Сұхбат • 01 Қараша, 2023

Серік ӨМІРБЕКОВ: Алдамшы өмірде адасып кету оңай

6029 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазіргі жастар Серік Өмірбековті білмеуі де мүмкін. Бірақ аға буын өкілдері осы шомбал жігіт өткен ғасырдың 80-90-жылдары шаршы алаңды шайқағанын әлі де ұмыта қойған жоқ. Ауыр және аса ауыр салмақта жұдырықтасқан қазақтың өр мінезді ұлы өзінен әлдеқайда ірі қарсыластарын кескен теректей сұлатып салғанына біз де сан мәрте куә болдық. Таяуда бокстан КСРО чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Серік Өмірбековпен жолығып, тартымды бір әңгіменің тиегін ағытқан едік.

Серік ӨМІРБЕКОВ: Алдамшы өмірде адасып кету оңай

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

– Мен Жамбыл облысы Жаңатас қала­сының тумасымын, – деп бастады  әңгімесін Серік ағамыз. – 1965 жылы дүниеге келдім. 8-сынып оқып жүрген кезімде Әбдімұрат Ахметұлы жетекшілік ететін үйірменің табалдырығынан аттап, бокстың қыр-сырына қанықтым.

– Алғаш рет республикалық деңгей­дегі жарысқа қатысқаныңыз есіңізде болар?

– Әрине, есімде. Бұрынғы Целиноград, қазіргі Астана қаласында дүбірлі доданың шымылдығы түрілді. Ол кезде мен небәрі 16 жастағы бозбаламын. Бапкерім еш кідірместен ересектер дуына қосты да жіберді. Есілдің жағалауындағы жарыстың жартылай финалында атақты Александр Апачинскиймен жұдырықтастым. Оның бүкілодақтық жарыстарда жүлде алып, бірнеше мәрте ел чемпионы атанғаны бар. Кейіннен Апачинский жаттықтырушылық қызметке ден қойып, Қазақстанның даңқты боксшысы, Олимпия ойындарының же­ңімпазы, Вэл Баркер кубогінің ие­гері, кәсіпқойлар арасында әлем чемпио­ны Василий Жировты тәрбиеледі. Ол кезде Александр 28 жаста еді. Сақа спортшыдан ұпай санымен ұты­лып, аталған турнирді қола медальмен қоры­тындыладым. Қазір ойлап қарсам, сол кезде бапкерім менің мінезім мен жүрегімді тексеру үшін осындай сынаққа салған екен ғой. Сол сынақтан мүдірмей өттім деп ойлаймын.

– Елішілік жарыстарда өз қатар­ласта­рыңыздың алдын орап, қырағы ма­мандардың назарына ілігу қанша­лықты қиын болды?

– Алғашында жасөспірімдер арасында Қостанайда ұйымдастырылған ел біріншілігіне қатыстым. Шыны керек, ересектермен күш сынасып, үлкен тәжірибе мектебінен өткеннен кейін өз құрдастарымды аса менсіне қоймадым. Сол жарыста қарсыластарымның бар­лығын сыпыра ұтып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бұл жеңіс мені қанат­тандырды. Сол екпінмен 1982 жылы Кишенев, 1984 жылы Каунаста өткен КСРО-ның жасөспірімдер мен жастар біріншілігінде алтын тұғырға көтерілдім.

– Жалындап тұрған 20 жасыңызда Иваново қаласында өткен Кеңес одағының абсолютті чемпионатына қатысып, қола медаль иелендіңіз. Бұл сіздің ересектер арасындағы ал­ғашқы қомақты табысыңыз ғой?

– Оның алдында Германияның Гал­ле қаласында жалауы желбіреген «А» сана­тындағы турнирдің жеңімпазы атанғаным бар. Ал Ивановода 91 және +91 кг салмақтағы боксшылар бір-бірі­мен жұдырықтасып, абсолютті чемпионды анықтады. Жартылай финалда менің жолым Әлем кубогі мен Еуропа чемпионатының жүлдегері, Ізгі ниет ойындарының жеңімпазы чешенстандық Рамзан Себиевпен қиысты. Негізі мен оны жеңген едім. Бірақ төрешілер әділдікті белден басып, қарсыласымның қолын көтерді.

– КСРО-ның ресми чемпионаттарында қол жеткізген табыстарыңыз қандай?

– 1989 жылы Бішкекте өткен Кеңес одағы чемпионатында 91 кг салмақта сынға түсіп, қола медальды  мойныма ілдім. Сол жарыста Михаил Юрченконы 5:0 есебімен ұтып, Игорь Шишкинді үшінші раундта ұрып жықтым. Ширек финалда КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы, екі дүркін Одақ біріншілігінің жүлдегері мәскеулік Александр Золкинді жолымнан ығыстырып, жартылай финалда кейіннен әлем және Еуропа чемпионататында жүлде алған Евгений Судаковпен жұдырықтастым. Негізі оны да жеңген едім. Бірақ төрешілер жеңісті жергілікті боксшыға берді.

