Осындай шығармашылық үрдістің негізінде түркі әлемінің астанасы саналатын Түркістан қаласында облыстың құрылғанына 5 жыл толуына арналған халықаралық көше театрларының фестивалі өтті. Елімізде алғаш рет болған мәдени іс-шараны Түркістан облысының әкімдігі қолдап, облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырды. Жоғарыда айтып өткен көше театрының түрлері мен бағыттары жөнінде фестивальдың алғашқы күнінде болған дөңгелек үстелде өнертану докторы, профессор Бақыт Нұрпейіс өзінің баяндамасында жан-жақты талдап берді.
Шығармашылық сайысқа қатысқан Қ.Медетбеков атындағы Талас облыстық музыкалық драма театры (Қырғызстан), Б.Юлдашев атындағы «Дийдор» жастар эксперименталды театр студиясы (Өзбекстан), Бурса муниципалитетінің қалалық театры (Түркия) және қазақстандық ұжымдар: А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры, Р.Сейтметов атындағы Түркістан қаласының музыкалық драма театры, Түркістан музыкалық драма театры, Сайрам аудандық қазақ халық театры, Ордабасы аудандық Мәдениет үйінің жанынан құрылған «Темірлан» халық театры, Сауран аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Қарашық» халық театры, Шардара аудандық Мәдениет сарайы, «Керуен сарай» ойын-сауық орталығы, Шымкент циркі өздерінің ізденістерін сарапқа салды.
Фестивальдың ең алғашқы қойылымы қырғызстандық ұжым ұсынған «Мәңгүрт» спектаклі болды. Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романынан жасалған сахналық жүйенің оқиғасы Найман ана мен Жоламанның желісіне құрылған. Бұл жерде мәңгүрттік тақырыбын қаузаған сахналық жүйе авторы әрі режиссер Нұрбек Урматжанұлы дәл қазіргі смартфонға тәуелді ұрпақ санасының адамгершілікке, гуманизмге емес, керісінше ойсыздыққа, қатыгездікке, мейірімсіздікке бағытталып жатқанын ашық айтады. Мұнда бүгінгі гаджетсіз, құлаққапсыз өмір сүре алмайтын қоғамның болашағына алаңдаушылық бар. Ал өзбек ағайындар көрсеткен «Майсараның айласы» қойылымында (авт. Х.Ниязи, реж. Б.Юлдашев) жесір әйел Майсара бірін-бірі ұнатқан Чубон мен Ойхонның қосылуы үшін сұлу қызды түрлі айламен судьядан, Хидояттан, Ходжи Даргадан құтқарады. Түрлі айламен қызға қол жеткізуді армандап келгендердің бірін өгіздің терісіне орап, біріне әйел киімін кигізіп, енді бірін жәшікке тығып, ақыры шынайы махаббаттың салтанат құруына ықпал етеді. Жалпы, бұл спектакль қызу темпо-ритмімен, комедия жанрына тән жарқын атмосферасымен, жас орындаушылардың еркін әрі шынайы өнер көрсетуімен, жарқыраған киім үлгілерімен есте қалды.
Түркиялық өнер ұжымының Н.Тетиктің пьесасы бойынша сахналаған «Медда, адамның хал-күйі» спектаклінде де жанрға байланысты комедиялық сарын бар. Спектакльдің экспозициясында және кейбір көріністерінде баяндаушы оқиғаның не туралы екендігін айтып, қысқаша түсініктеме беріп тұрады. Мұнда да қызына құда түсіп келген жігітті өзіне келді деп ойлаған әйелдің әрекеті күлкі тудырады. Алайда сахнада осы оқиға бастан-аяқ әрекет пен диалогтер арқылы беріліп отырғандықтан баяндаушы түсініктемесінің қажеттігі байқалмады. Осы ретте спектакльдегі оқиғалар желісінің көрерменге түсінікті болуы үшін қазақ және орыс тілдеріне аударылған қысқаша аңдатпаның қажеттігін айтқымыз келеді.
