Қоғам • 01 Қараша, 2023

Нәтижелі жұмыспен қамтуда нәтиже бола ма? – депутат

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәжілістің  жалпы отырысында  Нұрлан Әуесбаев  Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдап, жұмыспен қамтудағы жүйесіздік жайын қозғады.  Жыл сайын  нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту үшін қыруар қаражат жұмсалғанын, алдағы уақытта да  қомақты сома бөлінетінін айтты.

Нәтижелі жұмыспен қамтуда нәтиже бола ма? – депутат

Фото: mazhilis_kz

«2024-2026 жылдарға 6 миллиард теңге көзделсе,  әр жылға шаққанда  2,9 миллиард теңгеден болып отыр.  Бағдарлама шеңберінде қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындарын ашу қолға алынған.  Бұл жұмыс орындары тек қысқа мерзімдік қана. Ал ұзақ уақытқа жұмыспен қамтамасыз етуде ахуалды жасқартпайтыны мәлім. Сондықтан қысқа мерзімдік жұмыс орны үшін деп бюджеттен осындай қаражат бөлу қаншалықты тиімді?», деді Н.Әуесбаев.

Депутаттың сауалына жауап қатқан  Премьер-министрдің орынбасары  биыл елімізде 20 өңірлік жұмыспен қамту картасы  іске асырылғанын жеткізді. Соның негізінде жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарына, бос жұмыс орындары және мемлекеттен субсидия бөлінетін жұмыс орындарына азаматтарды тарту қолға алынғанын атап өтті. Жұмыспен қамтуға қатысты  бюджеттен бөлінетін қаражат есебінен  мемлекет әлеуметтік  осал топтар  мен жастарды жұмысқа орналастыру бағытына ғана субсидия бермек.

«Жастарды жұмыспен қамтуда жұмыс орындарына субсидия бөлудегі мақсат – олардың тәжірибе жинап, шыңдалып, өз мамандығы бойынша біліктілігін арттыруына күш салу. Соның нәтижесінде олардың тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндігі артады», деді Т.Дүйсенова.

Үкімет басшысының орынбасары еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сүйеніп, елде жастарды жұмыспен қамтуды субсидиялау арқылы 189 мың жұмыс орны ашылғанын атап өтті. Оның ішінде 139 мың орын жастарға тиесілі екен.  Сондықтан да уақытша жұмыс орнын ашу үшін бөлінетін  қыруар қаражат желге ұшпайды. Себебі  мыңдаған жасты  тұрақты жұмыспен қамтудың баспалдағы осы болмақ көрінеді.