Саясат • 01 Қараша, 2023

Макрон Қазақстанға қандай себеппен келе жатыр?

179 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін, 1 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келеді. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды. Мемлекет басшыларының кездесуінен кейін қос елдің қарым-қатынасы қай бағытта дамуы мүмкін? Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы Egemen.kz kazinform материалына сілтеме жасап хабарлайды.

Макрон Қазақстанға қандай себеппен келе жатыр?

Стратегиялық әріптестік

Франция – Қазақстанның маңызды стратегиялық, сауда-экономикалық және саяси әріптесі. Францияның Орталық Азиямен саудасының 90%-ы Қазақстанға тиесілі.

Франция – Батыс Еуропада орналасқан ел. Жалпы ауданы 672 051 шаршы шақырым, халқы 68 млн адамнан асады. Бұл ел экономика көлемі жөнінен Еуропалық одақта екінші, әлемде алтыншы орын алады. Жан басына шаққанда жалпы ішкі өнімі - $ 43,6 мың, өсім қарқыны - 6,8%.

Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылы 25 қаңтарда орнатылды. Осы 31 жыл ішінде Францияның бірінші тұлғалары Қазақстанға үш мәрте келді – 1993 жылы Франсуа Миттеран, 2009 жылы Николя Саркози және 2014 жылы Франсуа Олланд.

2022 жылдың қарашасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның шақыруымен Францияға ресми сапармен барды. Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық қатынастарды нығайту жөнінде келіссөздер жүргізіп, Орталық Азия өңірі мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Францияның іскерлік ортасының өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, онда энергетика, көлік және басқа салаларға қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

Былтырғы сапарының соңында Мемлекет басшысы Франция президентін Қазақстанға келуге шақырған еді. Сонымен 2023 жылғы 1 қарашада Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келеді. Осы сапар алдында Ақорданың баспасөз қызметі «екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді, сондай-ақ, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды» деп ақпарат таратқан болатын.

Франция Қазақстанның инвестициялық әріптестерінің ТОП-5 қатарына кіреді

Қазақстан мен Франция қос елдің қарым-қатынасын дамытуға тың серпін берген екі келісімге қол қойды – 1992 жылы 23 қыркүйекте қол қойылған Достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шарт және 2008 жылғы 11 маусымда қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шарт. Бұл келісімдер өз жемісін берді. Бүгінде Франция Қазақстанның сауда және инвестициялық әріптестерінің үздік бестігіне кіреді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша елдер арасындағы тауар айналымы $4 млрд құрады. 2023 жылдың алғашқы 6 айында Қазақстан жалпы сомасы $1,4 млрд болатын тауар экспорттады - 2,2 млн тонна (2022 жылмен салыстырғанда +10%). Экспорттың басым бөлігі - $1,3 млрд – шикі мұнай мен мұнай өнімдері. Импортқа келер болсақ, осы кезеңде Қазақстан $675,4 млн сомасына 33,4 мың тонна тауар сатып алған.

2023 жылғы 8 айда екі елдің тауар айналымы $2,7 млрд жетті. 

oec.world мәліметі бойынша, еліміздің барлық экспортындағы Францияның үлесі 3,5% бен 6% аралығында.

Қазіргі уақытта Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 170-тен астам компания жұмыс істейді. Оның ішінде Total, Orano, Airbus, Vicat, Air Liquide, Alstom, Saint-Gobain, Danone және басқа да ірі корпорациялар бар. Франция ең ірі ТОП-5 инвестор ел қатарына кіреді, 2005 жылдан бері біздің экономикамызға $18,4 млрд инвестиция салған (оның ішінде $12 млрд Total Energies компаниясы құйған). 

2022 жылдың мамырында техникалық газ өндіру саласында әлемдегі №1 жетекші компания Air Liquide Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінде бақылаушы мәртебесін алды. Қазір осы кеңеске машина жасау саласындағы тағы бір француз алпауыт компаниясы Alstom тобын қосу мәселесі қаралып жатыр.

Франция Қазақстанда АЭС салуы мүмкін

Мұнай-газ саласындағы тәуелсіз сарапшы Дінмұхаммед Құдайбергеновтің пікірінше, алдағы 7-10 жылда екі ел арасындағы сауда саласы аса өзгере қоймайды. Алайда әлемде көміртегіге тәуелділікті азайтуға бағытталған халықаралық күн тәртібін ескерсек, бірқатар өзгеріс болуы да ықтимал.

