды.

«Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық қордан трансферттерді қыс­қар­туды және бюджет тапшылығы мәселесін үнемі оның қаражаты есебінен шешпеуді бірнеше рет тапсырды. Кіріс бөлігін толықтыруға арнал­ған резерв мәселесін экономи­каның барлық секторындағы тиімсіз шығындарды оңтайландыру арқылы шешу керек. Келесі жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ламасы жұмыс істей бастайды. Енді Ұлттық қордан ақша бөлу туралы кез келген ақпаратқа төлем алуға үміткер балалардың ата-аналары қатты назар аударады. Бұл өте сезімтал мәселе және оған өте мұқият қарау керек», деді ол.

Мәжіліс төрағасы Қарағандыдағы қайғылы оқиға өнеркәсіп қауіп­сіздігін қамтамасыз етудегі проб­лемалардың тағы да бетін ашқа­нын баса айтты. Мәселені шешу үшін партияның сайлауалды бағдар­ламасында қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту, зиянды және қауіпті өндірістерде жұмыс істей­тін барлық қызметкердің өмірі мен денсаулығын міндетті сақ­тандыру, сондай-ақ еңбекті қор­ғау жөніндегі стандарттарды жоғары­лату көзделген. Енді Үкімет тиісті қаржы бөлуді ескере отырып, осы шараларды іс жүзінде жүзеге асыруға ерекше назар аударуы керек.

Сондай-ақ партия төрағасы бюджет жобасын қарау кезінде азамат­тарға берілген уәделердің сапалы орындалуына басымдық берілетінін атап өтті.

«Депутаттар заң жобасына 1,7 трлн теңгені құраған арнайы түзетулерге ұсыныстар берді. Биыл біз рекордты жаңарттық деп айта аламыз. Бюджет қаражаты Мемлекет басшысының Жолдауында, Прези­денттің сайлауалды бағдарламасында және партияның сайлауалды бағдар­ламасында белгі­ленген шаралар­ды уақтылы және сапалы орындау­ға арналған. Бұл біздің Үкіметпен бірге халық алдындағы ортақ жауап­кершілігіміз», деп түйін­деді Ерлан Қошанов.