А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының аталған фестивальға арнайы дайындықпен келгені көрініп-ақ тұр. Идея авторы әрі режиссері Мәлік Ақүрпеков өзінің «Суретші» деп аталатын шағын ғана шығармасына ХІХ ғасырда өмір сүрген француз суретшісі Жан-Леон Жеромның «Шындықтың құдықтан шығуы» атты туындысын негіз етіпті. Суретшінің рөліндегі Жандос Ілиясбековтің сұрақ қою арқылы көрерменмен байланысқа түсуін ұтымды әдіс деп білеміз. Спектакльдің оқиғасына төрт желі арқау болған. Біріншісінде көз тұсын ақпен, бетінің одан төменгі бөлігін қарамен және керісінше, көзінің тұсын қарамен, одан төменгі бөлігін ақпен бояған екі кейіпкер құдыққа түседі. Бұл жерде ақиқатты құдыққа түсуге мәжбүр етіп, сол ақиқаттың киімін киіп алған жалғанның жасандылықпен арамызда жүргеніне куә боламыз. Одан кейін шыққан екі орындаушы беттерін жартылай ақпен, жартылай қара түспен бояған. Бұл дегеніміз – адам баласының екіжүзділігі. Үшінші көріністе махаббаттың тұрақсыздығымен жүздесеміз. Өзін күтіп тұрған сүйгенінен бөлек өзге жігітпен кездескен қыз сезімінің жалғандығы ойландырады. Ал төртінші көріністе екі достың қарым-қатынасындағы жалғандық, жасандылық көрінеді. Жалпы, аталған қойылымда режиссер адам өмірінде адалдықтан гөрі зұлымдықтың жеңіске жететінін айқара ашып көрсете алды. Сондай-ақ Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай» комедиясынан үзінді көрсеткен Түркістан музыкалық драма театрының әртістерінде пластика, дауыс ырғақтарының әсем иірімі бар. Флешмоб бағытында ұсынылған қысқа ғана музыкалық композициядан ұжымның кәсіби бағдарын байқау қиын емес.
Жетісай театрының «Дара жол» атты театрландырылған қойылымы болса сақ тайпасының патшайымы Томиристің еркіндік жолындағы ерлігін баяндайды. Сахналық жүйе авторы әрі режиссер Жамбыл Файзиев сол дәуірдегі жауынгерлердің ерлігін көрсету мақсатында дүңгірлеген дыбыс пен сахналық түтінді пайдаланады. Дегенмен басты рөлдегі Бақтыгүл Қалдарбекованың да, төңірегінде ел қорғап жүрген жауынгерлердің де жүздерінен отаншылдық рух, патриоттық сезім байқай алған жоқпыз. Орындаушылардың сылбыр ойыны мен жаттанды сөздері ғана орын алған қойылым небәрі он бес минутқа құрылған. Алайда әскерлер биінің тым ұзақтығынан және әрекеттен гөрі сөздің басымдығынан шығарманың мәні айқындалмай қалды.
Ал түркістандық Р.Сейтметов атындағы ұжым хакім Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің негізінде «Қалың елім, қазағым» деп аталатын спектакль алып келіпті. Алайда Абай мен Тоғжанның сезімдері ғана көрсетілген қойылым атауына сай емес. Сол сияқты Абайдың Тоғжанға он бес-он алты жасында ғашық болғандығы барлығымызға белгілі. Ал мұнда рөл орындаушылар кейпінің кейіпкерлердің жасына сәйкес келмейтіні анық көрінді. Жалпы, көше театрларының қойылымы үшін сөз маңызды емес, керісінше қызу әрекет, қарқынды қимыл-қозғалыс, мимика, музыка, суырыпсалмалық өнер, актердің сыртқы көрінісі, яғни оның костюмі басты орында. Сол тұрғыдан алғанда бұл ұжымның спектаклі ерекшелене алмады. Осы Түркістан қаласындағы Керуен сарай ойын-сауық орталығының «Қыз Жібек пен Төлеген» деп аталатын қайықтар шоуында режиссер Л.Зарембо Ғ.Мүсіреповтің шығармасындағы Төлеген, Жібек, Бекежан үштігін негізге алыпты. Бұл жерде, әрине, актерлік ойын, олардың сахналық қимыл-қозғалысы шектеулі, яғни бұл жерде ең алдымен көзге түсетіні – қайықтардың мизансценасы. Ғашықтардың кездесуінде немесе Төлеген мен Бекежанның тартысында сол қайықтар бірде қатар, енді бірде бірінен кейін бірі жүзіп, су бетінде әдемі көрініс жасайды және найза бейнесіндегі су бұрқақтар, лап еткен оттың жалыны трагедиялық оқиғаға келісті үйлескен.