«Қазіргі энергетикалық халықаралық күн тәртібі сақталатын болса, Қазақстанның экспорты азаятыны түсінікті. 2021 жылы жалпы сыртқы сауданың 40,2%-н көміртегі шикізаты құраған еді», деді Дінмұхаммед Құдайбергенов Kazinform сарапшысына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, екі ел арасындағы ықпалдастықты кеңейту әлеуеті өте жоғары, оны бірнеше бағыт бойынша қарастыруға болады, соның бірі - ядролық сала.

Франция – ядролық держава. Қолданыстағы ядролық реакторлар саны бойынша ел әлемде екінші орында – барлығы 56 энергоблоктың жалпы қуаты 61,4 ГВт. Осының арқасында Франция атом электр стансалары (АЭС) өндіретін электр энергиясының үлесі жөнінде әлемде жетекші елге айналып отыр. Атом энергетикасы елдегі электр энергиясының 70,6 %-н шығарады.

Бұдан бөлек, Франция осы салада зерттеулер жүргізеді, реакторлар шығару, отын өндіру және кәдеге жарату бойынша технологиялары бар. Халықаралық эксперименталдық термоядролық реактор да осы елде салынып жатқаны бұған дәлел. Сондықтан Қазақстанда АЭС салу жөніндегі әлеуетті әріптестердің тізімінде Францияның болуы кездейсоқ емес.

Франция үшін де бұл тиімді, өйткені АЭС-ке отын ретінде қолданылатын табиғи уран қоры жөнінен Қазақстан әлемде екінші орын алады. Дүниежүзілік ядролық қауымдастық (WNA) мәліметі бойынша, 2021 жылы Қазақстанда табылған және өндірілген уран ресурстары 815 200 тоннаны құраған, бұл әлемдегі барлық уран қорының 12%-ы. Сондай-ақ 2009 жылы еліміз уран өндіру бойынша әлемде бірінші орынға шықты және бүгінгі таңда да жетекші орыннан түспей келеді. Әлемдегі уран өндірісінің 40%-н Қазақстан шығарады.

Дінмұхаммед Құдайбергеновтің пікірінше, Франциямен ынтымақтастық перспективасы «жасыл» күн тәртібіне негізделуі тиіс. Өйткені 2025 жылдан бастап Еуропалық одақ трансшекаралық көміртегі салығын енгізеді.

«Қазақстанның металл экспортын арттыруға жақсы мүмкіндігі бар. Бірақ бұл шикізат тауары да 2025 жылдан бастап шектеу шараларына ұшырайды, яғни оған ЕО жаңа трансшекаралық көміртегі салығын салады. Демек Франциямен ынтымақтастық перспективасында қазақстандық экспорттаушылар шикізат тауарларының қазіргі көлемін сақтап қалып, оны арттыруға мүдделі болса, бірінші кезекте, «жасыл» экономика мен «жасыл» металлургияны енгізуге, күшейтуге екпін қою қажет», дейді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшының пікірінше, екі ел басшыларының кездесуінен кейін титан экспорты артуы мүмкін, ол металға Францияның ұшақ жасау саласында сұраныс жоғары. Қазақстан ірі титан жеткізуші елдердің бірі саналады. Маманның мәліметі бойынша, бұл салада қарым-қатынас дамитын болса, ол еліміздің өңдеуші өнеркәсібіне серпін береді.

«Франция Қазақстаннан шыққан титанды тұтынушы ТОП-5 ел қатарына кіреді, 2021 жылы оның үлесі 20 %-ға дейін жетті. Бұл металды күрделі өңдеу әдісіне көшу осы салаға француз инвестициясын тартып, отандық өңдеуші өнеркәсіпке сапалы серпін беруі мүмкін», деген болжам жасады Дінмұхаммед Құдайбергенов.

Бұдан бөлек, сарапшының айтуынша, Қазақстанда фармацевтикалық өнім мен электр машиналарын жасау салаларында өндіріс орындарын құру үшін еліміздің үкіметі мен бизнесіне қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру қажет.

Айта кету керек, 2021 жылы екі ел арасында Қазақстан-Франция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі жол картасына қол қойылды. Бұл Эмманюэль Макронның бастамасы еді. Ал Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Францияға сапары барысында жалпы сомасы $3 млрд болатын 25 құжатқа қол қойылған.