– Келесі жылы Украинаның Луцк қаласында өткен жарыста сол көр­сет­кішті қайталадыңыз ғой?

– Луцкідегі жарысты да сәтті бастап, жартылай финалда тағы да Шишкинмен кездестім. Екеуміз жерлес болғандықтан, қарым-қатынасымыз жақсы еді. Бірақ әр бапкер өз спортшысының жеңіске жет­кенін қалайды. Сол себепті де оған әдіс-тәсілмен қоса, құлық-сұмдықтың да сан алуан түрін үйретеді. Үзіліс кезінде Эдуард Матросов «Ашық айқасқа барсаң, шойы­н жұдырықты қазақты жеңе алмайсың. Одан да айлаға жүгінгенің жөн» десе керек, екінші раундта Игорь бас бармағын көзіме тығып алды. Басым айналып, мең-зең болдым да қалдым. Лезде көз алдымда үш-төрт Шишкин пайда болды. Сәл есімді жиып алғаннан кейін қарқынымды қайта күшейттім. Оның басы мен бүйірін нысанаға алып, ауыр-ауыр соққылар жұмсадым. Қарсыласым тек қорғанумен уақыт өткізді. Жекпе-жек аяқталғаннан кейін төрешілер біразға дейін жеңісті кімге берерін білмей, әбігерге түсті. Олар бес минуттай ақылдасты. Сол жолы Матросов әрі-бері жүгіріп, өз шәкіртіне жеңісті жа­лынып, жалбарынып жүріп сұрап алғандай болды. Сонда Матросовтың ұсақ­тығы мен арамза төрешілердің арсыз әрекетіне күйген едім.

Луцкідегі жарыстан кейін қатты күйзе­ліске түстім. Жүйкемнің сыр беруі салдарынан бір жақ бетім істемей қалды. Жағым қисайып, көзім мүлде жұмылмады. Содан бірер ай ем-дом қабылдадым. Жағдайым жақсара қоймағаннан кейін танымал бапкер Юрий Цхай мені экстрасеансқа апарды. Олар «Жағдайың өте қиын. Саған әлі бірер жыл емделу керек. Әйтпесе, өлім мен өмірдің арасында тұрсың» деп әбден зәремді ұшырды. Жан керек болған соң айтқандарына көндім. Сөйтіп, нағыз жалындап тұрған шағымда сүйікті ісімнен қол үзіп қалдым. Уақыт оза бұл өлімге апаратындай аса бір қатерлі дерт емес екенін білдім. Менің орным біреуге керек болғаннан соң арқа сүйеген ағаларым осындай әрекетке барған екен. Бір сөзбен айтсақ, олар мені алдап соқты. Ал сол аралықта Михаил Юрченконың тасы өрге домалап, талай жарыста жүлде алды. Тіпті 1996 жылы Атланта Олимпиадасына да барып қайтты.

– Сіздің Михаил Юрченкодан жеңіл­ген кезіңіз бар ма?

– Мишадан мен ешуақытта жеңілген емеспін. Керісінше, кездескен сайын оны жақсылап тұрып сабайтынмын. Бәсеке барысында сұлатып салмасам да, талай рет нокдаунға жібердім. Юрченкомен айқасқанда ойымдағы соққылардың бәрін өткізетінмін. Ал жаттығу барысында бапкерлер «Юрченконы қатты ұрма. Ауыр салмақта ертең сенің орныңды басатын ешкім жоқ. Қарақан басыңды ғана емес, ел боксының ертеңін де ойласаңшы» деп жалынғандай болатын. Егер өтірік айтып, мақтанып тұр деп ойласаңыздар, сол кезде республикамыздың бас команда сапында болған бапкерлер мен боксшылардан сұрап көріңіздер. Сол жігіттердің көбінің көзі тірі ғой.

– Аға, оған еш күмәнданбаймыз. Ал бокстан қол үзгеннен кейін қандай кәсіппен шұғылдандыңыз?

– Тоқсаныншы жылдардың басында аукциондар өткізіліп, түрлі кәсіп­орындар сатылымға қойылды емес пе. Сол ар­қылы мен Жаңатастағы нан және сүт за­уыттарын иелендім. Зауыт деген дардай аты болғанымен, қажетті құрал-жабдықтардың сау-тамтығы жоқ. Кәдеге жарайтын ештеңе қалмаған. Бұрынғы қожайындары бәрін тонап кеткен. Ауылда Әбен деген жиен ағам болған. Марқұмның қолы алтын еді. Екеуміз, тағы басқа туған-туыстарым бірігіп, соның барлығын қал­пына келтірдік. Сөйтіп, зауыттың жұ­мысын жолға қойдық.

– Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жерлестеріміздің аса ірі халық­аралық додаларға еш кедергісіз қаты­суына мүм­кіндік туды. Бірақ сіз көпке дейін көрермендер назарынан тыс қалдыңыз. Сонда шаршы алаңға қай кезде қайта оралдыңыз?