Сайрам аудандық қазақ халық театры көрсеткен «Махаббат серенадасы немесе бала мен қайыршы» спектаклінде де тақырып ішкі мазмұнға сай емес. Басты кейіпкер Шәмшінің салмақты мінезін беруге тырысқанымен рөлдегі Тілеген Ормаштың бойында қобалжу, жатырқау мүлдем жоқ. Яғни ол өзін тілі, дәстүрі, өмір сүру салты бөлек ортада емес, сығандарды күнделікті көріп жүрген, бұрыннан таныстай ұстайды. Жалпы, аталған қойылымда сығандық тобырдың атмосферасы жұтаң, мінездік ерекшелік жоқ. Алайда театр өнері бойынша кәсіби білімі болмағанымен рөл орындаушылардың бейне жасауға деген ынтасына куә болдық. Академиялық білімі болмаса да өздерінің ізденістерімен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген осындай ұжымның бірі – Сауран аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Қарашық» халық театры. Олардың «Үрей» деп аталатын қойылымында араққұмарлыққа салынған адамның түптің түбінде имандылыққа бет бұруы, асырап алса да ата-анасына мейірімді баланың адалдығы айтылады.
Ал Шардара аудандық Мәдениет сарайының «Енжарлық түбі – өкініш» қойылымында режиссер де, актерлер де сахнадағы оқиғаны бірте-бірте дамытудан гөрі бірден нәтижеге қол жеткізген. Қылмыс жасаған бизнесменнің баласының теріс әрекетін жуықта ғана болған, көпшілікке әлеуметтік желілер арқылы таныс Келес ауданындағы оқушылардың төбелесін бейнеэкраннан көрсету арқылы шешкен. Сол көріністен соң Қыдырбаевтың бірден қолға түсуі көрерменін сендірмейді. Яғни режиссер техникаға сүйенген. Осы тұста Қыдырбаевтың рөліндегі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын актерлік мамандық бойынша тәмамдаған Абзал Құралбаевтың кәсіби білімінің айқын байқалғанын атап өткен жөн.
«Темірлан» халық театрының репертуарындағы «Тәуелсіздік ақ таңы» спектаклінде қоюшы Перизат Баймаханова қазақ халқының өткені мен бүгінін байланыстырады. Мүгедектер арбасында отырған жігіттің көрген түсі арқылы Абылай хан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Бұқар жыраудың жалынды сөздері беріледі. Онда ел мен жердің тағдырынан, ұрпақтың жарқын болашағынан сыр шертіледі. Мұндағы қақтығыс ағайындылардың арасында өрбиді: яғни олардың бірі – ұлтжанды, елі мен жерін сүйетін отаншыл болса, екіншісі – керісінше жаһандық дамуды аңсайды, шетелдік өркениетке еліктейді. Олардың сөз тартысынан және өмірі арбаға таңылған жігіттің күйінен бүгінгі қоғамның мүгедек халін, жастардың сан-саққа бөлінген санасын танимыз. Алайда рөл орындаушылар сөздерінің бастан-аяқ не үшін фонограмма арқылы берілгенін түсіне алмадық. Шығармашылық ұжым аузын жыбырлатумен өнер тумайтынын білмеген сияқты.
Жалпы, аталған фестивальға қатысқан шығармашылық ұжымдардың барлығы дерлік өздерінің сахналарында болып жатқан спектакльдерді даланың шағын кеңістігіне алып келген. Бұл біріншіден – елімізде көше театрының жоқтығын, мүлдем болмағанын, екіншіден – жалпы көше театрына тән ерекшелікті білмегеннен болып отыр. Яғни бұл бағыт бойынша елімізде тәжірибе жоқ. Сол сияқты драматургиялық негіздің жоқтығынан көптеген қойылым композициясының шашыраңқы болғанын жасырмаймыз. Және осы тұста алдын ала жасалған фестиваль бағдарламасында қай театрдың қандай спектакль көрсететіндігі туралы мәліметтің (автор, режиссер, композитор, т.б.) болу қажеттігін баса айтамыз. Мұны тек Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театры ғана ескерген. Алдағы уақытта аталған фестивальдың өтуі мүмкін болған жағдайда алдын ала іріктеу-саралау жұмыстарының жасалу керегін ескертеміз. Сол сияқты біз көрген қойылымдардың қорытындысы халық театрлары мен аудандық Мәдениет үйлерін кәсіби театрлармен салыстыруға келмейтінін байқатты.
Ал, жалпы алғанда, Түркістан облысы әкімдігінің әлемдік көше театрларының қалыптасу, даму жолын бағамдап, осы бағыттағы театрлардың фестивалін жасаудағы алғашқы қадамы құптарлық.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
өнертану кандидаты, Темірбек Жүргенов атындағы
Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры