Мәселен, Оралхан Бөкейдің «Қар қызында» жолға шығып, ажал аузынан қайтқан үшеу. Олар бейбіт күнде қалжыңы жарасқан құрдас қана емес, жанаяспас сыралғы достар. Солай бола тұра, бір-бірін жете танымаған үш достың бетпердесін ажал сыпырмай ма? Басқа уақытта адам баласының болмысы бүркеулі, жасампаз қалып танытады. Ал жеме-жемге келгенде, түпсана билейді. «Қар қызы» шығармасында Алтайдың аппақ қыс айдынына сүңгіген үшеу ажал қойнауының табалдырығында әуелі Қоңқаймен кездеседі. Қоңқай кім еді? «Қоңқай орталарыңда, Қоңқай жер шарының түкпір-түкпірінде, Қоңқай... әркімнің қарақан басында, лүпілдеп соққан жүрегінде, өз шыққан тауым биік болсын дер тілегінде. Тек қана бір-бірінен жасқана жасырады», дейді сол Қоңқайдың өзі. Бұл Қоңқайдың ашу-ызадан туған өз шындығы десек те, кімді болсын ойландыруға тиіс үзінді. Ішіндегі үлкен, кіші Қоңқайын жеңіп ұстағандар шын бақытты. Жолы ауыр болса да дүниедегі тепе-теңдікті ұстап тұрған солар. Нұржанға сөз арасында «жүрегіңде махаббат бар екен, жолың ауыр, өмірің азапты болады» демей ме сол Қоңқай. Демек, бұл жолға ол адасып түспеген, ақылы жетіп таңдау жасаған. Ал ішін Қоңқайы жеп қойғандар ше? Үндінің ескі сенімдерінен туған аңызда адам ішінде ақ және қара қасқыр өмір сүретіні туралы айтылады. Бала жастан қайсысын көп тамақтандырасың, сол екіншісін жеп тынады дейді екен. Әрине тек қарасын тамақтандырса, ол әбден семіргенде ақ қасқырды ғана емес, кісінің өзін де жеп тынады. Соған айналып шығасың. Демек, тағдыр таңдауы өзіңе байланысты. «Сақылдап күліп тұрды да, бір уақытта өз-өзінен бұлқынып, үстіндегі киімін асығыс шеше бастады. Алғашында Нұржан қалжыңдайтын шығар деп мән бермеді де тонын, сонан соң пиджагын шешіп, енді көйлегін сыпыра бергенде ұстай алды.
– Аманжан деймін, не болды саған?!
– Ештеңе емес, ана қараңдаршы, костер жанып тұр... Фу, атаңа нәлет... ыстықтадым, – деп Нұржанның қолынан жұлқынып шығып, секіріп билей бастады. – О, жарықтықтың лапылдауын-ай... Келіңдер қане, отты айналып армансыз бір билейік, достар. Лаула костёр! Лаула қар үстінде жанған от!
– Сақ-сақ күліп, ырғып ойнай берді. – Сендер де шешініңдер! – Ұстайық, – деді Нұржан. – Ұстап алып, денесін қармен ысқыламаса болмайды. – Ұстай алмайсыңдар, – деді Аманжан мазақтап. – Айналайын жарық от? Күйдірші? Өртеші! Өртеп жіберші, анау қар бетінде қаптаған қара мысықтарды – (екі жігіттен бастап санайды)... бір мысық, екі мысық, үш мысық, мың-миллион мысық... Жер бетінің бәрі мияулаған мысықтар...» Үсік шалып, көзіне ажал көрінген Аманжанның бұл сандырағы ақырында түпсанаға жол ашады. Оның туабітті болмысы осы жерде ашылады: «Бұға берсе – сұға беруге әбден үйренгенсіңдер, – деді қарға шырт түкіріп. – Ал енді тырп етіп көріңдерші. Ең әуелі екеуіңді, содан соң өзім қан болайын. – Қалтасынан бәкісін суырып алды. Екі жігіт шошына қарап қалған. Басқа-басқа, дәл осыны күтпеп еді. Бір жасынан бірге өскен дос, замандас, ағайындас... тағысын, тағылар – бәр-бәрі быт-шыт, бәр-бәрі бекер, әншейін қайғы-мұңсыз ерігіп жүргенде айтылар шартты ұғым екеніне Нұржанның көзі тұңғыш рет жеткен еді. – Надоели вы мне, надоели! – деп кеңірдегін созып бақырған Аманжанның өрескел үні оның ойын бұзды. Бұлардан сәл биікте, шынжыр табанда тұрған оның көзі от шаша бағжаң еткенде, Нұржанның алдында бірге өсіп, біте қайнасқан жан досы емес, Қоңқай шал тұрғандай жүрегі дір ете қалды. – Вот так надоели мне все люди. Все человечество!» деген Аманжанда не жақсы, не жаманын айыратын сана бар. Қолынан таңдау жасау келеді. Бірақ ол ойланып та жатпай, шығарма соңында Қоңқай асуын бетке алады ғой. Сонда әлгі жылқышы қызға ғашық жүрегі қайда қалды? Құдай санасына сәуле түсірмеді емес, түсірді. Мәселе таңдауда сияқты... Қалай десек те, Қоңқай асуына кеткен оны өзіне оралды деп айта алмаймыз.
Естеріңізде болса, Оралхан шығармасында сақ-сақ еткен тағы осындай күлкі «Сайтан көпірдегі» Аспанның ажалмен арпалысында да кездеседі. Аспан бірақ ізгіліктің асыл рухы. Қоңқайға қарама-қайшы ақ-адал бейне. Бұл жерде айтпағымыз автордың адам жанына үңілгені туралы. Ажал алдында адамзаттың бет-бейнесі ашылатыны. Өмір бойы қазақылықтан алдына жан салмаған Нүрке кемпірдің өзі ажал сағаты соққанда, сандығының түбіндегі иконасын кеудесіне қысып өледі. «Сүтпен енген мінез сүйекпен шығады» десек те, екі аралықтағы өмір сана-сезімнің жемісі.
Қақыңды Қоңқай жеп кеткенше ғана адамсың.