– Бес жылдан соң былғары қолғабымды қайта кидім. Ондағы мақсатым 1996 жылы Атлантада алауы тұтанатын Олимпия ойындарында атой салу еді. Сол жоспарды жүзеге асыру үшін аянбай тер төктім. Салмағым 118 кг тартатын еді, оны 91 кг-ға дейін түсірдім. Қысқа ғана мерзім ара­лығында бақандай 27 кг қууға тура келді. Артық салмақтан арылу үшін Алматыдан тау асып, Ыстықкөлге дейін жаяу бар­ғаным бар. Содан Бішкектегі бәсекеде топ жарып, Қостанай мен Швециядағы жарыстарда бас жүлдені олжаладым. Бірақ бәрібір де ұлттық құрама бапкерлерінің маған іші жылымады. Қара жер хабар бермесін, Әбдісалан Нұрмахановтың өзі «Юрченко мен Досановты ұрып жықсаң да, мен сені Олимпиадаға апармаймын» деп кесіп айтты. Ағамыздың бұл сөзі маған ауыр тиді. Амалдың жоғынан, Қыр­ғызстанның атынан іріктеу турниріне қатысуға тура келді. Ол жерде төрешілер мені тағы да Михаил Юрченкоға «жығып» берді. Сонда менің өнеріме риза болған республикалық федерацияның президенті, АИБА-ның бірінші вице-президенті Бекет Махмұтов осы саланың басы-қа­сында жүрген азаматтарға «Осындай қазақ­тың бар екенін маған бұрын неге айтпағансыңдар?» – деп біраз шүйлігіпті.

– Дәл сол кезде Мұхтархан Ділдә­бе­ковтей дарынды жігіттің жұл­дызы жарқырай жанып келе жатқан еді. Сол саңлақпен жолыңыз қиысты ма?

– Мен шаршы алаңды шайқап жүргенде Мұхтархан әлі жұлдыз бола қоймаған. Оның туған ағасы Ерханды жақсы танитынмын. Бірде ол «Менің технологиялық институтта оқитын інім бар. Өзі көкпар тартады. Соны «боксқа, әлде күреске берсем бе?» деп бас қатырып жүрмін. Сенің ойың қалай, қай бапкерге табыстағаным дұрыс?» деп ақыл сұрады. Мен «Шымкентте Нұрғали Са­фиуллинге жететін жаттықтырушы жоқ. Соған бергенің дұрыс» – дедім. Сөйтіп, Мұх­тархан боксқа келді. Кейде жаттығу залында екеуміздің жолымыз қиысатын. Боксқа енді ғана келген жігітті бірден төмпештемейсің ғой. Мен оған бар білгенімді үйреттім.

Бірде Ерболат деген боксшы досым «Жаңа ғана Ерхан екеуміз даула­сып қалдық. Ол «Інім Серікті сабап тастайды» дейді. Мен керісінше, «Мұхтарханның оған шамасы жетпейді» дедім. Кімнің мықты екенін дәлелдеу үшін екеуін жекпе-жекке шығарсақ қалай қарайсың?» деп сұрақты төтесінен қойды. Бұрыннан араласып жүрген жора-жолдастарым болғаннан соң мен де еш қымсынбай «Шық десе, шыға салатын мен ит емеспін ғой. Бәстескен екенсіңдер, онда бәске қомақты жүлде тігіңдер. Сонда ойланып көруге болады» деп тіл қаттым. Ербо­лат еш кідірместен «Аулада джип тұр. Жеңсең, сол көлік сенікі», деді. Екеуміз қол алыстық. Арада біраз уақыт өткеннен соң Мұхтархан Ділдәбеков екеуміз Шымкентте шы­мылдығы түрілген Серік Қонақбаевтың жүлдесі үшін турнирде жолықтық. Ол кезде мен 31 жастамын, Мұхтархан 20-дан енді асқан. Қанша дегенмен, Кеңес ода­ғының шынығу мектебі мықты ғой. Бұл бәсекеде мен Мұхтархан бауырымды еш қиналмай жеңіп, жол талғамайтын көлікті тізгіндедім.

– Үлкен спорттан қол үзгеннен кейін немен айналыстыңыз? Қазіргі қыз­ме­тіңіз қандай?

– Жаныңда жөн сілтеп, ақыл айтатын жанашыр ағаларың болмаса, алдамшы өмірде адасып кету оп-оңай екен. Мен де өз жолымды таба алмай біраз қиналып қалдым. Алтын уақытымның көбі зая кетті. Бірақ бірер жылдан кейін спорт саласына қайта оралдым. Қазіргі кезде өзімнің туған жерім Жаңатаста жаттықтырушы болып еңбек етемін. Сонымен қатар Жам­был облысы жекпе-жек федерация­сында аға жаттықтырушы қызметін қоса атқарып жүрмін. Бір сөзбен айтсақ, атал­ған ұйымның президенті, атақты кикбоксшы Сабыржан Махметов ағамыздың басшылығымен ата-бабамыздан кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған қазақтың жауынгерлік өнерін өркендетуге барынша атсалысып жатқан жайым бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»