Қоғам • 01 Қараша, 2023

Ұлттық өнер асқақтаған күн

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Республика күніне орай Мәдениет және ақпа­рат­ министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік филармониясында республикалық «Өнеріміз саған – Қазақстан!» атты фестиваль өтті.

Ұлттық өнер асқақтаған күн

Фестиваль мақсаты – қазақ хал­қының өнері мен мәдениетін елі­мізде тұратын этнос­тық­ топтар арасында жан-жақты насихаттау, өнер иелерінің кәсіби шеберлігін арттырып қоймай, Қазақстан халқының бірлігін, ұлт­тар достығын сақ­тау. Жамбыл атындағы Қазақ мем­лекеттік филармониясының өздері ұйым­дастырған әр байқау, әр фестивальдан кейін халыққа есеп беретін өзгеше дәстүрі бар. Сол дәстүр бойынша, фес­тивальдан кейін өнер­сүйер көп­шілік үшін арнайы гала-кон­церт ұйымдастырылды. Біз де ғажайып кеш­тің куәсі болып қайттық. Кон­церт­тің баста­луына санаулы уақыт қалғанда, филармония басшысы Ақан Әбдуәлиевті сөзге тартып, кеш туралы ақпарат та алып үлгерген едік.

– Эстрадалық заманауи әндер, дәс­түрлі халық музыкасы, ұлттық биіміз бен күй өнері, жалпылай ал­ғанда, тұтастай қазақ өнерін елімізде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне насихаттап, санасына сіңіру – басты мақсатымыз. Қа­зақ тілін, дәстүр-салтын үйрен деп күніне мың рет айтқанша, тым­ болмаса жылына бір рет қол­мен істеп, көзге көрсеткеннің нәти­жесі айтарлықтай болар еді. Сол себепті де фестиваль аясында қатып қалған қағидамыз жоқ. Бас­ты­сы, қатысушылардың бәрі тек қазақ тілінде өнер көрсетуге тиіс. Бір қызығы, қатысушылар қазақ тілінде өнер көрсетіп қоймай, қазақ тілін­де өте сауатты сөйлейді, – дейді өнер ордасының директоры.

Биыл аталған іс-шара Алма­ты­ның төрін­де­ екінші рет ұйым­дас­тырылып отыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі Алма­­ты­­да көптеген ұлт өкілі тұра­тын­дықтан әрі әдебиет пен мәде­ниеттің рухани ордасы сана­­ла­тын­дықтан, фестивальды Алма­ты­да ұйым­дас­тыру туралы шешім қабылдаған екен.

Іс-шараға еліміздегі  бар­лық этно-мәдени бірлестіктер және қазақ ұлттық өнерін жетік меңгерген этностық топ өкіл­де­рі­нің жеке және топтық орындау­шы­лары қатысты. Сондай-ақ кәсіби музыканттармен қатар қазақ өнері­нің дамуына үлес қосып жүр­ген­ өнер­­паздар да қатысып отыр. Өнер­­­паздардың бәрі де тек табиғи дауыс­та өнер көрсетті.

Кіл мықтыларды анықтау да оңайға түс­кен жоқ. Гала-концертте өнер көрсеткен қаты­су­шылар – екі бір­дей кезеңнен сүрінбей өтіп, оқ бойы оза шапқандар. Алғашқы кезең он­лайн іріктеу арқылы өтті. Әр облыстағы этномәдени орталықтардан іріктелген музы­канттар филармонияның арнайы сынынан өткен болатын.

Расымен де, кеште өнер көр­сет­кендер бір-бірінен асып түсті, тіпті олардың өнерін еш­кім­мен салыстырып, бөліп-жару­дың қа­же­ті жоқ. Оған дәлел ретін­де­ Әзер­байжан этномәдени бір­лес­ті­гінің өкілі Наргиза Касу­мо­ва­ның «Отырар сазы» оркестрінің дом­бырашыларымен жасаған күй тар­тысынан аңғардық. Жас домбырашы Абай Қойшыбаев пен Сырым Шонбаевтан қалыс қалмай, көрер­менді өнерімен тәнтті қылды.

Кеште халықтың ықыласына бөленіп жүрген, танымал әншілер де өнерін ортаға паш етті. Карина Абдуллина елдің көңілінен орын алған «Арман жолдар» әні мен халық әні «Әй-әй, бөпемді» жаңа­ша стильде шырқады. Кеште шыр­­қалған әр әннің халық үшін орны бөлек. Әр концерттік нөмір жоғары талғаммен, терең ізденіспен таңдалғаны көрі­ніп-ақ тұр. «Алатау», «Наз қо­ңыр», «Алқоңыр», «Құсни-Қор­лан», т.б. халық әндерімен қатар, Шәмшінің «Қайықта», Н.Тілендиевтің «Құстар қай­тып барады» сынды шоқтығы биік туын­­дылардың орындалғанына қарап, «Сағындырған әндер-ай» кешіне келіп қалғандай күй кештік. Жиналған қауым да әр әнге елігіп, қосылып отырды. Кеш жастардың да көңілінен шыққанға ұқсайды. Оған себеп – заманауи эстрадалық әндердің де назарға алынғаны. «Алматының түндері-ай», «Жаным сол», «Нәзік гүлім» секілді жастардың сүйікті әндерін тыңдап, мүлдем басқа кеңістікке түсіп кеттік. Жаңа мен ескінің біте қайнасып, үйлесім тапқанына іштей қуанып, фестивальдың келер жылы да жалғасын табуына тілектес болып қайттық...

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Egemen Qazaqstan» газетінің

штаттан тыс тілшісі

 

Алматы